Accessibility links

«Азаттық» радиосының тілшісі Алматыда қамауға алынды


«Азаттық» радиосы Қазақ қызметінің Бішкектегі тілшісі Азамат Жетпісбаевты желтоқсанның 15-күні Алматыда Қазақстанның қаржы полициясы қамауға алды. Соңғы бір жарым жыл бойы Қырғыз елінің астанасында тұрған Азамат Жетпісбаев бұл жолы Алматыда өткен Орталық Азиядағы демократиялық процестерге арналған екі күндік халықаралық конференцияға қатысуға келген еді.

Азамат Жетпісбаевты неліктен қамауға алғандарын Сыбайлас жемқорлықпен және экономикалық қылмыстарға қарсы күрес агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің өкілдері айтпай отыр. Аталмыш департаменттің тергеу басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Жұмағалиев жұма күні кешкісін одан қандай да бір түсінік алуға талпынған «Азаттық» тілшісіне бұл жөнінде тек жазбаша сауалға жауап беретінін айтумен шектелді.

Азамат Жетпісбаев желтоқсанның 14-15 күндері Алматыда өткен Орталық Азиядағы демократиялық процестерге арналған екі күндік халықаралық конференцияға жастар ұйымының өкілі ретінде қатысуға келген еді. Осы жиында Азамат Қазақстан мен Орталық Азиядағы демократияландыру процесіндегі жастардың рөлі мен маңызына қатысты сөз сөйлеген болатын. Бұл сөзінде ол Қазақстандағы билік пен оппозицияның ортақ мәмілеге келіп, ұлттық диалог өткізуге және елде саяси көзқарасы үшін қудалауды тоқтатуға шақырған еді.

22-жастағы Азамат Жетпісбаев соңғы кездері «Азаттық» радиосы Қазақ қызметінің Бішкектегі тілшісі болып жұмыс істеп жүрген болатын. Ол осыдан екі жыл бұрын Астана қаласындағы жастар қозғалысының белсендісі ретінде танылды. Өзі құралыптас әрі пікірлес Махамбет Әбжанмен бірге Қазақстанның Отаншыл жастар одағы ұйымын құрды. Бұл ұйым Қазақстанда демократиялық бағыттағы саяси реформалар жүргізуді мақсат тұтты. Ал, 2005 жылы жаз айының соңында Махамбет Әбжан мен Азамат Жетпісбаев өздерінің саяси көзқарасы үшін билік тарапынан қудалауға ұшырағандарын, сондықтан Қырғызстан астанасы Бішкекте бассауғалауға мәжбүр екенін айтып, мәлімдеме таратты. Арада біраз уақыт өткенде, яғни 2005 жылғы желтоқсанның 13 күні, Бішкек қаласы ішкі істер басқармасының қызметкерлері сол қалада пәтер жалдап тұрып жатқан Қазақстан азаматтары Махамбет Әбжан мен Азамат Жетпісбаевты ұстады. Сол күні Азаматты босатқан Қырғыз ресми орындары Қазақстанның бас прокуратурасы Махамбет Әбжанды мемлекеттік бюджет қаржысын өз мақсатына пайдаланып, талан-таражға салған деп айыптап отырғанын алға тартты. Ал былтырғы желтоқсанның 23-күні Қырғыз жағы Махамбет Әбжанды Қазақстанның заң орындарына тапсырды. Содан бастап Астананың тергеу абақтысында қамауда болған Махамбет Әбжанды биыл желтоқсанның 11-күні Астана қаласының екінші аудандық соты сайлау науқанындағы насихатқа бюджеттен бөлінетін қаржыны өзге мақсатқа жұмсаған деп тауып, оның мүлкін мемлекет пайдасына тәркілеп, 3 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Және сол үкім бойынша Махамбет өзіне тағайындалған жазаны өтеп бостандыққа шыққан соң, оған 2 жыл бойы қоғамдық жұмыспен айналысуға тыйым салынды.

Енді Махамбеттің пікірлесі Азамат Жетпісбаев та қамауға алынып отыр. Әзірге Алматының қаржы полициясы оған тағылған айып жайында баспасөз құралдарына ешқандай ақпарат бермей отыр. Азаматтың Алматыға келгенінен хабарсыз отырған Қарағанды облысында тұратын оның ата-анасы да баласының қамауға алынғаны туралы суыт хабарды жұма күні бір-ақ естіді.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG