Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.14. 2006 жыл


Қазақстанда бейсенбі күні жарыққа шыққан бірқатар мерзімді басылымдар Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығын өздеріне басты тақырып етіп мақалалар топтамасын ұсыныпты. Басылым беттерінде сөз алған сарапшылар «17 желтоқсанды - Ұлттық Отаншылдық ояну күні» немесе «Ұлт азаттық көтеріліс күні айшықтаған дұрысырақ болар еді» деген пікірлерін білдіріпті.

Оппозициялық бағыттағы «Тасжарған» басылымының соңғы санында «Көтеріліс қазақ жерін отарлаудан құтқарды» атты мақалада автор Жасарал Қунашыәлі: «1986 жылдың желтоқсаны жәй оқиға емес, шын мәнінде бұл - көтеріліс» дейді де, одан әрі «егер біз Желтоқсан оқиғасын Қазақстанның жаңа тарихы бастауына қағылған қада деп мойындасақ, оны тым абстракты қалыпқа салып демократиялық жаңғыру күні деген жасанды шеңберге зорлап тықпыштаудан аулақ болғанымыз жөн. Меніңше, оқиғаның төл тарихи-саяси болмысына сүйене отырып, 17 желтоқсанды Ұлттық Отаншылдық ояну күні немесе Ұлт азаттық көтеріліс күні деп айшықтаған дұрысырақ болар еді» деп жазыпты. Ал «Жауапсыз қалған қиянат» атты мақалада Желтоқсан көтерілісінің шындығы мен ақиқатын ашуға арналған «Желтоқсан-86» атты он томдықтың жарық көргендігі туралы айтылыпты.

«Егемен Қазақстан» басылымында жарық көрген «Желтоқсан желі: беймәлім беттер» атты мақалада автор Мейрам Байғазин өз көзімен көрген құжаттардағы біраз жайттарға тікелей куә болғанын баяндайды. Автордың жазуына қарағанда, оқиға кезінде әр ұлттың өкілінен тұратын 2401 адам ұсталып, Алматы қаласында 326 адам әкімшілік жауапқа тартылған. Қылмыстық тәртіп бойынша 99 жас сотталған.

«Жас Алаш» басылымының бейсенбілік санында «Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбира» атты мақалада осыдан 20 жыл бұрын желтоқсан қатысушысы Ербол Сыпатаевтың басына тиген соққыдан қаза тапқандығы, Сәбира Мұхамеджанованы Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің қорлағандығы айтылыпты. Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің анасы Дәметкенге ұлының құны үшін үкіметтің 31 миллион сом, яғни 62 мың теңге ақша бергендігі тілге тиек етіліпті. Ал басылымның «Келер күннен не күтеміз?» айдарымен берілген мақалада Шадияр Өстемірұлы Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің қазасына «саяси терроризм» деп баға беріп, Қазақстан Жоғарғы соты Алматы облыстық сотының үкімін ешбір өзгеріссіз қалдырғанын жазыпты. Сот процесінде жәбірленушілердің де, айыпталушылардың да құқықтарының бұзылғанын алға тартқан автор жәбірленушілер Жоғарғы соттың қадағалау алқасына шағым түсіреді. Егер бұл тараптан ештеңе өнбесе онда олар халықаралық сот институттарына шағым түсірмек деп жазыпты.

Алдағы Тәуелсіздік күніне орай мақалалар топтамасын ұсынған «Казахстанская правда», «Экспресс-К» басылымдары мереке қарсаңында Қазақстан президенті өз жарлығымен бір топ азаматтардың мемлекетке сіңірген еңбегі, қоғамға тигізген пайдасы үшін мемлекеттік наградалармен марапаталғанын жарыса жазыпты.
XS
SM
MD
LG