Accessibility links

Астана прокуратурасы жас оппозиционер Махамбет Әбжанды 7 жылға бас бостандығынан айыруды талап етіп отыр. Прокуратура өкілдері күдіктелушіні айлакерлік жасады деп айыптаса, оппозиция өкілдері бұл саяси қуғын-сүргін үдерісі деген пікірде.

Жас оппозиционер Махамбет Әбжановқа екі баппен қылмыстық іс қозғалған. Біріншісі - қаржыны жымқырып, жарату болса, екіншісі - айлакерлік. Әдеттегідей, айыптаушы ретінде сот үдерісіне қатысатын прокуратура күдіктелушіні 7 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін мемлекет пайдасына алуды және бостандыққа шыққан соң 3 жыл бойы қоғамдық жұмыспен айналыспауын талап етіп отыр. Қазақстанда өткен жылы мәслихат сайлауы болған кезде елдегі «Патриоттық жастар одағының» бірінші хатшысы Махамбет Әбжанмен бірге оппозициялық көзқарасты ұстанатын бір топ студент сайлауға қатысамыз деп, Махамбеттің есеп-шотына қаржы жинауға келіскен. Жиналған 1 миллион 200 мың теңгенің бір бөлігі сайлауға түсем деген үміткерлерге берілген. Бірақ, бір бөлігі есепшіде қалып қойған. Прокуратура қызметкерлерінің М.Әбжанға таққан айыбы да осы қаржыға сүйенеді. Жас оппозиционер Махамбеттің заңды қорғаушысы Василий Садықов болса бұл істе ақшаны заңсыз пайдалану жайты бар болғанымен, ол әдейі істелмегенін айтады. Оның үстіне, Әбжанның ата-анасы ақшаны өтеген, яғни ұрлау жайты жоқ, дейді адвокат.

Садықовтың айтуынша, осыны ескере отырып, күдіктелушіні бостандығынан айырмауға немесе айып төлеткізіп жіберсе болады, бірақ прокурор соттан күдіктелушіні 7 жылға айыруды сұрап отыр, дейді адвокат.

Сот үдерісіне жәбірленуші ретінде қатысып отырған, кезінде мәслихат депутаттығына үміткер болған Нұрдәулет Оразхановтың айтуынша, олар сол кезде депутат болуға тырысқан.

- Бірақ, ақшаны кеш бергеннен басқа шағымымыз жоқ, - дейді ол.

Ал жас оппозиционер Махамбеттің әкесі Мұратбек Әбжанның айтуынша, қаржы жұмсалуын тексеру керек деп сотқа шағым жазған Орталық сайлау комиссия мамандары да Махамбетке айып тақпаймыз деген.

- Бірақ, соған қарамастан, прокуратура айып тағып отыр, - дейді Мұратбек Әбжан.

Оның айтуынша, мұның бәрі саясатқа байланысты. Өйткені, Махамбет жастар құқықтары үшін күресіп жүргенде елдегі саяси оппозициямен байланысқаны үшін қудалап отыр, деп санайды ол.

- Бұған дейін олар заңды қорғаушының кеңесімен сот үдерісіне бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін шақырмаған. Оның үстіне бас прокуратура шу шығармасаңдар ешқандай қысым болмайды деген уәде бергенін естідік. Бірақ, алдын ала жасалатын үкімді естіген кезде бізді алдап соққандарын байқадық, - дейді Мұратбек Әбжан.

Оның айтуынша, өткен жұма күні сот ісінде үкім шығуы тиіс екен. Бірақ, журналистер келген соң, сот үдерісінде судья үкімді шығармай, кейінге қалдырыпты.

Махамбеттің әкесі Мұратбек, егер де бұқаралық ақпарат құралдары келмегенде халық Махамбеттің сотталып жатқанын білмес те еді, дейді.

Ал, желтосқанның 4-күні сот ісін қарап отырған судья, баспасөз өкілдерінің со процесіне қатысуына қарсы болған прокуратура өкілінің сұрауын қанағаттандырып, осында келген журналистер мен адам құқығын қорғаушы ұйым өкілін сот залынан шығарып жіберді,

Бақылаушылар Махамбет Әбжанның үстінен қозғалған іс бойынша сот үкімі осы аптада, бейсенбі күні шығып қалуы мүмкін деген болжам айтып отыр.
XS
SM
MD
LG