Accessibility links

Ойын бизнесі саласы қызметкерлері Алматыда наразылық шеруін өткізді


12 желтоқсан күні Алматыда ойын бизнесі саласы қызметкерлерінің казинолар мен ойын автоматтарын Қапшағай мен Щучинск қалаларына көшіруге қарсылық білдірген наразылық шеруі болды. Алматының орталық көшелеріне жиналған шерушілер акцияның басты мақсаты қоғам назарын осы салада болып жатқан әділетсіздіктерге тағы бір мәрте аударту деп отыр.

50 жастағы Райхан шеруге казинолардың жабылуына байланысты өзімен бірге жұмыссыз қалып бара жатқан әріптестеріне үн қосу үшін шыққанын айтады. Казиноларда 5 жылдан бері аспазшы қызметін атқарып келген ол өзіне әзірге казинолардан артық жағдай жасап отырған мекеме жоқ дейді.

- Мен баламды жалғыз өзім ғана асырап отырмын. Ол жоғары оқу орнында оқиды. Оның иститутының ақшасын төлеуім керек. Мен жасыма байланысты басқа ресторандар мен асханаларда жұмыс істей алмаймын. Оларда жұмыс ауыр. Сондықтан маған осы жұмысым ұнайды. Жұмыс графигі де қолайлы, - дейді Райхан ханым.

Ал қаладағы казиноларды қарауылдайтын фирмалардың бірінің бастығы Сәкен Тұрғанұлы болса, казинолар бір уақытта жабыла қалса, өзінің қол астында жұмыс істейтін күзетшінің қаншасы жұмыссыз қалатынын есептеп шығарғанын айтады. Оның есебінше, өзінің фирмасына қарасты казиноларды қарауылдайтын 120 күзетшінің тек 5-6-уы ғана жұмыс таба алуы мүмкін.

- Қазір күзетшілер арасында үлкен бәсекелестік бар. өзге үлкен мейрамханаларда бойы 180-200 см жігіттерді іздесе, бізде ондай емес. Онан қалды бізде тек ауылдан келген қарапайым жігіттер істейді. Олардың көбісі пәтер жалдайды, әрі кредиттері де бар. Егер казинолар 1-2 айда жабылып қалса, олардың жағдайы мүшкіл халге түседі деп ойлаймын, - дейді Сәкен Тұрғанұлы.

Ал осы шеруге қатысқан Қазақстандағы ойын бизнесі қауымдастығының заңгері Анжела Борисова бұл наразылық тек казиноларды көшіруге ғана емес, сонымен қатар оң жақты рөлді автокөліктерді айдауға тыйым салу сияқты ойластырылмаған әрекеттердің барлығына қарсы бағытталынып отыр дейді.

- Мәселе тек ойын бизнесінде болып отырған жоқ. Қауіпсіздік кеңесінде сонымен қатар, оң жақ рөлді автокөліктер мен үйдің бағасына да қатысты пікірлер айтылды. Депутаттар бізден бұрын мына жұмыссыз қалып бара жатқан азаматтарын ойласыншы. Үкімет қазір бізді әбігерге қалдырды. Бұл бизнесті не жаппайды, не дұрыс жолға қоймайды. Ал заңды осы күйінде қабылдауға болмайды. Қазір үкіметтің ісінде шалағайлық көп, - дейді Анжела Борисова.

Бұл биліктің казиноларды көшіру шешіміне қарсы бағытталынған 2-ші акция. Бұған дейін, яғни 22-ші қарашада Қазақстандағы ойын бизнесі қауымдастығының өкілдері Алматыда казиноларды тез арада Қапшағай мен Щучинск қалаларына көшіруге қарсы екендіктерін мәлімдеген баспасөз мәслихатын өткізген еді. Елдегі казиноларды Қапшағай мен Щучинск қалаларына көшіру жайлы шешім 13-ші қараша күні президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінде қабылданған болатын.
XS
SM
MD
LG