Accessibility links

1986 жылғы желтоқсанда Алматыдағы жастар наразылығы жөнінде сол кезде шетелде тұрған қазақтар естелігі

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

1986 жылғы желтоқсан оқиғасының лебі өзге шетелдерге де жетіп, сол елдердегі қазақ жастарына рухани күш берген. Әсіресе, қазағы қалың моңғол елінде қазақ жастары Алматыдағы желтоқсандықтарға үн қосып, рухани қолдау білдіруге тырысқан. Мұны кейіннен Қазақстанға оралған шетел қазақтарының айтқан сөздерінен тыңдап білуге болады.

1986 жылы шетелдерде болған қазақ жастары Алматыдағы желтоқсан оқиғасы олардың саяси өміріне әсер етіп, Қазақстанға оралуға деген құштарлығын өсіре түскенін айтады. Олардың бірі, желтоқсан оқиғасы кезінде қазақ жастарының көрген азаптарын естігенде, қатты ызаланғандарын айтса, екінші біреулері, желтоқсанды Кеңес Одағының қабырғасын сөккен оқиға деп қабылдағанын айтады. Солардың бірі 1986 жылы Будапешт Малдәрігерлік Университетінде оқыған Бабақұмар Қинаятұлы.

- Будапештте біршама қазақ жастары бар еді. Барлығымыз бір-бірімізбен жақсы байланыста тұрдық. Барлығымыз ақылдасатын, уәжін тыңдайтын адамымыз атақты Иштван Қоңыр Мандоки болатын. Ол кісі «социализмнің ақырына көп қалған жоқ» деп айтатын. Сол 90-шы жылдардың ішінде күйреу шегіне жетеді деп отырғанбыз. Алайда, 1986 жылы бізге «Алматыда жастардың осындай үлкен көтерілісі болды» деген хабар жетті. Еуропада бұл үлкен тақырыпқа айналды. Бірақ, Еуропа Кеңес Одағындағыдай емес, бұл оқиғаны басқаша түрде түсіндіруге, талдауға тырысты, - деп еске алады Бабақұмар Қинаятұлы.

Б.Қинаятұлы қазақтармен бір жағынан туыстық байланыстары бар, екінші жағынан социалистік лагерь жүйесіндегі тағдыры ұқсас болған венгр халқының жазықсыз жастардың қаны төгілген желтоқсанды түсіністікпен қабылдағанын айтады.

- Олар «қазақ жастарының көтерілуі заңды, қазақ басшысын алмастыруға, ұлттың намысын аяққа таптауға болмайды» деді. Бізбен оқитын студенттер қазақтарға қолдау білдіріп отырды. Олар «бұл үлкен мәселе, өйткені халықаралық сахнаға шығып отыр» деді. «Қалай болыпты, қанша адам қырылыпты? Біздегі 1956 жылғы венгр төңкерісіне ұқсас па?» деген сұрақтар қоятын, - дейді Бабақұмар Қинаятұлы.

Қазақ жастарына осы сияқты қолдауды көршілес моңғол халқы да көрсете алды дейді 1980-ші жылдары Моңғол Мемлекеттік Университетінде студент болған Нәпіл Базылхан.

- Моңғолдар қашанда қазақтарды тарихы тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да бағалай білген. Алматыдағы көтерілісті де олар дұрыс қабылдады. «Қазақтар көтеріліп жатыр, сендер де бармайсыңдар ма?» деген моңғол мұғалімдер де болды. Бірақ олар Мәскеуге көп алаңдайтындықтан, көп ақпарат таратқысы келмеді. Бізге ақпарат студенттер арқылы жетті. Біз хат алмасып, жиі хабарласып тұратынбыз. Тіпті, біз де осы оқиғаға қатысуға дайын едік, - дейді Нәпіл Базылхан.

Сонымен қатар Нәпіл Базылхан, желтоқсан көтерлісі кейіннен Кеңестер Одағының ыдырауына түрткі жасаған оқиға екендігін жоққа шығаруға болмайды дейді. Оның айтуынша, Алматының қақаған қысында болған жастар дүмпуі тек Кеңестер ғана емес, сонымен қатар моңғол елінде де өз жалғасын тауып, жергілікті жастардың демократиялық жаңаруларға араласуына ықпал жасаған.

- Жалпы желтоқсан оқиғасының Моңғолияға әсері болды. Өйткені, Моңғолиядағы демократияның басталуы, осы Алматыдағы, сосын Грузиядағы, Таллиндегі оқиғаларға байланысты. Бұдан моңғол жастары үлгі алды деп ойлаймын. Осы бойынша 90-шы жылдары Моңғолияда демократиялық өзгерістер болды. Басқарушы партия «жарайды жастар, демократия дұрыс екен» деп берілді. Біз соның басы-қасында болдық, - дейді Нәпіл Базылхан.

Ал сол кезде Иранда тұрған ұлты қазақ Жүсіп Пилтан хабарды алғаш естігендегі сезімін былайша еске алады.

- 1986 жылғы оқиғаны телеарна арқылы жапон ақпарат агенттігі таратқан жаңалықтардан көрдік. «Қазақ басшысын ауыстырып жатыр, соған байланысты қазақ жастары көтеріліс жасап жатыр» деді. Қанымыз қайнап, денеміздің бір мүшесі бөлінгендей болды. Шыдамсыз болдық, бір нәрсе айтқымыз келді. Өкінішке орай, қолымыз байлаулы болды. Қалай да болғанда, жәрдемдессек деген ниетіміз болды. Иранда жергілікті орыстар тұратын. Солармен қазақтар біраз егесіп, өздерінің қарсылықтарын білдірген, - дейді Жүсіп Пилтан.

1980 жылдары Қарақалпақстанның идеология саласында қызмет істеген Дина Бөлешова шетелдерден гөрі, Кеңес Одағында желтоқсан жайлы мәлімет алу қиынырақ болды дейді.

- Мұны тек Қарақалпақстанда оқыған интеллигенция өкілдері мен Алматыда оқитын студенттер ғана білетін. «Қалай болды» деп сұрағанымызда, «Алматыдағы жастарды қырып жатыр» деп естідік. Олар да айтуға қорқатын еді. Сол жылдары, әрине, партияның хабары болғандықтан, барлық жерде тексеру болды, жатақханаларды тексерді. Ал ауылдық жерге ол жеткен жоқ, - дейді Дина Бөлешова.

Алматыда қазақ жастарының Кремль саясатына қарсы 1986 жылы желтоқсанда бас көтеруі туралы хабарды сол кезде әуе кеңістігінде қазақ тілінде алғаш рет «Азаттық» радиосы таратқан болатын. Ал кеңестік-коммунистік ақпарат-насихат құралдарында Алматыдағы бұл көтеріліс «кеңестік жүйеге жат пиғылдылар мен маскүнем-нашақорлардың басбұзарлығы» деп сипатталды.
XS
SM
MD
LG