Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.16.2006 жыл

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Сенбі күні жарыққа шыққан мерзімді басылымдардың кейбірі Қазақстан тәуелсіздігі күні мерекесіне назар аударып, тәуелсіздік таңы атқанымен оның жылуы ұлтқа шуағын шаша алмай отырғандығын тілге тиек етіпті. Ал кейбір басылымдар Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына орай мақалалар топтамасын ұсынып, дүниені дүр сілкіндірген оқиға кезінде 60 мың адамның алаңға шыққандығын жазыпты.

«Айқын» басылымы тәуелсіздік күніне орай «Ел тәуелсіздігіне қауіп бар ма?» деген сауалмен бірқатар саясаткерлерге сөз кезегін ұсынған екен. Басылымға пікір білдірген саясаткер Дос Көшім: «Бірінші - тәуелсіздікті қазақ ұлтының мемлекеттігіне айналдыруды түсінбеу ең үлкен қауіп. Қазіргі кезде Қазақстанның тұтастығына белгілі-бір қауіп төніп тұрған сияқты, меніңше оны екі-үш мысалдан аңғаруға болады», дейді де, оған соңғы уақытта квота арқылы көтеріліп жүрген басқа ұлт өкілдерін Парламентке кіргізу мәселесін, екіншіден - ұсақ-түйек сияқты көрінетін түркиялық жұмысшылармен арадағы дүркін-дүркін төбелестерді, Шелектегі оқиғаны алға тартады. Ал осы мәселе төңірегінде пікір бөліскен саясаткер Серікболсын Әбділдин: «Қауіп менің ойымша, халықтың көңіл күйінен туындайтын сияқты. Жұрттың жұмысы, жақсы табысы болса сол табысы аясында байлыққа қол жеткізетіндей мүмкіндігі болса, онда халық осы тәуелсіздікті сүйеді, жақсы көреді, оны қал-қадірі жеткенше қорғайды. Сол себепті, ең алдымен тәуелсіздік тұғырының берік болуы халықтың әл-ауқатына байланысты болмақ», деген пікірін білдіріпті. Ал жазушы Қайым-Мұнар Табей: «Қауіп деген нәрсе қай қоғамда да, қай кезеңде де болған. Бірақ оны болдырмаудың жолдарын тарих сабақтарынан іздеп, көңілге түйгеніміз абзал. Ал Қазақстан секілді көпұлтты унитарлы мемлекетте қауіпті ойлап үрейленгеннен ішкі бірлікті сақтайтын, тұтастығымызды ыдыратпайтын біртұтас саясат жүргізу бәрінен де қолайлырақ», дейді.

Тәуелсіздік тақырыбын «Түркістан» басылымының соңғы санында Есенгүл Кәпқызы да көтереді. Автор: «Тәуелсіздік таңы алаулап атқанымен, оның жылуы ұлтқа шуағын шаша алмай отыр. Тәуелсіздікті баянды етудің шарттары көп. Соның ең бастысы – ұлт мүддесі», дейді. Одан әрі Есенгүл Кәпқызы: «Біз ұлт саясатына келгенде әлі күнге дейін солқылдақтық танытып келеміз, сол себептен «16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні» мен «17 желтоқсан – қазақ жастарының ұлт-азаттық көтерілісі» күндерін Жаңа жыл мейрамының тасасында қалдырып келдік. Өйткені қала көшелерінде Тәуелсіздік мейрамы емес Жаңа жылдың жарнамасы мен мұндалап тұр. Жұрттың көбінде тәуелсіздік мейрамына емес жаңа жыл мейрамына деген әуестік басым. Бұл ненің белгісі? - деген сауал қойып, бұл тәуелсіздікті жеріне жете насихаттап, жас буынның санасына оның мәнін жеткізе алмағандығымыздан», деп жазады.

Ал республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» басылымдары Қазақстан тәуелсіздігінің 15 жылына баға беріп, егемендіктің алғашқы жылдарында ең қиын жағдайлар, ең ауқымды реформалар жүргізілді. Енді міне, 15 жылда жаңа ел болдық жазады. Сондай-ақ, басылымдар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзін берген.

Желтоқсанның 20 жылдығына орай «Егемен Қазақстан» басылымы ұсынған топтамада «Ақиқат айғақтары» айдарымен берілген мақалада дүниені дүр сілкіндірген сол оқиғада 60 мың адамның алаңға шыққандығы айтылыпты. Басылымның жазуына қарағанда, оның 8 мыңы уақытша қамауға алынған. Ал 200-дей адам әртүрлі мерзімге абақтыға жабылып, 1500 адам әкімшілік жазаға тартылған.

«Айқын» басылымы желтоқсан құрбаны болған Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының 8 ғалымының әлі күнге дейін ақталмай отырғандығын жазыпты. Бұл ғалымдар алаңға шыққан жастар секілді түрмеге жабылып, қорланбағанымен олар астыртын қуғынның құрбаны болып , психологиялық-моралдық қысыммен қызметтерінен шеттетілген. Осы секілді арамызда желтоқсанның құрбандары қаншама? - деп сауал тастаған «Айқын» басылымы Желтоқсанның сызаты әлі күнге дейін жойылған жоқ. Ақтау жұмыстары жалғастырылуы тиіс», деп жазады.
XS
SM
MD
LG