Accessibility links

Бангладештік экономист Мұхамед Юнус және оның Грәмин банкі Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығына ие болды


Мұндай жоғары сыйлыққа олар кедей адамдарға шағын несие беру ісін алғаш бастағандары үшін ие болып отыр. Аталған салтанатта сөйлеген сөзінде банкир өз мақсатын айқын түрде айтқан болатын.

Талай жұрт Мұхамед Юнусты “кедейлердің банкирі” ретінде таниды. Кедей адамдардың өз ісін жүргізіп, олардың кедейлік қамытынан құтылуына көмектесу үшін Юнус мырза осы шешімге тоқталған екен. Норвегияда өзіне Нобель сыйлығы тапсырылмас бұрын-ақ ол өз сөзінің мәтінін жариялап үлгерген болатын. Онда Мұхамед Юнустың мынандай ойлары бар: “Бейбіт өмірге, бейбітшілікке әділетсіз экономика мен әлеуметтік, саяси құрылымдар тарапынан, сондай-ақ демократияның жоқтығынан, сонымен бірге қоршаған ортаның бүлінуі және адам хұқықтарының аяққа тапталуы себептерінен қатер төнуде”.

Ол өзі құрған Грәмин банкінің қызметіне де тоқталып өткен болатын.

“Грәмин банкінің жұмыс істей бастағанына қазір 30 жылдай болды. Біз жыл сайын миллиард доллар көлемінде тұтынушыларға несие беріп келеміз. Бангладештегі Грәмин банкінде орташа несие көлемі 130 долларды құрауда. Аталған жылдар ішінде сандаған белестерден өте отырып, біз осындай жетістікке жеттік. Менің айтайын дегенім, біздің тұтынушымыз үшін 100 доллар - үлкен ақша. Кедей адам үшін, әрине”, - деді Юнус мырза.

Мұхамед Юнустың айтуынша, шағын несие берудегі мақсат - кедей адамға тез арада, бір сәттік көмек көрсету емес. «Біздің ұстанған философиямыз - бүгін қолымызға түскен жұмыртқаны жеп тастағаннан гөрі, одан кейінірек балапан бастырып шығарудың маңыздырақ екендігін түсіндіру» деді ол. Қайыр сұраушы адамға ақша ұстата салғысы келмейтіндігін де банкир түсіндіріп өтті. Ондай жағдайда кісі әлгі проблеманы шештім, деген қанағаттанған сезімде бола алмайды. Несие беру арқылы проблеманы шеше салу оңай емес, алайда ондай қиын түйіндерді кері ысыруға, онымен күрес жүргізуге болады, дейді Юнус мырза. Мәселені шешу керек, деп құрғақ сөзбен уақытты алғаннан гөрі, сол проблемаға қарсы әрекетке көш, дейді банкир.

Мұхамед Юнустың айтуынша, өз елі Бангладеш сияқты басқа да елдерде кейбір мұсылман кісілер әйелдердің іскерлік әрекеттермен айналысуын қош көре бермейді. Әйелдердің үйден шығып, базар аралап жүруінің Ислам заңдарына қайшы келетіндігін олар тілге тиек етуде. Бұл орайда Юнус мырзаның жауабы да әзір екен.

“Шындықтың бетіне тура қарар болсақ, ең басты уайымдайтын нәрсе - кедейліктен қалай құтылу ғой. Ендеше, олардың істі қалай жүргізіп жатқанына назар сал. Адамдар өз өмірлерін дұрыс құру үшін қарыз алып, тәуекелге баруда. Әйел адамның бизнеспен айналысуы Ислам үшін жаңалық емес”, деп түсіндіретіндігін Юнус мырза ортаға салды.

Нобель сыйлығының 1 миллион 100 мың еуро көлеміндегі сыйақысын 66 жасар Юнус мырза Мосаммат Таслима Бегум ханыммен қатар тұрып алды. Бегум ханым 1992-ші жылы алғашқы 20 доллар несие ақшасына ешкі сатып алған екен. Ал қазір бірнеше шағын бизнестерін жүргізуде. Сондай-ақ ол - Грәмин банкі кеңесінің сайланып қойылған 9 мүшесінің бірі.
XS
SM
MD
LG