Accessibility links

Леонид Брежневтің дүниеге келгеніне 100 жыл толды

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Осыдан 100 жыл бұрын, яғни 1906 жылы 19 желтоқсанда Кеңестер одағының көсемдерінің бірі Леонид Брежнев дүниеге келген. Оның билік мансап баспалдағының бір кезеңдері Қазақстанға да қатысы болған, ол 1954-1956 жылдары Қазақстан Коммунистерінің бас хатшы қызметін де атқарыған еді. Ал енді осы Брежневтің заманын Қазақстандықтар қалай еске алады екен?

Кеңестер одағында Леонид Ильич Брежнев басшылық еткен заманды, билікке Гарбочев келіп, әлгі «қайта құру» заманы басталғанда «тоқырау заманы» деп бағалаған. Десе де, Қазақстандық қарапайым көпшілік сол заманды қимастықпен еске алатыны байқалады. Оның себебін саяси сарапшылар қарапайым көпшіліктің нарықтық заман аласапыранына бейімделу қиындығынан деп түсіндіреді. Ал кейбір Қазақстан зиялы қауым өкілдерінің сол заман туралы пікірлері қарама қарсы екені байқалды. Әрине бәріне уақыт төреші ғой, дегенмен біз соған мысал ретінде сол заманда облысты басқарған шенеуік, әрі журналист болған - Сапабек Әсіп ақсақал мен қарапайым ғалым - Әзімбай Ғалидың пікірлерімен сіздерді таныстырғанды жөн көрдік. Сонымен бірінші сауалымыз «сіз үшін Брежнев заманы несімен есіңізде қалды?» Сапабек ақсақал:

«Қазақстан экономикасы Брежнев заманында жақсы өркендеп тұрды. Әлеуметтік мәселе өл кезде жақсы шешілген болатын. Училищелерде оқу, киім, жатақхана бәрі тегін болатын. Оқушылар стипендия алып оқитын. Денсаулық саласына ол заманда үкімет қатты көңіл бөлетін. Жұмысшылар мен шаруалардың ол кезде қоғаушысы бар еді. Сондықтан мен ол кезді жақсы деп есептеймін».

Ал Әзімбай Ғали мырза өзгешелеу пікір ұстанады екен.

- Ол заман қазаққа жаман, жарымаған заман деп есептеймін. Ел нанға, майға, етке жарымай жүрген заман болатын. Қазақты қалаға кіргізбейтін, қазақ «жетім бұрышта» сандалып жүрген заман болатын. Қазақ тілінің құлдырап баратқан заманы болды. Сондықтан мен ол заманға реніштімі.

Екінші сұрағымыз «Сол Брежнев заманын қарапайым көпшілік қимастықпен еске алатыны байқалады, ал сіз қандай деп ойлайсыз?»

Сапабаек Әсіп: «Патша үкіметі қазақтың шұрайлы 45 миллион десятина жерін тартып алса, Брежнев заманындағы Кеңестер үкіметі соның есесін қайтарды. Ол баяғы қырып-жойып, жөнді-жөнсіз әпербақандық жасаған жоқ. Халыққа жағдай жасады. Репрессия болған жоқ. Өзімшілдік жағынан айтқанда, ол Қазақстанға жақсы қарады. Димекеңмен жақсы болғандығының арқасында шығар, сол Брежневтің заманында Алматы керемет өзгерді, Димекең сол керек дегенін алып тұратын».

Ал Әзімбай Ғали мырза «қазақ ол заманды сағынбас» дейді.

«Қазақста ностальгия, яғни қимастық жоқ. Ол қимастық сезім орыста! Себебі империялық заманды Ресейдің болсын, Қазақстандық орыстар болсын көксейді». Брежнев заманының куәгерлеріне қойған үшінші сұрағымыз « Брежневтің қалықаралық саясаттағы беделін қалай бағалаған болар едіңіз, және Ресейлік азаматтар Путин мен Брежневті беделі жағынан тең деп есептейді екен. Оның себебі неде деп ойлайсыз?»

«Қырғи қабақ соғысты ол бәсеңдетті. Соған байланысты мынау «Хелсинки келісімі» сол Брежневтың инициативасы. Сосын мынау атом қаруына тиым салу сол Брежневтың бастауымен жүргізілді. Сосын оның беделі зор болды. Айталық Америка байқап-байқап сөйлесетін».

Ал Әзімбай Ғали мырза тағы да басқаша ой білдірді.

«Брежнев имерияшыл Ресейдің тамаша қайраткері. Оны Қазақстандағы саясаты көрсетті. Путин де сол империяшыл саясаттың үлкен қайраткері. Орыс халқы соны біліп айтады. Брежнев кезінде Ауған соғысын ашса, Путин Шешенстанға соғыс ашты, және Путин басқа аутономиялық республикалардың аузын аштырмай, тырп еткізбей отыр. Брежнев заманында «қырғи қабақ соғыс» өршіген кез болатын. Мұнайдың бар табысы сол қару жарақ пен макаро мен майға кетіп отырған болатын».

Бір ғұлама «уақытқа, заманға өкпе жүрмейді, бірақ біздің оны саралауға деген құштарлығымыз, келешекте қателіктерді қайталамау мүддесінен туындаған қажеттік» деп айтқан екен. Шынында да, бәріне де төрелігін уақыт айтар.
XS
SM
MD
LG