Accessibility links

Ісі сотта қаралып жатқан жас оппозиционер Махамбет Әбжан соңғы сөзін айтты


Оппозициялық жастар атынан мәслихат сайлауына қатыспақшы болған жас оппозиционер Махамбет Әбжанға сот үкімі шығуына бір күн қалды. Астанада желтоқсанның 7 күні сот үдерісінде ол соңғы сөзін айтып, өзіне жала жабылғандығын жеткізуге тырысты. Ал, Астана прокуроры Корчагин қол қойған айыптау үкімінде күдіктелушіге сайлау науқанында қаржы жымқырды деген айып тағылғанын алға тартып, М.Әбжанды 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.

Жас оппозиционер Махамбет Әбжанға екі баппен қылмыстық іс қозғалған. Біріншісі қаржыны жымқырып жарату, екіншісі - айлакерлік. Өткен жылы мәслихат сайлауы болған кезде «Патриоттық жастар одағының» бірінші хатшысы Махамбет Әбжанмен бірге оппозициялық көзқарасты ұстанатын бір топ студенттер сайлауға қатысамыз деп Махамбеттің есеп-шотына қаржы жинауға келіскен. Жиналған 1 миллион 200 мың теңгенің бір бөлігі сайлауға түсем деген үміткерлерге берілген. Бірақ, бір бөлігі есепшіде қалып қойған. Прокуратура қызметкерлерінің айыбы да осы қаржыға сүйенеді. Жас оппозиционер Махамбеттің заңды қорғаушысы Василий Садықовтың айтуынша, күдіктелуші тек бухгалтерлік кітап жүргізбегеніне және есеп жүргізбегеніне айыпты. Бірақ, қаржы жұмсалуына М.Әбжанның ешқандай қатысы жоқ, дейді адвокат.

Бұған дейін сот үдерісіне журналистер келгенде, істі қарап отырған Астананың екінші аудандық сотының судьясы Асқар Кішкенбаев сотқа бұқаралық ақпарат құралдарын қатыстыруға тыйым салған еді. Ал бұл жолы ол баспасөз өкілдеріне айыпталушының соңғы сөзін жазуға рұқсат берді.

«Патриоттық жастар одағының» бірінші хатшысы Махамбет Әбжан сот үдерісіндегі соңғы сөзінде айтқандай, үміткерлерді насихаттау жұмысы жүргізілмегенін айтты. Бірақ, бұл сайлау комиссиясының кінәсі, деді ол. Махамбеттің айтуынша, ол уақыт тығыздығына байланысты сайлаудағы насихат кампаниясын өткізбеуге және қаржыны «Жас патриот» газетіне жұмсауды шешкен.

- Қаржы тексерулері басталғанда, ақша техникаға жұмсалды деп айтуды шештік, бірақ, ол ақша жоғалып кетті, меніңше, бұл ұлттық қауіпсіздік комитетінің жасағаны, - дейді Махамбет Әбжан.

Жас оппозиционер Махамбеттің әкесі Мұратбек Әбжан болса, бұл істің саяси астары барын айтады. Себебі, жастар құқықтары үшін күресіп жүргенде Махамбет елдегі саяси оппозициямен байланысқан, дейді ол.

- Бәрі саясатқа байланысты. Баламның сөзіне қанағаттанамын. Қандай нәтиже шығады екен? Бәрі Алланың қолында. Бостандыққа шыққанға жазсын деп отырмын. Бәрін айтып үлгерген жоқ, Ертең қалғанын айтады. Сондықтан, баламның ешқандай кінәсі жоқ деп айтам. Ал, сайлауға, өздеріңіз көріп отырсыздар, жаңа сот та айтып отыр - ақшаны 11-13 аударған, бір күн қалғанда ешқандай жұмыс жүргізе алмас еді.

Сот үдерісіне жәбірленуші ретінде қатысып отырған мәслихат депутаттығына үміткер болған Әсемгүл Байбосынованың айтуынша, оның Махамбетке ешқандай шағымы жоқ.

- Прокурор тым ұзақ мерзім сұрап отыр. Менде ақшаны кеш бергеннен басқа шағымым жоқ, ақшаны қолыма алдым, - дейді ол.

Ал жас оппозиционер Махамбеттің әкесі Мұратбек Әбжанның айтуынша, қаржы жұмсалуын тексеру керек деп сотқа шағым жазған орталық сайлау комиссия мамандары да Махамбетке айып тақпаймыз деген. Астананың екінші аудандық сотының судьясы Асқар Кішкенбаев жас оппозиционер Махамбет Әбжанға соңғы сөзін айтуға барынша уақыт берілетіндігін хабарлады. Махамбет сот үдерісі аяқталғанша сөзін аяқтап үлгірмеген соң сот отырысы және үкімді жариялау келесі күнге қалдырылды.
XS
SM
MD
LG