Accessibility links

Баспасөз заңы жөнінде белсенділік танытып жүрген Парламент депутаты Дариға Назарбаева бұрынғы ақпарат министрінің қазасына қатысты ештеңе айтқысы келмейді


Журналистер конгресі төрағалығына қайта сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты, президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева сейсенбі күні таяуда парламентке ұсынған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасын толықтыру үшін қайта шақырып алғанын мәлімдеді. Сонымен бірге журналистер конгресі қоғамдық телеарнаның тұжырымдамасын да әзірлеп жатқан көрінеді. Алайда оны қаржыландыру мәселесі сұрақ күйінде қалып тұр дейді. Журналистер конгресінің өкілдері.

Журналистер конгресінің төрайымы, президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның айтуынша, таяуда Брюселльге барып келген бір топ депутаттарға Еуропадағы қауіпсізідк және ынтымақтастық ұйымының өкілдері сөз бостандығына қысым жасайтын «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасын неге қабылдадыңдар деп мәселе қойған. 2009 жылы аталған ұйымға төрағалық етуге үміткер болып жүрген Қазақстан үшін бұл өте ыңғайсыз болды дейді Дариға Нұрсұлтанқызы:

– Үкімет жылдан жылға біздің пайдамызды ойламай өзінің саяси пайдасын ойлап, біздің құқықтарымызды қысып отырса, әрине жақсылыққа келе алмаймыз. 2009 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық етеміз деген жоспарымыз бар. Ол бұл ұйымның өкілдері қайда бара жатсыңдар деп сұрақ қойды? Ең қиыны осы болды.

Дариға Нұрсұлтанқызы Журналистер конгресінің төрайымы ретінде өздері таяуда Парламентке ұсынған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасын қайтадан қайтарып алғанын айтады. Өйткені Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының талаптарына сай тағы да біраз өзгертулер енгізу керек болды дейді Дариға Назарбаева. Ал елдегі оппозицияның қоғамдық телеарна қажет деп жүрген мәселесіне байланысты тұжырымдама әзірлеп жатқанын тілге тиек етті. Ал қазіргі жағдайда Қазақстандағы электронды ақпарат құралдары неліктен қоғамдық телеарна рөлін атқара алмай отыр деген «Азаттық» радиосы тілшісінің сұрағына Дариға Нұрсұлтанқызы төмендегідей жауап берді:

– Әрбір телеарна өзінің саясатын жүргізеді. Әрбір телеарнаның өз қожайындары бар. Өздерінің көзқарасы, ой-пікірлері бар. Оның барлығы арнаның жұмысына әсерін тигізеді, кедергі да жасайтын шығар. Оған нақты жауап беру қиын. Екіншіден, заң жобасын өткіземіз дегеніміз, мәселенің көбісі қазіргі істеп жатқан заңда. Өйткені, заң бойынша, әрбір редакцияға, әрбір қызметкерге қысым жасауға мүмкіндік береді.

Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың сөздеріне қарағанда, қоғамдық телеарна құруды жүзеге асыруды келесі жылдан бастап талқылайды. Ал оны қаржыландыру мәселесінде мынадай бірнеше жобалар бар дейді Сейітқазы Матаев:

– Бірінші, абонентті төлем. Онда бұл нағыз Британияның BBC телеарнасына ұқсайтын болады. Екіншісі - Түркияда Електр жүйесінің екі пайыз пайдасын ТРТ деген телеарнаға береді екен. Үшінші варианты Үкіметтен жартылай қаржы алу немесе спонсорлар арқылы қаржы табу. Ал мұнда қоғамдық телеарна болмайды. Қоғамдық телеарна болу үшін ел қалтасынан төлеу керек. Ал біз оған әзірге дайын емеспіз.

Жаңа жылдан кейін Парламентке ұсынылатын жаңа Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасында оппозиция тарапы осыған дейін көтеріп келген электронды ақпарат құралдарын монополизациялауға қарсы деген арнайы бап та көрініс тапқан екен. Ал қазіргі заң жобасындағы басты олқылық туралы Дариға Назарбаева былай дейді:

– Мысалы, телеарналарда зорлық-зомбылық туралы фильмдер көрсетіледі. Порнография дейміз, эротика дейміз, қай жағынан алсаңыз да, сылтау етіп, газетті болсын, телеарнаны болсын жауып тастауға мүмкіндік береді.

Дариға Назарбаевамен өткен баспасөз мәслихатын пайдаланып, «Азаттық» радиосының тілшісі таяуда Жоғарғы Соттың он жылдан астам Ақпарат министрі болған, қасақана қастандықпен өлтірілген марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтірді және тапсырыс берді дегендерге шығарған сот үкіміне қатысты пікірін сұраған еді. Өйткені, сот отырысы барысында өлім жазасына кесілген Рустам Ибрагимов Бас прокурор мен Ішкі істер министрі маған тапсырыс берген Дариға мен Рахат деп айт деп қысым жасады деген болатын. Дариға Нұрсұлтанқызы бұл қойылған сұраққа төмендегідей жауап болды:

– Комментарий жасағым келмейді. Кешіріңіз.
XS
SM
MD
LG