Accessibility links

Қабыл көшелері болмашы нәпақа табуға тырысушы балаларға толы

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Олардың ең кішілері- 5 жаста. Олардың көпшілігі- жетімдер. Дей тұрғанмен, отбасын асырай алмайтын ата-аналардың жұмсауымен зыр қағып, табыс іздеп жүрген балалар саны да күрт өсе түсуде. Олардың қазір мектепте оқып, білім алатын кезі еді.

Қабыл базарларына жақын көшелерде жас балалар қолына түскен затпен сауда жасауға тырысып бағуда. БҰҰ мәліметтеріне қарағанда, мектеп жасындағы 60 мыңнан астам балалар қазір Қабыл көшелерінде нәпақа табу үшін зыр жүгіруде. Кейбірі қайыр тілейді. Кейбірі аяқ киім тазалап, жөндеумен айналысады. Кейбірі су, сағыз, газет сатуда.

Ауған Конституциясы бойынша, 9-шы сыныпқа дейін мектепте оқу-міндет. Алайда, қараша айында халықаралық Оксфам қайырымдылық қоры жариялаған мәліметке қарағанда, 7 миллионнан астам Ауған балалары мектепке бара алмауда. Бұл, тұтас ел балаларының жартысынан көбін құрайды екен. Ол баяндама “Әрбір Ауған балаға тегін де сапалы білім” деп аталады. Қазір Ауғанстанда 5 миллиондай бала білім алуда екен. Алайда, кедейлік пен мектептердің жырақта орналасуы көптеген ата-аналарды балаларын оқыту мүмкіндігінен айырып отыр. Сондықтан да Оксфам ұйымы халықаралық донор елдердің 700 миллион доллар шамасында көмек көрсетуіне шақыруда. Ол қаржыға таяудағы бес жыл ішінде мектептер салынып, жаңа оқулықтар сатып алынбақшы. Ауғанстанның шет аймақтарында, тіпті қоғамдық қысымнан қорыққандарынан, ата-аналар қыздарын мектепке жібере алмайды екен. Жалпы олардың бойында ұлын да, қызын да оқытсам деген талап зор, дейді зерттеулер.

Көше балаларының тағдыры жөніндегі сауалға жауап бере келіп, президент Хамид Қарзай кедейліктен құтылып, жарқын болашақ орнатудың басты кілті-білім алуда, деп жауап берді. Халықаралық көмек қорларының қолдауымен Ауған үкіметі көше кезіп жүрген жетім балаларды мектепке тарту үшін кейбір бағдарламаларды бастап отыр. Ауғанстанның Еңбекпен қамту және әлеуметтік істер министрлігінің айтуынша ол бағдарламаларды жүргізуге қаржы тапшылығы қол байлау болуда. Сондай үкіметтік емес ұйымдардың бірі Ашиана екен. Дари тілінде ол сөз Ұя дегенді білдіреді. Яғни, білім ұясы. Отбасын асырау үшін көшеде сауда жасап жүргендердің бірі - Насир Ахмад деген бала болатын.

“Хума деген мұғалім мені көшеден тауып, ашианаға ертіп барғанға дейін мен көшеде жұмыс істейтін едім. Сауатсыз болатынмын. Мен мұнда оқуды және жазуды үйрендім. Содан кейін сурет салуға қызықтым. Қазір сурет класына қатысып жүрмін”, - деді Насир Ахмад «Азаттық» тілшісіне. Ол қазір де отбасын асырауға көмектесуде. Алайда қазір түске дейін Ашианадағы сабақтарға қатысып, сол жерде түскі тамағын жегеннен кейін ғана, түстен кейін көше жұмысына шығады екен.

Өткен 12 жыл ішінде Ашиана Қабылдан да тыс жерлерде өз бөлімшелерін ашып үлгерді. Қазір Мазари-Шарифте, Херат, Парван аймақтарында орталықтары бар. Оның сондай-ақ елге қайтып оралған босқындар лагерлерінде ашқан көмек бағдарламалары да жұмыс істеуде. Онда шамамен 3000-дай бала білім алып, тамақтанып, медициналық тегін көмекке ие бола алады. Ашиананың атқарушы директоры Мұхамед Юсуфтың айтуынша, балаларға мұнда бастауыш білім, яғни оқу, жазу дәрісі беріледі. Ай сайын бірнеше жүздеген көше балалары Ашиана көмегі арқылы қалыпты мектептерге өтіп жатады екен. Алайда, ол мүмкіндікке ие болған балалар- көшеде жүрген әрбір алты баланың біреуі ғана болып отыр.
XS
SM
MD
LG