Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.07.2006 жыл

  • Рауза МҰҚАН

Бейсенбі күні жарық көрген баспасөз беттерінде жергілікті өзі-өзі басқару реформасының маңыздылығы туралы сөз болады. Бұған қоса, тәуелсіз басылымдарда, белгілі оппозиционер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің қасақана өлтірілуіне байланысты істің, Жоғарғы Сотта қайта қаралуына орай, материалдар жарияланған. Сондай-ақ, бірқатар газеттер, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің сәрсенбі күнгі отырысында «Ойын бизнесі» туралы заң жобасының мақұлданғаны туралы жазады.

«Тасжарған» басылымы жергілікті билік – Астананың аумай қалған көшірмесі секілді деп жазады. «Облыстық көсемдер, Астанада отырғандардың әрекетін көшіруде. Жоғарғы билікке бақылау мен жазаның болмауы, жергілікті билік орындарына да әсер етуде. Сондықтан да, қазіргі жағдайда, жергілікті билік элиталарын қалыптастыру жүйесі дұрыс емес. Сондай-ақ, қазіргі кезде әкімшіліктер – жергілікті өзін өзі басқару жүйесін либерализациялауға қызығушылық танытып отырған жоқ», - деп жазады «Тасжарған».

«Литер» газеті, Қазақстанда 20 қазанда өткізілген, қала және аудан әкімдерінің сайлауы үлкен жетістік деп атап көрсетеді. Дегенмен, жергілікті өзін-өзі басқару реформасы – жергілікті басшылардың өз өкілеттіліктерін дұрыс пайдалана алмауы салдарынан, алыс аймақтарда тұратын қазақстандықтардың ғаріп күйге түспейтініне кепілдік беруі тиіс. Алайда, егемендік алған 15 жыл ішінде посткеңестік кеңістікте нағыз либералдық нарықтық реформаларды бірінші болып жүргізген Қазақстан екенін де ұмытпау қажет. Бірақ, жергілікті өзін-өзі басқару реформасын халық - биліктің кезекті тәжірибесі ретінде қабылдамауы тиіс, деп жазады «Литер».

«Время» апталығы, Алматы облыстық соты белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі серігін өлтірді деп өлім жазасына кескен Рустам Ибрагимовтың 6-желтоқсан күні Жоғарғы Сот отырысында жасаған мәлімдемесіне талдау жасайды. Жоғарғы Сот мәжілісінде Ибрагимов, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісін өздерінен, Қырғызстандық нөмірі бар джип көлігімен келіп, Әлішер есімді азамат алып кеткенін мәлімдеген болатын. «Ибрагимов бұл мәлімдемесімен заң құрылымдарын арандатқысы келе ме, әлде бұдан бұрын өзі есімін атаған – Дүтбаев, Әбіқаев, Кикшаевтарды біреулердің тапсырмасымен арашалап қалғысы келе ме» деген сауал тастайды «Время» басылымы.

Ал «Жас Алаш» газеті бұл орайда оппозиция өкілдерінің пікірін жариялапты. Экс-сенатор Зәуреш Батталованың Жоғарғы Сотта өткен процеске қатысты пікірі мынадай: «Жәбірленуші жақтың өкілдері мен адвокаттарының сөздері, шағымдары өте дәлелді шықты. Сырт қарағанда сот сөз сөйлеуге ешкімге шектеу қоймай, бұра тартып отырмаған боп көрінеді. Бірақ, Ә.Қажыгелдиннің, Ғ.Жақияновтың, М.Әблязовтың істерінің Жоғарғы сотта қалай қаралғанының куәсі болдық қой. Бастапқыда бәрі заңдылық жүйесімен басталады да, аяғы ойға келмейтін шешімдермен аяқталып жатады», дейді Зәуреш Батталова «Жас Алаш» басылымына берген сұхбатында.

Айта кететін бір жайт, «Kazakhstan Today» ақпарат агенттігі, бейсенбі күні, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерін өлтіруге қатысты іс бойынша Жоғарғы сот шешімі, жұма күні, яғни 8-желтоқсанда жария етілетінін хабарлады.

«Известия Казахстан» басылымының жазуынша, «Ойын бизнесі туралы» заң жобасында ойын үстелдері мен ойын автоматтарының санына шектеу қою қарастырылған. Атап айтқанда, ойынханаларда 20 ойын үстелі, ал ойын автоматтары залында 50 автомат қойылуға тиісті. Сондай-ақ, ойын автоматтарында сертификат болуы қажет. Бұған қоса, ойынханалар мен букмекерлік кеңсе иелерінде белгілі бір деңгейде қаражат болуы тиіс. Ойынхана мен ойын автоматтар залы үшін қордың көлемі 26 миллион теңге, букмекерлік кеңселер үшін 10 миллион теңге, ал тотализатор ойынын өткізу үшін 5 миллион теңге болуы қажет, деп жазады «Известия Казахстан».

Ал, «Егемен Қазақстан» басылымының дерегінше, «Ойын бизнесі туралы» заң қабылданғаннан кейін салық жалпылама емес, әрбір ойын үстеліне, автоматқа және кассаға жеке-жеке салынатын болады. Әрбір ойынханаға лицензия 10 жылға берілсе, олардан жылына орта есеппен 30 мың доллар салық түседі деп көзделуде. Бұдан өзге, ойынханада кірісінен артығын алып отыратын тағы бір салық түрі қарастырылғаны да белгілі болды. Сондай-ақ, заң бойынша 21 жасқа толмаған Қазақстан азаматы ойынханаларға жіберілмейтін болады, - деп жазады «Егемен Қазақстан».
XS
SM
MD
LG