Accessibility links

Осыдан тура он бес жыл бұрын, 1991 жылғы желтоқсанның 8-інде Ресей, Украина және Белоруссия лидерлері "Беловежье уағдаластығына" қол қойып, Советтік социалистік республикалар Одағының қызметін тоқтатып, Тәуелсіз мемлекеттер одағы құрылатындығын алғаш жария еткен еді. Бұл оқиға сол кезде Қазақстанда жоғары лауазым атқарған кейбір азаматтар үшін күтпеген оқиға болса, кейбір сарапшылар бұл күннің келетіндігі оған дейін бірнеше жыл бұрын белгілі болған дейді.

1991 жылы желтоқсанның 8-і күні Ресей, Украина және Белоруссия лидерлері «Беловежье» уағдаластығына қол қойып, алғаш совет одағының ыдырайтындығын мәлімдеді. Бұл көпшілік үшін күтпеген оқиға болды дейді, 1991-ші жылы Қазақ советтік социалистік республикасы Жоғары Кеңесінің төрағасы болған Серікболсын Әбділдин:

- Жалпы, Совет одағы тарқайды деген ешкімнің ойына да, түсіне де кірмеген. Біздің халқымыз да совет одағы түзеледі, осы одақтың ішінде боламыз деп 1990-шы жылы қазан айында егемендік жөнінде декларация қабылдаған болатынбыз. Онда біз «совет одағы құрамында боламыз» дегенбіз. Ондайды басқа республикалар да қабылдаған. Олардың шешімі де сондай болатын. Бірақ, совет одағы құрамындағы егемендік емес, әр ел өз тәуелсіздігін алып кетті.

Ал 1991-ші жылы Қазақ советтік социалистік республикасы министрлер кеңесі төрағасының орынбасары әрі Ауылшаруашлығы министрі қызметін атқарған Балташ Тұрсымбаев болса, совет одағының ыдырайтындығы бірнеше жыл бұрын белгілі болды, ал «Беловежье уағдаластығы» тек соны жеделдетті деп есептейді:

- 1987-1989 жылдары совет одағы ыдырайтыны белгілі болып қалды. Ал Белоруссиядағы құжаттарға қол қойылуы уақытында болды да, егемендікке тезірек келдік.

Философ-публицист Ғарифолла Есім «қызыл империяның» түбі күйрейтіндігін өзінің білгенін, бірақ бұл процесс ұзаққа, 2010-шы жылға дейін созылады деп топшылағанын айтады. Ал 1991-ші жылы үш славян ел басшыларының «Беловежье шартына» қол қоюы - адамзат тарихындағы елеулі оқиға болды дейді ол:

- «Беловежье шарты» – адамзат тарихындағы Борис Ельциннің үлкен саяси ерлігі. Осы арқылы үлкен империя жұмысын тоқтатты. Тоқтатқанда да, өте тамаша жолмен жүзеге асты. Өйткені, әу баста совет одағы құрылуының негізінде славян елдері болды. Енді сондай елдердің басшылары басқаларды қоспай, КСРО-ны тарқатуға құқымыз бар деп, құжатқа қол қоюы өте дұрыс болды. Совет одағының құруына ең соңғы нүкте қойған – «Беловежье шарты». Осыдан кейін тәуелсіздік алдық емес пе?! Сондықтан, бұл керемет оқиға!

70 жыл үстемдік еткен Совет империясының ыдырауының объективті ішкі және сыртқы себептерінен өзге тағы да саясаткерлердің жеке амбициясынан туындағын үшінші себепті де жоққа шығаруға болмайды дейді, Қазақстан коммунистер партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин:

- Желтоқсанның 8-і күні құжатқа қол қойды, 9-ы күні ол ақпарат тарады. АҚШ та оны жақтады... Ельциннің өзі Алматыға келіп-кеткенде мені шығарып алып, сөйлескен-тін. Сонда айтқаны: «Горбачевтің қолындағы билікті алу керек. Оның өзі Совет одағын қазір күзету, соны мемлекеттік қаржымен сақтап отыру мәселесі ғана қалды деп, басын иіп отыр деген еді. Соған қарағанда, үлкен екі себептен өзге билікке таласу себебі болды.

Ал Қазақстан халықтық коммунистер партиясының өкілі, парламент депутаты Ерасыл Әбілқасымов бұл тарихи оқиғада Михаил Горбачев пен оның жүргізген саясатының орны өлшеусіз деген баға береді:

- Совет одағын тарқатуға Горбачев жұмыс жасады. «Қайта құру» деді... Түбі не керек, халқымызды оятты. Батыспен арадағы «темір шымылдық» түсті. Сол арқылы біз де дүниеде не болып жатқанын түсіндік.

Желтоқсанның 8-інде «Беловежье шартына» қол қойылғаннан кейін желтоқсанның 21-күні Алматыда оған совет одағының құрамында болған басқа республикалар да қосылды.
XS
SM
MD
LG