Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.02.2006 жыл


Сенбілік баспасөз беттерінде, Қазақстанның қаржы нарығындағы ахуалға байланысты материалдар жарияланған. Сондай-ақ, басылымдарда 2007 жылдан бастап, Қазақстанда Алқа билер институты жұмыс істейтіні жөнінде сөз болады.

«Айқын» басылымы, Қазақстанда соңғы кезде тұрғындардың төлем қабілеті артып, қарапайым халық несиеге көптеп жүгіне бастағанына назар аударады. «Осы орайда Оңтүстік Кореяның тәжірибесіне жүгінуге болады. Ол елде 1997-1998 жылдары болған қаржылық дағдарыстан соң, ел үкіметі тұтынушылық несиелендіруді қызу қолдап, алғашында бұл жақсы нәтиже берген. Бірақ тұрғындардың жалпы қарызы өсіп кеткен. Ал 2004 жылдың басында жағдай қиындап, нәтижесінде тұрғындардың 10 пайызға жуығының несиені қайтару мерзімі ұзартылған. Сарапшылар Қазақстанға мұндай қауіп төнбейтінін айтады, дегенмен ескертеді», - деп жазады «Айқын».

Ал, «Литер» басылымының дерегінше, Ресейде доллар құны арзандап барады. Ал Ресей мен Қазақстанның арасындағы тығыз сауда байланысын ескерсек, бұл жағдай теңгенің нығайуына да әсер етуі мүмкін деп жазады басылым. Тіпті Қазақстан үкіметі, 2007 жылы доллар құны 110 теңгеге дейін арзандайды деп болжап отыр. Бірақ, теңге бірте-бірте нығаятын болады. Өйткені сарапшылардың пікірінше, доллардың күрт арзандауы экономикалық жағынан тиімді емес, - деп жазады «Литер» газеті.

Қазақстанның қаржы саласындағы ахуалға әлемдік нарықтағы мұнай бағасының да ықпалы жоқ емес. Осы орайда, «Экпресс-К» газеті әлемдік нарықта мұнай бағасы арзандағанын, бірақ бұл уақытша құбылыс екенін жазады. Газет дерегінше, көптеген сарапшылар 2007 жылы қара алтынға деген сұраныс күніне 1 миллион 800 мың баррельге дейін өседі деп болжап отыр. Оның ішінде АҚШ-та сұраныс күніне 300 мың баррельге, Қытайда 500 мың баррельге артуы мүмкін. Сондықтан да, таяу арада мұнайдың баррелі 65 долларға, ал келер жылы 74 долларға дейін қымбаттауы ықтимал деп жазады «Экпресс-К».

«Егемен Қазақстанның» жазуынша, Алқа билердің қатысуымен өте ауыр, соның ішінде ату жазасына дейін жаза тартуға тиісті қылмысты істер қаралады. «Статистикалық мәліметтерге сәйкес, республика бойынша ондай істердің саны жыл сайын 700-800-дей болып отыр. Мұндай істер қалыптағы тәртіппен де қаралатын болады. Ал Алқа билерге кандидаттарды облыс әкімдері жыл сайын 1 желтоқсанда 25 жасқа толған Қазақстан азаматтары арасынан ұсынады. Облыс тұрғындарының санына қарай үміткерлер 2 мыңнан 5 мыңға дейін жетуі мүмкін», - деп жазады «Егемен Қазақстан».

«Айқын» газетінің дерегінше, Алқа билер институтын қамтамасыз ету үшін артық қаржының қажеті жоқ. Дегенмен, Алқа билердің 9 мүшесі мен 2 қосымша алқа мүшесіне орын қамтамасыз ету үшін, облыстық соттардағы іс қарайтын сот залдарын кеңейтуге бір реттік қаржы жұмсалды. Бұған қоса, келесі жылдың бюджетінен алқа билеріне сотқа қатысқаны үшін төленетін қаржы қаралды. Алқа билердің жұмыс орнындағы орта жалақысы сақталады, Егер жұмыс істемейтін болса, сот істерін қарауға қатысқан кезінде оларға облыстық сот судьялардың жалақысының 50 пайызы төленетін болады, - деп жазады «Айқын».

«Казахстанская правда» басылымы, қазіргі кезде Алқа билер институтын 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізуге қажетті барлық дайындық жұмыстары аяқталғанын жазады. Атқарушы органдармен бірлесе отырып, Алқа билерге үміткерлердің тізімі жасалған. Сондай-ақ, газеттің дерегінше, Алқабилер соты – айыпталушы орындығында отырған адамның үміті. Сондықтан да, ендігі жерде сот; тек осы саладағы мамандардың жабық клубы емес, қарапайым азаматтар да әділдік орнатуға өз үлестерін қоса алады, - деп жазады «Казахстанская правда».
XS
SM
MD
LG