Accessibility links

Бұдан 1 жыл бұрын 4 желтоқсанда Қазақстанда президент сайлауы болып, онда Нұрсұлтан Назарбаев өзге үміткерлерді көш соңында қалдырған болатын. Арада 1 жыл өткендегі Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына байланысты саясаткерлер мен саясаттанушылардың пікірлері Алматыдағы тілшіміз Әлібек Бақытұлының сюжетінде.

Өткен жылы президенттік сайлауға үміткер ретінде қатысқан «Табиғат» экологиялық қозғалысының төрағасы Мэльс Елеусізов жаңа мерзіміне кіріскен президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларына қолдау көрсететіндігін айтады. Алайда ол президент басшылығымен жасалынып жатқан шаралар 50 дамыған мемлекеттің қатарына кіру үшін әлі де жеткіліксіз дейді.

- Президент 50 алда келе жатқан мемлекеттің қатарына кіреміз дейді. Ал ол үшін көп жұмыс істеу керек. Жалпы, президенттің қадамдары дұрыс. Мысалы, білімді көтереміз, жаңа технологияларды енгіземіз деген. Алайда сыбайласқан жемқорлықты құртпай, осы ынталардың барлығын жүзеге асыру мүмкін емес деп ойлаймын, - дейді Мэльс Елеусізов.

Ал тіркелмеген Социал-демократиялық партияның төрағасы, оппозициялық саясаткер Жармахан Тұяқбай президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп жатқан саясатына көңілі толмайтынын айтып, ол сайлау кезіндегі уәдесін орындамады дейді.

- Әлеуметтік-экономикалық мәселелермен бірге, саяси реформалар, демократиялық өзгерістер жөнінде президент уәделер берген. Бірақ осы күнде солардың көбісі орындалмай отыр. Оның үстіне бүгінгі күні біздің барлығымызды елдегі саяси пікірлердің жариялығына жол бермеу, альтернативті көзқарас білдірген азаматтарды қудалау, кейбірінің өміріне қауіп төндіру сияқты жағдайлар алаңдатып отыр, - дейді Жармахан Тұяқбай.

Ал Алматы қаласы «Бақай» мөлтекауданында тұратын заңгер Әлиман Оразымбетова былтыр 70 пайыздан астам қазақстандықтар қатысқан президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап дауыс бердім дейді. Алайда ол биылғы «Бақайдағы» оқиғадан кейін билікке, оның ішінде президентке де көзқарасының өзгергенін айтады.

- Бізді алдап, «Бақайдағы» үйлерімізді қиратқаны үшін халықтың президенттен де, биліктен де көңілі қалып отыр. Қазір халық, енді бұған шыдамаймыз деп, Желтоқсан сияқты көтеріліс жасаймыз дейді. Қазір олар осындай көңіл-күйде. Олардың басты талабы «Бақайдағы» жерді өздеріне қалдыру, - дейді мөлтекаудан тұрғыны.

Ал Мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов болса, сайлау өткен 1 жылдың ішінде жеткен жетістіктеріміз жетіп артылады деп есептейді. Ол Қазақстан осы аралықта ішкі және сыртқы саясатта маңызды шаралар атқарды дейді.

- Ішкі саясатымызда бейбітшілік пен ынтымақтастық нығайып тұр. Демократиялық жолдарда да алға жасалған қадамдар бар. Бірнеше заңдарға түзетулер енгізіп, демократияға тағы да кішкене жақындай түстік. Ал енді қуанып айтарым. Қазір өзін-өзі басқару туралы заң алдымызға келіп түсті. Ол да үлкен жетістігіміз, - дейді депутат.

Былтыр 5 үміткер таласқан президент сайлауында, Орталық сайлау комиссиясының ресми қортындысы бойынша, Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл халықтың 91 пайыз дауысын жинап, жеңіске жеткен болатын. Қазақстан Конституциясы бойынша президент 7 жылға сайланып, ол осы қызметте 2 реттен артық отыра алмайды. Ал Қазақстанның қазіргі президенті осы қызметті 1991 жылдан бері атқарып келеді.
XS
SM
MD
LG