Accessibility links

Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2009 жылы төрағалық ету мәселесін шешу кейінге қалдырылды

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Аталған ұйым бұл мәселеге 2007 жылы желтоқсанда Мадридтегі кеңесінде тағы оралып, талқыламақшы. Ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министерлерінің 4-ші желтоқсандағы Брюссельдегі отырысында, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Қазақстанның төрағалық ету межесі деп 2011 жыл қаралса қалай болар еді деген ұсынысына Қазақстан сыртқы істер министрі үзілді-кесілді қарсы болды. Ал Қазақстандық оппозиция өкілдері мен саясаткерлері бұл жаңалықты қалай қабылдады?

Сонымен, Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2009 жылы төраға болар-болмасы енді бір жылға дейін беймәлім болып қала бермек. Дүйсенбі күні кешкісін өткізген баспасөз мәслихатында ұйымның қазіргі төрағасы Бельгияның сыртқы істер министрі Карел де Гухт «Брюссельде өткен аталған ұйымға мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің кеңесіндегі шешім осындай болды» деп мәлімдеген.

Қазақстандық саясаттанушылардың бірі, Тәуекелді зерттеу орталығының директоры Досым Сәтпаев бұны күтпеген жаңалық деуге болмайды деп отыр.

- Көптеген сарапшылар үшін Қазақстанның төрағалық ету мәселесінің белгісіз болып қалуы таң қаларлық болған жоқ. Себебі, осы мәселені талқылау қарсаңында «бұлт елеулі қоюланып» та қалған болатын. Ұлыбритания мен АҚШ-тың бұл мәселеге «сол көзбен» қарайтыны аян еді. Ал батыс Еуропадағы көптеген елдер соларға жалтақтайтыны да мәлім. Оның үстіне ЕҚЫҰ-ның Қазақстанға айтқан сын-ескертпелері осы мерзімге дейін айтарлықтай қаралған жоқ. Мысалы, ұйымның Қазақстандағы «Сайлау туралы заңға» қатысты, оппозициялық партияларды тіркеуді жеңілдету туралы, саяси партиялар туралы заңға қатысты, «БАҚ туралы заңға» енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды қайта қарау туралы және басқа да бірқатар ұсыныстары Қазақстан үкіметінің тарапынан елеулі ескерілмей отыр. Ұйым мүшелері Қазақстанға осы мәселелерге тағы да көңіл бөліп, алдағы бір жыл ішінде елеулі қадамдарға баруын ұсынып отыр. Ол дұрыс та, олардан басқа ымырашыл қадам күтуге де болмас еді, - дейді Д.Сәтпаев мырза.

Кейбір ақпарат көздері Брюссельде АҚШ өкілі Қазақстанды қолдағанын айтыпты. Сонымен қатар ЕҚЫҰ мүшелері Қазақстанға 2011 жылы төраға болсаңыздар қайтеді деген ұсыныс та айтқан, бірақ оған Қазақстан сыртқы істер министрлігі үзілді-кесілді қарсылық білдірген екен деген хабар таратып отыр. Оның себебін Сәтпаев былайша түсіндіреді:

- Бұл жерде жалпы осы идеяны басында көтерген кейбір билік басындағылардың жеке мүддесі жатса керек, себебі, ЕҚЫҰ Қазақстанның төрағалығын 2011 жылға дейін қалдырса, ол Қазақстанның әлі де демократиядан алшақ ел екенін паш етіп, аймақтық, халықаралық беделіне үлкен нұқсан тигізетінін сезеді.

Қазақстандық оппозиция өкілі «Нағыз Ақ жол» партиясының белсендісі Айдос Сарым да еуропалық ұйымның шешімі күткендегідей қабылданды деп отыр.

- Менің ойымша Еуропалық парламент ассамблеясының шешімі көңілге қонымды және геосаяси, басқа да жағдайларды ескерген деп ойлаймын. Бір жағынан олар Қазақстанның осындай ұмтылысына қарсылық білдірмей, екінші жағынан Қазақстанның ішкі заңдары бар, ішкі саясаты бар - солардың бәрін ЕҚЫҰ стандарттарына жақындатуға бір жыл уақыт беріп отыр Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Егер Қазақстан билігі осыдан тиісті қортындылар шығарып, алдағы бір жылда өзгерістерге бара алса, алдағы жылы Мадридте бұл мәселе оң шешілуі де мүмкін, - дейді А.Сарым.

Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге 2003 жылдан бастап ұмтылыс танытып келеді. Аталған ұйымға қазір 56 ел мүше және ұйымға бір жылға төрағалық ету кезекпен жүргізіледі. Сарапшылар «тәуелсіздігін енді алған Қазақстан үшін бұл мәселе халықаралық деңгейде елге көрсетілген үлкен құрметпен қатар, ел үшін аброй болар еді» десе, оппозици өкілдері «сондай ықпалды ұйымға төраға болған ел өз міндеттерін бұлтартпай орындап, сол арқылы болса да демократия саласында халықаралық стандарттарға жақындар ма еді» деп үміттенген.
XS
SM
MD
LG