Accessibility links

Қазақстандағы табиғи шикізат өндіріп жатқан кәсіпорындар жариялылық бастамасына неге құлықсыз отыр?


«Мұнайдың түсіміне қоғамдық бақылау» атты коалицияға біріккен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері Қазақстанда жұмыс істейтін компаниялардың жариялылық бастамасына қосылмай отырғандығына алаңдаушылық білдірді. Аталған бірлестіктің мәліметі бойынша, Шикізат өндірісіндегі жариялылық бастамасын (Extractive Industries Transparency Initiative) Қазақстандағы екі жүзден астам компанияның тек 46-ы ғана қостаған.

Қазақстандағы шикізат өндірісіндегі жариялылық бастамасын жүзеге асыру жөніндегі Ұлттық кеңестің мүшесі Мәлік Исабеков республикадағы елуге тарта үкіметтік емес ұйымдарды біріктіретін коалиция қызметіне шикізат өндіретін компаниялар қырын қарап отырғандығын айтады.

- Қазақстанның Шикізат өндірісіндегі жариялылық бастамасына қосылғанына екі жыл болды. Ал бұл жүйенің жұмыс істей бастағанына бір жылдан асқандығына қарамастан көптеген компаниялар оны қолдамай отыр. Аталған бастаманы мақұлдамаған 166 кәсіпорындардың арасында «Теңізшевройл», «Аджип» секілді Қазақстандағы ірі шикізат өндіруші компаниялар бар. Бұл біздің жұмысымызға үлкен кедергі жасап қана қоймай, Қазақстанда жариялылықтың бар екендігіне күмән келтіреді, - дейді Мәлік Исабеков.

Қоғамдық бақылау коалициясының Атыраудағы мүшесі Әсел Нұрғазиеваның айтуынша, Қазақстандағы ірі компаниялар осы бастамаға қосылмайынша бағдарламадан нақты нәтиже шықпайды.

- «ТШО», «Аджип» секілді ірі компаниялар өздерін операторлық қызметті атқаратын компаниялар ретінде қарастырып, оған қарасты акционерлік кәсіпорындардың бұл бастамаға қосылғандығын алға тартып отыр. Алайда компанияның қызметіне қатысты нақты сараптама жасау үшін бұл жеткіліксіз, - дейді Әсел Нұрғазиева.

Сонымен қатар, мұнайдың түсіміне қоғамдық бақылау орнатуды көздейтін коалиция өкілдері компаниялар тарапынан туындаған осындай кедергілердің салдарынан жариялылыққа қатысты бағдарламаны әрі қарай дамытудың мүмкін болмай отырғандығын айтады. Ал Үкімет болса шикізат саласындағы компаниялардың қызметі ашық болғандығын қаламай отыр, - дейді Мәлік Исабеков.

- Бастаманы қолдамай отырған компанияларға не істеу керек деген сұрақты бірнеше мәрте Энергетика және минералды ресурстар министрі Бақтықожа Ізмұхамбетов мырзаға қойған едік. Компанияларға қысым көрсету тетіктеріне ие Үкімет болса таңдауды кәсіпорындардың өздеріне қалдырып отыр. Алайда коалицияға біріккен үкіметтік емес ұйымдар оң нәтиже шығару үшін министрлікке қысым көрсетеді деп сенемін.

Сонымен бірге, Үкімет дайындаған келесі жылдың бюджетінде Қазақстандағы шикізат өндірісіндегі жариялылық бастамасын жүзеге асыруға қаржы қарастырылмаған, - дейді «Салық мәдениетін қалыптастыру» қоғамдық ұйымының директоры Наталья Янцен.

- 2007 жылдың бюджеті Парламентте қаралып жатқанда біз жобада жариялылық бастамасын жүзеге асыру жағы қарастырылмай кеткендігін депутаттарға жеткізген едік. Алайда бюджет сол қалпында қабылданып кетті. Халықаралық қағидаларға сүйенер болсақ мұндай қызметті не мемлекет, не халықаралық қаржы институттары қаржыландыруы керек. Ал Үкімет болса бұл туралы халықаралық қаржы институттарымен келісімге отырмағаны анықталып отыр.

Соған байланысты «шикізаттың түсіміне қоғамдық бақылаудың» жүзеге аспай қалуы мүмкін екендігін айтады коалиция өкілдері.

«Шикізат өндірісіндегі жариялылық бастамасын» 2002 жылы Тұрақты даму жөніндегі әлемдік басқосуда Ұлыбритания Премьер-министрі Тони Блэр ұсынған болатын. Қазіргі таңда бұл бастаманы әлемнің 22 мемлекеті мақұлдады.
XS
SM
MD
LG