Accessibility links

«Бутя-Капитал» жекешелендіру қорының басшыларына қарсы сот тыңдауы басталды

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Дүйсенбі күні Алматыдағы Алмалы аудандық сотында «Бутя-Капитал» инвестициялық-жекешелендіру қорының басшылары – Болат Әбілов, Бауыржан Қарабеков және Уәлихан Бекбосынның үстінен сот ісі басталды. Оларға «Бутя-Капитал» жекешелендіру қорын басқарған кезде қызмет бабын асыра пайдаланып, жеке бас пайдасы үшін әртүрлі құйтырқы әрекеттермен көптеген қаржыны жымқырған деген айып тағылып отыр. Телевизия және фототілшілерді сотқа қатыстырмаған дүйсенбі күнгі сот, қортындысында айыпталушы жақтың өтінішін ескере отырып, келесі отырысты 20-шы желтоқсанға қалдырды.

Алдымен айта кетерлігі, «Бутя-Капитал» жекешелендіру қорына 767 адамнан шағым жиналған екен, сотқа солардың 13 өкілі қатысты. Сот айыпталушы жақтың бірнеше ескерусіз қалған шағымдарымен басталды. Сот екі тілде өтіп жатыр. Бірақ, орыс тілінен қазақ тіліне тәржімалаған аудармашыға айыпталушы жақ өкілдерінің көңілі толмады. Ол мәселе алдағы уақытта реттелмекші болды. Сот төрағасы телеоператорлар мен фототілшілерді сотқа қатысушы көпшіліктің қолдауымен сот залынан сыртқа шығарып жіберді. Айыпталушы жақтың «Сот ашық өтуі керек, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуға ұмтылып отырған Қазақстан үшін бұл жарамайды» деген және т.б. шағымдары ескерілмеді. Сонымен қатар айыпталушы жақтың «осы шағымдарды жазған адамдардың бәрі сотқа қатысуы керек, осы шағымдарды олар өздері жазғандығын тексеру керек, кейбіреулерінің шағым-арыздардағы қолдары өз қолдары емес екендігі айқындалған» деген өтініші, жақтаушылардың өткен аптада ғана іске кіріскелі себепті сот істерімен толық танысуға мүмкіндік болмағаны себепті оларға қосымша уақыт беруді өтінген өтініші және т.б. шағымдар ескерілмей сот басталып кетті.

Прокурор Алшынбаев мырза «Бутя-Капитал» басшыларына тағылып отырған айып жазылған 12 парақ қағазын 43 минутта оқып шықты. Прокурордың оқыған айыптарының ішінде «алдын-ала ымыраласумен», «жеке пайда мақсатында», «қызмет бабын асыра пайдаланып, үлкен мөлшерде қаржы жымқырған» деген сияқты теңеулер көп болды. Қор басшылары әртүрлі уақыт кезеңдерінде миллиондаған қаржы жеп қойған деп айып таққан прокурор, бірақ та бәрін жинақтап, олар осыншама қаржы жеп қойды деп нақты айтпады. Айыпталушы жақтың «прокурор 12 бет айыпты 43 минут оқыды, ал біз 130 том іс қағаздарымен қалайша жарты айда таныса аламыз, бізге бір не екі ай уақыт беріңіз!» деген өтініші де ескерілмеді. Айтпақшы, 130 томдық сот ісі 37 мың беттен тұрады екен. Тағы бір айта кетерлігі, сотқа қатысып отырған жәбір көрушілердің кейбіреулері сот барысында Болат Әбіловты қолдайтындықтарын да айтып жатты. Солардың бірі Әділбеков Асылхан:

- Мен купонның бәрін осы «Бутя-Капиталға» өткізгем. Ал енді осы қордың купон бойынша төлеп жатыр дегенін газеттерден оқып, теледидардан көрдік қой, содан, бірде солардың кеңселерінің қасынын өтіп бара жатып, адамдардың көп жиналып тұрғанын көрдім. Мен оларға барған да жоқпын, ештеңені сұраған да жоқпын. Содан бірде мені қаржы полициясынан тергеуші іздеп келіп, менен түсініктеме алды. «Сіз осы қорға купондар өткізіпсіз, ешқандай ақша алмапсыз» дейді. Мен оған: «Әй, мен өзім әлі барған жоқпын. Кім береді, ақшаны әкеп береді дейсің бе, егер өзің іздеп бармасаң» дедім. Содан олар «ақшаңызды алмасаңыз, мына жерге қол қойыңыз, сіз жапа шеккендер қатарындасыз» деп, бір қағазға қол қойдырып алып кетті. Содан кейін міне сот залында кездесіп отырмыз. Әзірге бәрі белгісіз, бірақ мен Болаттың айыбы жоқ деген тоқтамға келіп тұрмын», - дейді.

Сөйтіп, Қазақстандағы саясатқа жақын топтар арасында талайдан бері айтылып жүрген сот ісінің желтоқсанның 4-күнгі үш сағатқа созылған бірінші отырысы аяқталды. «Азаттық» тілшісі сотқа қатысқандардың кейбірін осы алғашқы отырысы жайлы пікірін сұраған еді.

Жасарал Қуанышәлі, саясаткер:

- Әдеттегідей, ойдан шығарған сот процестеріндегідей, мұнда да прокурор қағаздан көзін алмай жазылғанын оқыды. Ешқандай дәлел, негіз жоқ. Телеоператорлар мен фототілшілерді шығарып жіберді. Неге өйтеді? Неден қорқады? Осының өзі жариялылықты керек етпейтінін, бұл процестің көпшілікке белгісіз болып, халық арасына шықпауын қалап тұрғандығы көрініп тұр. Екіншіден, әрқайсысының өз тарапынан, өз кезегімен айтылған дәлелдерін тыңдап алудың орнына: «сіз тоқ етерін айтыңыз! Ия деңіз не жоқ деңіз» деген әңгіме айтып қақпайлайды. Олай болмайды ғой?! Әркім өзінің көзқарасын дәлелдеп, таратып айтуға хұқығы бар. Судья оны шектемейді, оған әр кезде де мүмкіндік береді. Ал мына жерде жаңағыдай шектеушілік байқалып тұр. Осының өзінен-ақ судьяның бұл жерде бұра тартып тұрғаны көзге ұрып тұр.

Шәріп Құрақбай, тәуелсіз журналист:

- Судьяның басқаларды тыңдамай, асығып, өз айтқанына басып, тіпті айыпталушы жақтың жақтаушыларына іспен танысуға да мұрша бермей жатқаны нені көрсетеді? Ол – тапсырыс бар деген сөз. Ал осылай басталған сот ісінің немен аяқталатынын айтуға аузым бармай отыр.

Бұл сот ісінің қозғалуының астары неде? «Бутя-Капитал» инвестициялық-жекешелендіру қоры секілді кезінде құрылып, тұрғындардан тиісті құжаттар жинаған өзге қорлардың тағдыры не болып жатыр? Олардың да басшыларының үстінен сот ісі ашыла ма? Бұл және басқа да сауалдарға алдағы хабарларымызда мүмкіндігінше тоқталуға тырысамыз.

Ал дүйсенбі күні алғашқы отырысын бастаған сот келесі мәжілісін желтоқсанның 20-күні өткізетін болып шешті.
XS
SM
MD
LG