Accessibility links

АҚШ әскерінде аяқ-қолын жоғалтқан жауынгер қоғам қатарына мейілінше толық қосылады


Ирақ пен Ауғанстанда ауыр жарақат алған америкалық сарбаздардың саны мыңдап саналады. Олар қай жерде, қалай емделеді екен? АҚШ әскерінің ардагерлері де, жас сарбаздары да Вашингтон маңында орналасқан "Уолтер Риид" әскери-медициналық орталығында емделеді. Мұнда Екінші Дүниежүзілік соғыста зардап шеккен ардагер де емделеді, Ирақ соғысында күні кеше жараланған жас сарбаз да емделеді.

"Уолтер Риид" әскери-медициналық орталығы 1909 жылы құрылған. Мұнда АҚШ әскері жүргізген алты соғыста жарақат алған сарбаздар емделеді. Екінші Дүниежүзілік соғыс, Корей соғысы, Вьетнам соғысы, 1990 жылғы Парсы шығанағы соғысы сияқты төрт әскери науқанның ардагерлеріне міне Ирақ пен Ауғанстандағы соғыстардың жауынгерлері қосылып жатыр. Бұрынғы соғыстардың ардагерлері ара-тұра келіп қаралады, қажет емдерін алып тұрады. Сондықтан бұл госпитальде қарт ардагермен қатар бір дәлізде жүрген, бір палатада жатқан жас жауынгерді де көруге болады. Күні кеше Бағдад көшесін күзеткен жауынгер мұнда 1945 жылы Парижді азат еткен зейнеткермен қатар емделеді.

Жалпы Ирақта қатты жарақат алған сарбаздар алдымен Ирақтың өз басында бес әскери госпиталдің біріне жеткізіледі. Жағдайлары ауыр жауынгерлер сосын Германияда орналасқан АҚШ әскерінің медициналық орталығына жөнелтіледі, одан ары Америка Құрама Штаттарына жөнелтіледі. Отқа күйіп жарақат алған жауынгерлер Техас штатында орналасқан "Брук" медициналық орталығына апарылады. Ал біздің тілшіміз Хийтер Мейер барған Вашингтон маңындағы медициналық орталыққа басынан жарақат алғандар не болмаса аяқ-қолдарын жоғалтқан жауынгерлер әкелінеді.

Көптеген жауынгер басынан да жарақат алған, аяқ-қолдарын да жоғалтқан. Олар көбінесе жол бойына қойылған бомбалардан зардап шеккендер. Мұндай бомбалар күл-қоқыстың арасына да салынады, жол үстінде топырақтың астына да көміле салынады, тіпті өліп жатқан малдың ішіне де қойылады. Төменнен жоғары жарылыс толқындары бұрқ еткенде мұндай миналар аяқ-қолды, бастағы касканы жұлып әкетеді. АҚШ қорғаныс министрлігінің мәліметіне қарағанда, биылғы жылдың 18 желтоқсанына дейінгі мәліметке қарағанда, Ирақта 2.936 америкалық сарбаз қаза тапты. Жарақат алғандардың саны бұдан шамамен он есе көп – 22.229. Олардың он мыңы қызметке жарамай қалды.

Аяқ-қолдарын жоғалтқан жауынгерлерге протез жасалған соң олар түрлі дайындықтан өтеді. Реабилитация департаментінің бастығы Матт Шерер радиомызға айтқандай, мақсат – жаралы адамдарды тек аяққа тұрғызу емес, олар өз аяқтарымен жүріп кетті деп қанағат тұту емес. Мақсат – жауынгерлердің өздері әдепті қалып деп қабылдайтын халге жеткізу, ал бұл дегеніңіз – олардың күні кеше Бағдадта 49 градус ыстықта жүгіре алған, 32 килограмм салмақты арқаға асып түрлі қимыл жасай алған халдері. Сондықтан жараланған жауынгерлердің аяғының орнына протез салынса да, қолынының орнына протез салынса да – олар түрлі жаттығудан ұзақ өткізіледі. Аяқ-қолдарынан айырылған көптеген сарбаз ең азы сегіз ай, тіпті екі жыл жаттығулардан өтіп, нағыз сарбаз сияқты болып шықпаса да, бірақ әжептәуір мүмкіншілікке ие болып шығады.

АҚШ сарбаздарына протездер ең озық технология бойынша жасалынады. Мұндай протездер АҚШ әскерінен тыс адамдарға жақын айларда, не болмаса жақын жылдарда жете қоймас. Ирақ соғысында не аяғын, не қолын жоғалтып енді протез киіп қатарға қосылуға әрекет жасап жатқан жауынгерлерді дәрігерлер бұлардың қазіргі әрекеттері соғыс алаңындағы ерліктерінен кем емес дейді. Және мұның нәтижесі де болады делінеді. Бұл сарбаздарға да басқа да түрлі көмек көрсетіледі. Мәселен, спорт аяқ киімдерін шығаратын "Найк" деген ғаламдық компания соғыста аяғын жоғалтқан кез-келген америкалық ардагерге өмір бойы жыл сайын бір пар спорт аяқ-киімін береді. Бұл жауынгерлерге әйгілі компанияның аяқ-киімінен көрі оларға айтылған ұсыныс, көңіл бұру әлде қайда артық.
XS
SM
MD
LG