Accessibility links

Ұлттық бағыттағы қоғамдық қозғалыстар Парламентке түрлі ұлт өкілдерін квота арқылы енгізуге қарсы

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

5 желтоқсан күні ұлтшыл бағыттағы бірқатар қоғамдық қозғалыстар Қазақстан Парламентінен квота бойынша өзге ұлт өкілдеріне орын беру жайында ресми билік тарапынан айтылып жүрген пікірге қарсы екендіктерін білдірді. Олардың айтуынша, бұл ұсыныс Конституцияға қайшы келіп, халықтың бірлігін ыдыратпақ. Алайда Қазақстанда Парламентте өзге ұлт өкілдерінің санын көбейту керек дегенді қолдаушы ұйымдар да бар.

«Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшімнің пікірінше, адамдарды ұлттық белгілеріне қарап депутаттыққа сайлау Конституцияға да, демократиялық нормаларға да сәйкес емес. Ол осы күнге дейін Қазақстанның мемлекеттігін қалыптастыруға қатыспаған, әрі қазақ ұлтымен саяси мәселелерге қатысты түсінесе бермейтін өзге ұлттардың билікке көптеп шоғырлануы қазақтар үшін қауіпті болуы мүмкін дейді. Сонымен қатар, саясаткер өздері келіспей отырған басқа да себептерді атайды.

- Унитарлы елдердің ешқайсысынан біз осыны таба алмадық. Квота арқылы өту дегеніміз – қазақ халқына деген сенімсіздіктің көрсеткіші. Бұдан біз басқа ұлт өкілдерін мойындамай, оларды сайлауға өткізбей жатқан сияқты көрінеміз. Ал бізде ондай жағдай болған жоқ. Мысалы, 1994 жылы қазақ қаптаған Шымкенттен Сиврюкова, ал Ақтаудан Бурлаков Сенатқа өтті. Қысқасы, ондай жағдайлар өте көп. Және олар тек Солтүстік облыстардан ғана өтіп жатқан жоқ, - дейді Дос Көшім.

Ал Қазақстандағы Орыс, казак, славян ұйымдарының төрағасы Юрий Бунаков болса, Қазақстанда тұратын әр ұлт санына байланысты депутатты тең пропорция үлгісімен сайласа дұрыс болар еді дейді. Оның айтуынша, қазір Парламентте отырған орыс депутаттары Қазақстанда тұратын орыс ұлтына жаны ашымайды. Сондықтан ол Мәжілістегі депутаттар санын басқа ұлттармен қоса, орыс ұлты есебінен де көбейту керек дейді.

- Қазір билік басында да, парламентте де баланс сақталмай отыр. Билік басында негізінен қазақтар. Сондықтан республикалық ұлттық орталықтар өз ішінен парламентке өкілін ұсынуы керек. Бұл ешқандай да заңға қайшы емес. Ұлт деген атау жойылмайынша, әр ұлт өз мүддесін қорғай береді. Онда тұрған еш нәрсе жоқ, - дейді Юрий Бунаков.

Ал Алматы облыстық Әзірбайжан мәдени орталығының төрайымы Асылы Османова Парламентке түрлі ұлт өкілдерін квота арқылы енгізуге ешбір қажеттіліктің жоқтығын айтады. Асылы Османованың пікірінше, Қазақстан халықтарының бірлігін ұлт өкілдеріне квота бермей-ақ, мемлекеттік тілді үйретумен арттыруға болады.

- Мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыруымыз керек. Тек мемлекеттік тілді білгеннен кейін ғана басқа халықтар қазақтың жан-дүниесін ұғады. Содан кейін бұлардан да қазаққа қайтарым болады деп есептеймін. Қазіргі Ассамблеядағы ең жаман нәрсе – қазақтың дархандығы мен елбасының халықтарды бөліп-жармайтын саясатына қайтарымның жоқтығы. Бізден қайтарым болуы керек, - дейді Алматы облыстық Әзірбайжан мәдени орталығының төрайымы.

Осы сияқты идеяны Дос Көшім де қолдап, квота беру мәселесіне бірлікке бастайтын қадам емес деген баға береді. Ол осы әрекет арқылы билік өз мақсатын жүзеге асырмақ деп есептейді.

- Бізде өмір сүретін өзге ұлт өкілдерінің әдебиетін, мәдениетін сақтап қалу, дамытуға мүмкіндік беру керек. Бірақ Ассамблеяны саяси құралға айналдыру, Ассамблея арқылы белгілі бір саяси қадамдар жасау, менің ойымша, жақсылыққа алып келмейді. Қазіргі кезде қазақ халқының рухы оянып келе жатыр. Сол уақытта бұл біздің алдымызда қойылған тосқауыл сияқты, - дейді саясаткер.

Ал қоғам қайраткері, академик Молдағали Матқанұлы осы жайындағы ойын былайша жеткізеді.

- Біздің елді квоталық жағдайға жеткізу, онсыз да әлсіреп, құлауға жақын тұрған мемлекеттік құрылымды анархияға жеткізу деп есептеймін. Мұны біз жер бетінен қазақ халқын құртуға бағытталған саясат деп ұғуымыз керек. Парламентті сайлау, жасақтау қазақ ұлтының мемлекеттілігін қалыптастыру үшін керек, - дейді Молдағали Матқанұлы.

Бұған дейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламентке түрлі ұлт өкілдерін квота арқылы енгізу мәселесіне Қазақстан халықтары Ассамблеясының 12 сессиясында қолдау білдірген болатын.
XS
SM
MD
LG