Accessibility links

Рустам Ибрагимовтың адвокаты Нұрлан Устемиров алдыңғы сот үкімі күшінде қалса, шындықты айтатындығын мәлімдеді


Бейсенбі күні Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында белгілі қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілері Бауыржан Байбосын және Василий Журавлевті өлтірді және тапсырыс берді деп сотталғандардың апелляциялық арызына байланысты сот отырысы аяқталды. Сот үкімі желтоқсанның 8-іне қалдырылды. Ал мемлекеттік айыптаушы Алматы облыстық сотының үкімімен толық келісетіндігін айтып, сот төрешісінен сотталушылардың жазаларын жеңілдетпеуін сұрады.

– Шындықты айту керек еді! Назарбаевтан бастап барлығы өтірік айтады! Барлықтарыңды өлтіреді!

– Әлі де кеш емес шындықты айтыңдар!!!

Үш күнге созылған сот отырысынан кейін жәбірленуші жақ жазаланушыларға осылай деді. Дегенмен соттың соңғы үкімі жұма күнге қалдырылды. Ал сотқа қатысты мемлекеттік айыптаушының дәйегі біреу ғана болды. Ол – Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның көмекшілерінің өлімі қылмыстық іс. Мұны тек мемлекеттік қызметкер болған Ержан Өтембаевтың жеке басының жек көрушілік әрекеті деп отыр прокурор. «Ол Алтынбек Сәрсенбайұлының өзін сынаған мақаласы үшін кек алуды мақсат тұтты» деген Бас прокурордың өкілі Күлзия Кьюкова сотталушылардың тергеу барысында жоғары лауазымды тұлғалар тарапынан қысым жасалды, өлімге тапсырыс берушілер - жоғары шенді шенеунік деулері қисынсыз, нақты дәлел жоқ, деп тағы да қайталады.

- Ал Рустам Ибрагимовтың «мен өлтірген жоқпын» деуі – бұл қылмыстық істен жалтаруының айла-тәсілі. Ол қандай жолмен болмасын қылмыстан қашып отыр, – деді прокурор Күлзия Кьюкова.

Мемлекеттік айыптаушының шешімімен келіспеген өлімге тапсырыс берді деп жазаланған Ержан Өтембаевтың әйелі Людмила Тен «Бірінші күннен бастап бізге өзіміздің айтқымыз келген сөздерді емес, өздеріне керек сөздерді айтыңдар деп талап қойды. Егер өмір бақи мемлекеттік қызметте істеген Ержан Өтембаевтың құқығы бұзылып жатса, онда үйсіз-күйсіз жүргендерге не істейді?! Мен оны да көрдім, білемін», – деді.

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерін өлтірді деп өлім жазасына кесіліп отырған Рустам Ибрагимовтың қорғаушысы Нұрлан Устемиров сотта пайдаланылған екі парақ қағаз АҚШ-тың федералды тергеу басқармасының жалған сөйлегенді анықтайтын тестің қорытындысы емес екендігін, бұл тек қолжазбаның аудармасы ғана дейді.

- Ал оны кім аударды? Қалай аударды? Ол да - түсініксіз, – дейді адаокат.

Н.Устемировтің сөздеріне қарағанда, Рустам Ибрагимовтың жазасын 25 жылға жеңілдету үшін жоғары лауазымды тұлғамен келісім шартқа отырған. Ол егер бұларға шындықты айтпасаңдар, жазасын жеңілдетеміз деп уәде берген екен.

- Бұл ерлерше жасалынған келісім болды, – дейді Нұрлан Устемиров.

Рустам Ибрагимовтың қорғаушысы егер соттың алдыңғы шығарылған үкімі күшінде қалса, онда өзінің шындықты айтуға дайын екендігін мәлімдеді. Ал Ибрагимовтың әкесі: «Менің балам кісі өлтірген жоқ. Ол менің алдымда ант берді. Балам шындықты айтқан күннің өзінде еш нәрсе өзгермейді. Жарайды, ол Назарбаев деп айтсын, Дариға немесе Рахат деп айтсын, сонда не өзгереді, айтыңызшы?» – деді «Азаттық» тілшісіне.

7-желтоқсан - Алтынбек Сәрсенбайұлымен бірге қастандық құрбаны болған Бауыржан Байбосынның туған күні екен. Егер ол тірі болғанда 29 жасқа толушы еді. А.Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы осы күні шындық ашылса екен деп тілегенін айтады:

– Қалай да мына ең ауыр жазаға кетіп бара жатқан адамдар ақыр соңында осы мүмкіндікті пайдаланып шындықты айтатын шығар, бұл қылмыстың саяси тапсырыспен жасалғанын, террористік қылмыс екенін сол бойынша қылмысты қайта тексеруге жіберетін шығар деген үмітіміз болды. Өздеріңіз көрдіңіздер, барлығы керісінше болып шықты!

Жәбірленушілердің қорғаушылары ретінде сот отырысына қатысқан Петр Своик қазіргі жүйеде шындыққа, әділеттілікке жету мүмкін емес деп есептейді.

- Соттың бірінші сатысынан бастап өрескел заң бұзушылық орын алды. Ал бұған ешкім мән беріп жатқан жоқ, – деді П.Своик.

Ал адвокат Серікқали Мусин болса, жәбірленушілердің қорғаушысы ретінде сөз алып, өз байламдарын айтуға сот төрешісі мүмкіндік бермегенін алға тартады.

Жәбірленушілермен бірге мемлекеттік айыптаушының шешімдеріне наразылық білдерген Ержан Өтембаевтың зайыбы Людмила Тен: «менің жәбірленушілермен бірге қатар тұрғаныма неге олар түсінбейді. Жәбірленуші жақ ешқашан Ержан Өтембаев тапсырыс берді деп айтқан емес» деп, президенттен мұндай келеңсіздікті тоқтатуын сұрады.

Ержан Өтембаевтың қорғаушысы Игор Меерзун болса, өзінің көпжылдық жұмыс тәжірибесінде жәбірленуші жақ, қорғашуы жақ және жазаланушылар жағының бірігіп, бір сөз сөйлеуін бірінші рет көріп тұрғанын айтты.

Өзбекстаннан баласының кім өлтіргенін есту үшін Астанаға келген Бауыржан Байбосынның әкесі Шілікбай Байбосын түбі шындықтың беті ашылатындығына сенеді:

– «Қоянды қамыс өлтіреді, жігітті намыс өлтіреді» дейді. Мынау жігіттің ар-намысын, жігерін таптап, елді өзінің күшіменен, зорлығыменен басқару - бұл қиын. Бұл халық – толқын. Толқын көтеріліп елді, жерді жуып кетіп жатқанын көріп жатырсыздар. Әділдік өз күшін табады. Маңдайымыздың жарық жұлдыздары Алтынбек, Бауыржан, Василийлер өлім күтіп тұрса да бастарын иген жоқ. Олар адал өлімменен шахид болып кетті, - дейді азалы әке.

Ұзақ жылдар мемлекетте жоғары лауазымды қызметтер атқарған, өмірінің соңында оппозицияға кетіп, «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы болған Алтынбек Сәрсенбайұлы көмекшілері Бауыржан Байбосын және Василий Журавлевпен бірге, президент сайлауынан кейін, биылғы жылы ақпан айының 12-інде Алматыда қастандықпен өлтірілген болатын.
XS
SM
MD
LG