Accessibility links

Қоғамдық ұйымдар Желтоқсан құрбандарына тағзым жасады


Желтоқсанның 14-күні Алматыда Қазақстан мен Орталық Азиядағы демократиялық процестерге арналған екі күндік халықаралық конференция аяқталды. Оған қатысқан қазақстандық бірқатар қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың және Өзбекстан мен Қырғызстаннан Алматыдағы жиынға арнайы келген демократиялық ұйым өкілдері бейсенбі күні түстен кейін Алматының Республика алаңына келіп, осы жерде 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, құрбан болғандардың аруағына тағзым етіп, тәуелсіздік ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Бейсенбі күні аяқталған халықаралық конференциядан кейін Алматының орталық алаңына екі автобус пен ондаған жеңіл көлікке тиеліп келгендердің дені Қазақстандағы оппозициялық партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың, қазақ ұлттық қозғалыстардың мүшелері еді. Сондай-ақ, олармен бірге Алматыда өткен екі күндік жиынға көршілес екі ел - Қырғызстан мен Өзбекстаннан арнайы келіп қатысқан сондағы демократиялық ұйым өкілдері де болды. Алаңға келген жұрт ең әуелі Желтоқсан құрбандарына ілінген тақтайша алдындағы тұғырға гүл шоғын қойып, Кеңес империясы кезінде Мәскеудің саясатына қарсылық білдіргені үшін қуғынға түсіп, азаттық жолында құрбан болған боздақтардың аруағына тағзым жасады. Осы жерде Қазақстанның «Нағыз Ақ жол» партиясының мүшесі саясаткер Жасарал Қуанышәлі дәл бұл алаңда осыдан жиырма жыл бұрын оқиғаны еске алып қысқаша сөз сөйледі:

- Біз бүгін халқымыздың тарихында зор орны бар Желтоқсан көтерілісінің алаңына келіп тұрмыз. Осы жерде мынау жазылған тақтаның астында тұрып мен ойлаймын, біздің ескерткішіміз басқашалау болуы керек. Осыдан жақын жерде өкіметтің, биліктің асығыс, жиырма жылдыққа қойған ескерткішін халық қабылдаған жоқ және қабылдамайды да. Сондықтан, менің айтар тілегім: осы алаңда қандарын төккен боздақтарды еске ала отырып, соларға тағзым етіп, басымызды ие отырып, келешек 21 жылдығы бола ма, баршамыз басқа жағдайда жиналайық. Желтоқсанның шындығы ашылған жағдайда, оған ешқандай кедергі болмайтындай жағдайда жиналайық. Және де, ең асылы, сол азаматтардың барлығы өзінің лайықты бағасын алып, соларға лайықты ескерткіштің қасында жиналайық деп тілек айтқым келеді. Шынайы тәуелсіздікке жетуге Алла бұйырсын!

Бұдан соң жиыналған жұрт орталық алаңдағы Тәуелсіздік ескерткішіне де гүл шоқтарын қойып, ел тәуелсіздігі мен ұлт бостандығы жолында күрескендерді еске алды. Бұл жерде сөз кезегін осыдан 15 жыл бұрын Қазақстан өзін тәуелсіз мемлекет деп жариялаған кезде Жоғары Кеңестің төрағасы болған, ал соңғы он 12 жыл бойы билікке оппозицияда жүрген Қазақстан коммунистерінің жетекшісі Серікболсын Әбділдин алды:

-Бұл тәуелсіздікті біздің халқымыз көп жылдар күткен. Осы мұратымызға жеттік, көптеген үміті орындалмаған да болар, әйткенменен, тәуелсіздіктің іресі берік болсын, келесі жылдарда әрбір отбасында бақыт болсын, бүкіл халқымызға амандық, денсаулық, жақсы өмір тілеймін!

Алаңға келгендердің бірі ақын Айсұлу Қадырбаева тәуелсіздік пен бостандық рухына арналған өлең жолдарын оқыды.

- Осы алаңда қанды қырғын болды - оған тарих куә. Тарих тағы да бір сұмдық нәрсеге куә: мынау, сіздерге қарап тұрған терезелер, осы терезеден қарауға ғана мұршасы келді қазақтың, халықтың... Мынау алаңдағы қырғынға ұшыраған жастардың жанына араша түсе алмадық – ең қиын жағдай осы! Халқымыздың ата-бабамыздан қанымызда келе жатқан рухы бар, Алла-тағала сол рухты аяқтың астына түсірмесін деймін!

...Қой кеткен қорадай қаңырап-ай, Болған іске болат бол деуші еді баба, Кел, кәнеки, жұмылып күш қылалық, Жоқтау салып айнала жамырамай. Көз жүгіртсек тарихқа, тегінде біз Ғұмыр бойы майданның шебіндеміз, Ақиқаттың жолында ұмтылдың ба, Жарты қадам кейінге шегінбеңіз! Шегінбеңіз - біз майдан шебіндеміз!!

Бейсенбі күні Алматыдағы орталық алаңға келгендердің арасында Қырғызстанның «Еркіндік» партиясының жетекшісі Топчыбек Тұрғыналиев болған еді:

- Бұл жерде өз пікірін айтып шыққан қазақтың таңдаулы жастарын аяусыз басып-жаншып, әдейі, қолдан қырғын ұйымдастырған, мен оны геноцид деп атар едім. Бұл Желтоқсан көтерілісі сол кездегі коммунистік диктатураға, Кремльдің зорлық-зомбылығына ашықтан-ашық, қаймықпай қарсы шыққан қазақтың қыз-жігіттерінің ерлігі болды. Сол жол арқылы Қазақстанды шынайы егемендікке, еркіндікке алып келуді көздеді.
XS
SM
MD
LG