Accessibility links

Буш Ирақтағы соғыс жөніндегі Жаңа стартегиясына неге асығар емес?

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Осыдан бір апта бұрын АҚШтағы қос партиядан жасақталған Ирақты зерттеу сарапшылар тобы АҚШтың Ирақтағы Жаңа стратегиясы жөніндегі жобасын ұсынған болатын. Бұл арада 3 жарым жылдан бері жалғасып келе жатқан Ирақ соғысын қалай нәтижелі аяқтау жөнінде президент Буш өз кеңесшілерімен пікір алмасып келеді.

Міне енді, желтоқсанның 13і, сәрсенбіде Буш Ирақ мәселесін арнайы талқылау үшін Пентагонға келді. Қорғаныс министрлігі басшыларымен болған бетпе-бет кездесуде Буш, әзірше, өзінің Жаңа стратегиясының жоқ екендігін білдірді. Конгресмендердің бір бөлігінің бұл мәселеде шұғыл әрекет қажет екендігін талап еткендігіне қарамастан, Буш әзірше өзінің Ирақ жөніндегі Жаңа стратегиясын жарияламай отыр.

Сонымен, АҚШ президенті Ирақтағы стратегия бойынша Қорғаныс министрлігіне барып кеңескенде негізінен қандай жағдайға тоқталды ?

Пентагонда Қорғаныс министрлігі ресмилерімен кездескенде президент Буш Ирақтағы Жаңа Стратегия бойынша әзірше өзінің асықпайтындығын алдымен былайша жеткізді.

- Бұл арада, мен бұл қиын мәселені шешуге асықпаймын. Мен әзірше өз әскерлеріме, міне сіздерге қару-жарақ, міне стратегия, ал енді табысқа жетіңдер, дей алмаймын. Сондай-ақ, жаңа қорғаныс министрі Ирақтағы жағдайды зерттеп, өз бағасын бере алуы үшін де уақыт керек. Сонда ғана жаңа министр маған дұрыс, қажетті кеңес бере алады, деді президент Буш.

Жалпы алғашқы бағдарламаға орай, Буш осы желтоқсан айының соңына дейін өз жоспарлары бойынша кеңірек баяндама жасамақ болған көрінеді. Бірақ, аяқ астынан, сейсенбі күні Ақ үйден хабарланғанындай ол баяндама жаңа жылдан кейінге қаңтарға қалдырылыпты.

АҚШ президенті бұл күні генералдарға білдіруінше, Ирақтағы жаңа стратегия бойынша оған көптеген идея, ойлар айтылыпты.

– Кейбір қызық ойлар да айтылды. Бірақ жоспарлы жұмысты аяқтамай кету керек деген идеяға қарсы болдым. Сондай-ақ, Ирақ үкіметіне қажетті шараларды іске асыру кезінде көмектеспей өздеріне қалдыру керек деген ойға да қарсымын, деді президент Буш.

Ирақ зерттеу тобының ұсынысы бойынша, 2008-жылдың бас кезінде Ирақтағы АҚШ күштерін кері қайтару мәселесі қойылыпты.Сондай-ақ, егер Ирақ үкіметі елдегі қауіпсіздік үшін жауапкершілікті өз мойнына алып жедел әрекетке кірмесе, онда, АҚШ тарапынан қолдау мәселесін қайта қараған жөн болар депті.

АҚШ президенті Ирақ тобының баяндамасына қарсы ештеме айтпағанымен, қандай ұсыныстардың ұнағаны жөнінде де пікір білдірмеді. Буш бұл орайда өз қорытынды ойларын Ұлттық теледидардан шығып айтамын деді.

Дегенмен, Ирақ зерттеу тобының негізгі бір ұсынысы, Ирақтағы жағдайды тұрақтандыру үшін Дж. Буш Таяу шығыстағы Ираққа көрші елдермен дипломатиялық байланысты нығайтуы қажет екен. Өз кезегінде президент Буш соңғы күндері Йордания, Сауд араб елі және Ирақтағы Күрд жетекшілерімен кеңесіп жатқандығын айтқан.

Бірақ Буш ол аймақтағы маңызды екі ел Иран және Сирия жөнінде бірер ой айтпапты. Себебі, Ирандағы ядролық бағдарлама және Сирияның терроршы топтарға қолдауы жөнінде Буштың өз күдігі бар.

Жалпы, Бушты оның алғашқы әскери стратегиясы үшін АҚШта қатты сынап келеді. Дегенмен, Ирақтағы курстан таймаймын демегенімен, Буш, әзірше, Ирақтан кетпейтіндігін де ашық білдіріп қойды.

- Біз бұл шарадан бас тартпаймыз. Американдықтар мен Ирақ халқына жамандық жасамақ экстремистердің қолына Ирақты беріп қоюдың салдары ауыр болмақ, деді Дж.Буш.

Дегенмен, Ирақтағы соғыстың ұзаққа сызылып кеткендігіне байланысты Конгресстегілер алаңдаулы екен. Мысалы, Сенаттағы көпшілік жетекшісі, демократ Харри Рейдтің айтуынша, бұл жағдай ешкімнің мүддесіне сай емес екен. Сондай-ақ, республикашылардан сенатор Чак Хагелдің Нью Йорк Таймз газетіне айтуынша, Ирақ мәселесін соза беру кешірілмес жағдай.

Ал бұл арада АҚШтың аймақтық одақтасы Сауд Араб елі АҚШ күштері Ирақтан кері қайтарылса онда үлкен азаматтық соғысы басталады деп ескертеді.

Пентагондагы кездесуде президент Бушпен бірге қызметтен кеткен Қорғаныс министрі Рамсфельд, жаңа министр Роберт Гейтс және АҚШ президентінің орынбасары Дик Чейни де болды.
XS
SM
MD
LG