Accessibility links

Әндіжан оқиғасынан кейін шетке босып кеткендердің жағдайы 2006-шы жылы да қиын күйінде қалды


2005-ші жылдың мамыр айында Әндіжандағы қырғыннан кейін Өзбекстанмен көршілес Қырғызстанға 800-дей адам өтіп кеткен болатын. Оның жартысына жуығы БҰҰ-ның көмегімен үшінші елдерге жайғастырылған еді. Ал, олардың кейбірі күшпен Өзбекстанға қайтарылды. Босқындардың арасында туған жеріне өз еріктерімен қайтқандары да бар екен.

Әндіжан оқиғаларынан кейін босып кеткендердің әсіресе Қырғыз жеріне бас сауғалағандарына назар көп тігілген болатын. БҰҰ жанындағы Босқындар ісі бойынша агенттік олардың бірнеше жүзін Румын жеріне қоныстандырған еді. Алайда, жүздегені әлі де Қырғыз жерінде қалып отыр.

Ол босқындардың 15-сін ресми Ташкент “Өзбек үкіметін күшпен құлатқысы келді”, деп айыптаған еді. Сонымен олардың 11-іне Қырғыз елі саяси баспана беріп, 4-еуіне байланысты Өзбек үкіметі ұстанымымен Қырғыз соты келіскен болатын. Бірақ ол төртеу де Қырғыз жерінде жүр екен. Қырғызстандағы басқа босқындарды Қырғыз тарапы ақырын ғана Өзбек қауіпсіздік күштеріне тапсырған болуы мүмкін, дейді сарапшылар.

Ал, Украин билігі болса, Қырымда 11 өзбек босқынын тұтқындап, Өзбекстанға тапсырған болатын. Халықаралық сындарға жауап бере келіп, Украина Сыртқы істер министрлігі ол босқындар мұнда жүргенде заңсыз әрекеттер жасады, деп дәлелін алға тосты.

Мәскеу соты болса Рустам Муминовты еліне қайтару жөніндегі шешімді қараша айының басында шығарған еді. Бір қызығы ол шешімнен бұрын-ақ Ресей билігі Муминовты Өзбек жағына тапсырып қойған болатын.

2006-шы жылы өз еркімен еліне қайтқандар да бар. Мысалы, 150-дей босқынның үштен бірі солай істеген екен. Өзбек үкіметінен кешірім жасау ұсынысын алғаннан кейін Құрама Штаттарда орналасқан сондай босқындар жаз ортасында елдеріне қайтқан еді. Өзбек үкіметі оларды теледидар арқылы сөйлетіп, елде барлығы да қалыпты жағдайда, дегенді насихаттауға барынша тырысты. Қазір олар жөнінде арнайы фильм түсірілуде екен.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, өз еркімен оралып жатқандар Отандарын сағынып немесе патриоттық сезіммен емес, елде қалған туыстарына қысымның күшеюі себепті қайтып келуде екен.

Әндіжандық 400-дей босқынның негізгі бөлігін БҰҰ-ның Босқындар ісі бойынша агенттігі Еуропа мен Солтүстік Америкаға орналасуларына көмектескен болатын.

Осы ұйымның Бішкектегі өкілі Карлос Зассагнинидің айтуынша, Әндіжан босқындарының Қырғызстанда қалғандарының, саяси және әлеуметтік дәрежесі белгіленбестен, онда әлі заңсыз түрде жүр.

“Баспасөз құралдарынан сіз босқындар саны жөнінде түрлі мәлімет естуіңіз мүмкін. Бір бұлақтарға қараңанда, ол мыңдап саналады, екіншілері бірнеше жүз босқындар бар, дейді. Сондықтан дәл айту қиын. Менің анық білетінім 100-дің үстінде”, деді Засагнини. Онсыз да жұмыссыздық басым аймақта босқындардың кейбірі жан сақтау үшін қайыр сұрауда екен.
XS
SM
MD
LG