Accessibility links

Рустам Ибрагимов Бас прокурор мен Ішкі істер министрі өзімен бірнеше рет кездесіп, қысым жасағанын мәлімдеді


Астанада Жоғарғы Сотта белгілі қоғам қайраткері, оппозиционер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктері Бауыржан Байбосын және Василий Журавлевті қастандықпен өлтіруге қатысқан деп танылып, Алматы облыстық соты үкімімен сотталғандардың апелляциялық шағымы бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Сәрсенбі күнгі сот отырысында, облыстық соттың үкімімен өлім жазасына кесілген Рустам Ибрагимов өзінің кісі өлтірмегенін және өзіне тергеу барысында Республиканың Бас прокуроры мен Ішкі істер министрінің тікелей қысым жасағанын мәлімдеді.

Сот отырысының екінші күнінде Жоғарғы Сотқа аппеляциялық шағым берген жазаланушыларға сөз берілді. Алматы облыстық сотының шешімімен әр түрлі жазаға кесілген Виталий Мирошников, Алымжан Газиев, Еділ Абикенов, Нұркен Едигеев, Расхан Еспембетов, Ерлан Ералиев, Асылан және Ерғали Касымовтар сот отырысы барысында өздеріне шығарылған үкіммен келіспейтіндіктерін айтып, барлығы да бірдей арнайы бұйрықты орындағандарын жеткізді. Олардың сөздеріне қарағанда Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерін бұйрық бойынша, белгілі бір орынға жеткізуге ғана көмектескен.

Ал өлім жазасына кесілген Рустам Ибрагимов Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілеріне қатысты тергеу ісінің бастан аяқ шала жүргізілгенін, ғылыми сараптама жасалынбағанын тілге тиек етті. Ибрагимов тергеу ісі барысында және сот ісі кезінде өзіне бірнеше рет қастандық жасалып, өзін өлтірмек болғанын айтты. Оның айтуынша, шын мәнінде оқ атылған тапанша табылмаған. Ал Мирошников мінген автомашинаның дөңгелектері өліктер табылған жердегі машинаның іздерімен сәйкес келмеген. Ибрагимов Мирошников автокөлігімен өзінің отбасын тасығанын айтты.Сонымен бірге тергеу ісі кезінде Бішкектік «Делика» маркалы машинадағы жігіттер өлікті көріп қашып кеткен деп іздеу салмағанын айтады. Ал шын мәнінде бұл автокөлік аяқ астынан із-түссіз жоғалып кеткен. Ибрагимов бұл көліктегі жігіттерді оқиға болған күннің ертесінде Абай көшесі мен Фурманов көшесінің қиылысында ақша айырбастап тұрған кезде көргенін айтты. Ондағы жігіттердің мұнымен амандасқанын және олар Куловқа жұмыс істейміз деген. Р.Ибрагимов Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерін солақай және өте кәсіби оқатар атқан деп есептейді.

Рустам Ибрагимов сөзінде тергеу ісі барысында Респубиканың Бас прокуроры мен Ішкі істер министрі қамауда отырған өзіне қысым жасағанын және оған бірінші Рахат Әлиев және Дариға Назарбаеваның аты-жөнін, сосын Нұртай Әбіқаевты айт, сонда сенде проблема болмайды деп, бірнеше мәрте бұйырғанын жеткізді. Оның айтуынша, Бас прокурор мен Ішкі істер министрі «сот дегеніміз – біз» деп қысым жасаған.

Рустам Ибрагимовтың қорғаушысы Нұрлан Устемиров болса, қанды оқиға өліктер табылған жерде болмағанын, оларды басқа жерде өлтірген деп тергеу ісі бойынша болжам жасайды.

Ал кісі өлтіруге тапсырыс берді деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айрылып отырған Ержан Өтембаевтың адвокаты Игор Меерзун Ержан Өтембаевты емханада жатқан жерінен алып кеткен 21-ақпаннан бастап психологиялық және физикалық қысым болғанын айтады. Өтембаевтың қорғаушысы президентке хат жазбағанын сеніммен айтады. Оның сөздеріне қарағанда, тергеу ісінде қатысушылардың ішінде Рашид Түсіпбеков деген аты-жөн атымен жоқ. Ал Өтембаевтың сөзінде Рашид Түсіпбеков бастан-аяқ қысым жасап, тікелей тергеу ісіне қатысқаны айтылды.
XS
SM
MD
LG