Accessibility links

Орталық Азиядағы Адам және мигранттар құқына арналған кинофестивалі басталды

  • Гүлім ЕСЕНҚЫЗЫ

Дүйсенбіде Алматыда Орталық Азиядағы Адам және мигранттар құқына арналған алғашқы фестиваль ашылды. Бұл шараның аясында қаладағы кинотеатрлардың бірінде аптаның соңына дейін Орта Азиядағы заңсыз мигранттардың тағдыры туралы 8 фильм көрсетілмек. Аймақта алғашқы рет ұйымдастырылған фестивальге Халықаралық көші-қон ұйымы ұйытқы болып отыр.

Орталық Азиядағы Адам және мигранттар құқына арналған Алғашқы Фестивальде көрермендер назарына ұсынылатын фильмдердің бірқатары осыдан 2 жыл бұрын Молдовияда көрсетілген екен. Фестивальдің Қазақстанда да ұйымдастырылып отырған себебі – миграция мәселесі осы мемлекетте де өзекті болып отырғандығынан дейді Халықаралық көші-қон ұйымының Венадағы бағдарламаларының ассистенті Фишер Элоди.

- Молдавияда арнайы шара ұйымдастырып, 100-ден астам деревнясында заңсыз миграция тақырыбына арналған фильмдер көрсеттік. Адам тасымалы, адам саудасы туралы ақпарат тереңдерге жетуі тиіс, Қазақстан үшін бұл тосын нәрсе емес. Шетелдегі жұмысқа шақырылғанда, барлық сақтық ережелерін сақтау керектігін әрбір азамат білуі тиіс.

Қазақстан атынан фестиваль аясында «Үйге апарар ұзақ жол» атты фильм көрсетілмек. Фильмнің қоюшы операторы Әубәкір Сүлеев документалды жанрда түсірілген туындының өмірден алынған сюжетке құрылғандығын айтады.

- Біз Алматының сыртындағы қалдық тастайтын жекеменшік алаңда қоқыс жинап жүрген адамдарды түсірдік. Түсіру жұмыстары айтарлықтай қиын жағдайда өтті. Өйткені, күннің шыжыған аптабында шыбын-шіркей үймелеген қоқыс жәшіктерінің айналасында жұмыс істеу мүмкін емес. Ал Орталық Азиядан осы жаққа жұмыс іздеп келген азаматтар жалданып, күніне 8 кг пластмассадан жасалған қалбыр жинап, нәпақасын тауып жүр. Осы күннің аянышты көріністерінің бірі.

Оператордың айтуынша, Қазақстанға көршілес мемлекеттерден табыс іздеп келгендердің тағдыры туралы фильмді MJ Productions студиясы қаржыландырған көрінеді. Фестиваль осы «Үйге апарар ұзақ жол» фильмімен ашылды. Қазақстан атынан көрсетілетін екінші фильм - «Арманға бастар қиын жол». Сонымен қатар, Тәжікстан, Түркия, Аустралия, Швеция, Франция режиссерлерінің туындылары да таныстырылмақ.

Халықаралық көші-қон ұйымының мамандары Қазақстанның тек қана транзиттік мемлекет емес, сонымен қатар, үлкен табыс табу мүмкіндігін беретін ел саналатынын айтуда. Көршілес Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен жұмыс күші ретінде заңсыз жолмен адамдарды тасымалдау жағдайлары жыл сайын артып келеді дейді олар.

- Жақын күндері Ақтөбеде анықталған Өзбекстан азаматтарының құлдықта ұсталған фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша сот басталмақ. Құрылыс жұмысына тартыласыңдар деп Қазақстанға әкелініп, шын мәнісінде ойын-сауық орындарының біріне жезөкшелікке арбалған бір топ әйел мен құлдыққа түскен ерлердің жағдайы туралы, осы ортадан қашып шыққан бойжеткен хабарлады, - дейді Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы миссиясының өкілі Екатерина Бадикова.

Халықаралық көші-қон ұйымы мамандарының мәліметінше, Қазақстанда 300 мыңнан 500 мыңға дейін мигранттар бар көрінеді. Олардың нақты санын анықтау әлі күнге дейін мигранттардың құқық орындарынан қашқақтайтыны себебінен мүмкін болмай отыр дейді олар.

Желтоқсанның 4-нде басталған Орталық Азиядағы Адам және мигранттар құқына арналған Алғашқы Фестиваль аясында көрсетілетін фильмдерді жасөспірімдердің көрмегені дұрыс деп санайды Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы миссиясының өкілі Екатерина Бадикова. Себебі, шын оқиғалардың негізінде түсірілген фильмдер жас психиканың қабылдауына өте ауыр тиеді деп санайды маман.
XS
SM
MD
LG