Accessibility links

Алматыда жүріп жатқан жаңа қойылым Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына арналды

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

29 қараша күні Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына арналған «Желтоқсан желі» қойылымының Алматы қаласындағы алғашқы қойылымы болды. Журналист Серік Асылбекұлының «Бір түнгі оқиға» деген шығармасының желісіне құрылған бұл драма алғаш рет сахнада 1996 жылы қойылған екен. Ал осы туындыны театр сахнасына алып шыққан режиссер, Талдықорған қаласында орналасқан Алматы облыстық Бекен Римова атындағы драма театрдың директоры Мұрат Алшанов «Желтоқсан желі» қойылымын Алматы қаласында қоюды ұзақ жылдар бойы күткенін айтады.

«Желтоқсан желі» қойылымының режиссері Мұрат Алшановтың айтуынша, 1986 жылы Алматыда болған Желтоқсан оқиғасы оның өміріне үлкен сілкініс әкелген. Сол жылы Талдықорған қаласындағы театрда актер болып жүрген ол осы қойылымды қоюға итермелеген желтоқсан оқиғасын былайша еске алады:

- Бізге Алматыдан бір жігіттер келіп, осындай қырғын болып жатыр, алаңда қан ағып жатыр, шеруге шыққандарды қуып жатыр дегенді айтты. Осындай сөздер бізге қатты леп болып, сол жерде көзімізге жас алдық. Сөйтіп, театрдың фойесіне шыққанымызда, орыс театры бізбен бірге жұмыс істейтін, олар да балконнан қарап жылап тұр екен.

Қазақ халқының рухына, жастардың патриоттық сезіміне арнап қойылған қойылымның мазмұны туралы режиссер былай дейді.

- Бұл бір пәтердің ішінде өтетін оқиға. Қойылымда сол кездегі үрейді сыртқы терезе арқылы да, алаңдағы шерушілер арқылы да көрсетіп отырамыз. Негізінен қойылым 20 жылдыққа арналып отыр. Мұны 10 жыл бұрын алғаш қойғанымда, неге осы Алматыда қойылмайды деп армандап едім. Негізгі оқиға осы жерде болды ғой деп. Міне, енді сәті келіп отыр, - дейді Мұрат Алшанов.

Қойылымдағы негізгі кейіпкерлер Қайсар мен Ақмарал атты қазақ жастары. Қойылымда Қайсар рөлін сомдаған Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар және жасөспірімдер театрының актері Нұрлан Әлімжанов режиссердің, әсіресе Қайсардың бойынан қазақ жастарына тән барлық жақсы қасиеттерді көрсетуге тырысқанын айтады.

- Қайсар деген есімнің өзі де айтып тұр. Ол тек «алға» деп қайтпайтын және елін, жерін сүйетін патриот азамат. Сондықтан да кейіпкердің аты Қайсар деп алынды. Сонымен бірге, бұл есім алаңда бір адамдай ат салысып жүрген қазақ азаматтарының прототипі, жиынтығы, - дейді актер.

Ал Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар және жасөспірімдер театрының директоры, режиссер Талғат Теменов жаңа қойылым туралы мынай пікір білдірді.

- Мұндай қойылымдар бізге керек. Өйткені Желтоқсан оқиғасына байланысты дүниелер көп емес. Қойылымның әсіресе, біздің, яғни жастар театрынан шыққаны дұрыс болды. Өйткені сол оқиғаға негізінен студент жастар қатысты ғой, - дейді Талғат Теменов.

Театрда көпшілік көрермендердің ішінен қойылыммен аттас «Желтоқсан желі» өлеңінің әнін жазған сазгер, әнші Әбүйірбек Тынәлі де табылды. Ол биыл жасы 20-ға толып отырған өлеңді алғаш рет тыңдау Қазақстанда «Азаттық Радиосы» толқынынан ғана мүмкін болғанын айтады.

- «Азаттық Радиосының» Қиял Сабдалин деген тілшісі болған. Сол кісі радиода қолымыздағы домбыраны көріп, «не қылып жүрсіңдер» деп сұраған еді. Біз «аға, мына бір өлең бар еді, ана радиоға беріп едік, алмады, сөйтіп жолымыз болмай үйге, Жамбылға қайтіп бара жатырмыз» дедік. «Онда, азаматтар, ол әнді мен естіп көрейін» деді. Сөйтіп естіп, сол жерде өлеңге құда түсті де, үнтаспадан кішкентай ғана магнитофонға жазып алды өлеңді, - дейді сазгер Әбүйірбек Тынәлі.

«Желтоқсан желі» қойылымы 1998 жылы Тараз қаласында өткен Республикалық театрлар фестивалында бас жүлдені жеңіп алған болатын.
XS
SM
MD
LG