Accessibility links

Алматыда саяси баспана іздеуші қытай азаматы жоғалып кетті


Алматыдағы БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасында саяси баспана іздеуші ретінде тіркелген ұлты ұйғыр, Қытай елінің азаматы Аркин Ермамад Садық ұшты-күйлі жоғалып отыр. 2006 жылдың маусым айының 15-інде қазақстандық құқық қорғау орган қызметкерлері оны қылмыстық әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен қамауға алған. 4 айға созылған тергеу-тексеру жұмыстарынан кейін Қазақстанның тергеу орындары оған тағылған күдікті негізсіз деп тауып, бұл азаматты қазан айының 23-і күні босатуға тиіс болған. Алайда содан бері оның жақын-туыстары мен халықаралық ұйымның Алматыдағы мекемесі әлгі азамат жайлы ешқандай хабар ала алмай отыр.

Қазанның 23-інен бері ұшты-күйлі жоғалып кеткен ұлты ұйғыр, қытай азаматы Аркин Ермамад Садықтың тағдырына Алматыдағы БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының аймақтық өкілдігі алаңдаушылық білдіріп отыр. Аталмыш басқарма өкілдігінің басшысы Сезар Дюбон желтоқсанның 1-күні Алматыда журналистермен кездесуде былай деп хабарлады:

«Бұл азаматты қазақстандық құқық қорғау орган қызметкерлері қылмыстық әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен маусымның 15-і күні қамауға алғаннан кейін оның зайыбы БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының аймақтық өкілдігіне қайырылып, оған босқын мәртебесін беру және Қытай еліне ұстап беріп жіберуден қорғап қалу туралы көмек сұрады».

Осы өтініштен кейін БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының аймақтық өкілдігі маусым айының 28-і күні Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне ресми сұрау жолдаған.

«Ондағы мақсатымыз - бұл азаматтың босқын мәртебесін анықтау үшін онымен әңгіме жүргізу және жағдайын білу болатын. Алайда, біз онымен кездесе алмадық», дейді Сезар Дюбон.

БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының аймақтық өкілдігінің басшысы Сезар Дюбон өздеріне Аркин Ермамад Садыққа алдын-ала келтірілген күдік бойынша тергеу-тексеру жұмыстарының 4 айға созылғаны мәлім болғандығын, қолдарындағы мәлімет бойынша Алматы қаласының аудандық соты қазанның 23-і күні оған келтірілген күдікті негізсіз деп тауып, оны босатқандығын айтады.

«Алайда, содан бері жанұясы мен достары оның тағдырынан бейхабар қалып отыр. Бүгінге дейін бұл адамның қайда жүргендігі туралы нақты мәлімет жоқ. Біз ақпарат құралдары арқылы Қазақстан билігін осы іске қатысты тексеру жұмыстарын жеделдетуге шақырып отырмыз. Осы оқиғаны пайдалана отырып, Қазақстан үкіметінің назарына Қазақстан қол қойған 1951 жылы қабылданған Конвенция мен оның міндеттерін еске салғымыз келеді. Бұл оқиғаға қатысты тексеру жұмыстарының ашық болғандығын қалаймыз», дейді БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының аймақтық өкілдігінің басшысы.

Сезар Дюбон мырза жуырда өзінің Қазақстанның сыртқы істер министрімен болған кездесуі кезінде министрлік бұл мәселеге мұқият қарап, бұл адамның қайда екендігін білуге ат салысатындықтарын айтты, дейді.

Алайда, Аркин Ермамад Садықтың не себепті Қытай елін тастап, Қазақстанға келгендігі, оның қандай қылмыстық әрекеттерге қатысы барлығы әзірге жұмбақ қалып отыр.

Өздеріне пана болатын елді іздеп Қазақстанға келген өзге ел азаматтарына қатысты мұндай оиға осымен екінші рет тіркеліп отыр. Былтыр күзде Қазақстанның оңтүстігін паналап жүрген өзбекстандық тоғыз босқын да жоғалып кеткен еді. Оларды Қазақстанның заң орындары ұстап алып, Өзбекстанға бергені туралы хабарлар тараған. Алайда, сол кезде қазақстандық құзырлы орындардың ешқайсысы мұны растамаған болатын. Бірақ кейіннен әлгі босқындардың Ташкендегі түрмеде жатқаны мәлім болды.
XS
SM
MD
LG