Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында жемқорлыққа жататын қылмыстық істер саны өсіп отыр


Тұрғындары ең тығыз қоныстанған Оңтүстік Қазақстан облысында атқарылып жатқан шараларға қарамастан жемқорлыққа жататын қылмысты істер саны өсіп келеді. Бұл туралы құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінде облыс прокуроры Марат Ахметжанов хабарлады. Оның айтуынаша өткен жылы бұл қылмыстар саны 125 болса биыл 164 болды. Облыстық прокуратура мәліметінше қылмысты жауапқа тартылғандардың ішінде ең көбі 30 адам ішкі істер органдарының қызметкерлері болып шыққан.

Шенеуніктер арасында жасалған осындай қылмыстар саны болса өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге өскен деп хабарланады. Осы қылмыстардың мемлекетке келтірген шығыны басқа қылмыстардың шығынымен пара-пар болған. Барлығы жемқорлыққа қатысты қылмыстар бойынша 600- жуық адам жауапқа тартылды, дейді прокурор. Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры Марат Ахметжановтың айтуынша 2006 жылдың соңында өткізіліп отырған құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесі жылдың ортасындада өткізілген болатын, бірақ жағдай өзгермеді. Оның айтуынша жергілікті атқару билігі органдары қызметінде көптеген кемшіліктер табылды. Осы әрекеттердің кесірінен мемлекетке 150 миллион теңге немесе 1 миллион 180 мың доллардан астам шығын келген. Баяндама авторы айтып өткендей түрлі департаменттер, әкімшіліктер және ведомстволар жасаған қателіктер қайталанып отыратындығы түсініксіз. Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының аға көмекшісі Асқар Бектенов жемқорлықтың нақты мысалын келтірді. Оның айтуынша «Сайрам Құрылыс» мемлекеттік компаниясының бұрыңғы төрағасы Нарқұлов, тендер жеңімпазы болған мердігерге айтпастан, 22 миллион теңгені өзге компанияға аударған. Ал осы ақшаны алуға тиіс болған мердігер қаржы жоқтығына байланысты мемлекеттік тапсырысты орындамады, дейді прокурор.

Ал, осы сияқты тендерлерге жауапты Қазақстанның қаржы министрлігінің қаржыны қадағалау және мемлекеттік тапсырыс жөніндегі комитет төрағасы Әнуарбек Сұлтанғазин мұндай қателіктер болатындығын мойындады. Бірақ айыптылар жауапқа тартылады дейді ол:

- 963 біздің материалдарымыз құқық органдарына берілді. 389 лауазым тұлғаларына әкімшілік шаралар қолданылды, тағы 201 әкімшілік тұлғалар тәртіптік жауапқа тартылды. Заңды бұзғандықтан біз 85 иск соттарға бердік. Құрылыс мәселелерінде көп кемшіліктер бар, ауыз су бағдарламасын тексердік ондада осындай кемшіліктер табылып отыр.

Қаржы министрлігінің Қаржыны қадағалау комитетінің мәліметінше осы салада 40 миллиард теңгенің заңсыз игерілгендігі анықталған. Мысалы, тендерлерді заңсыз өткізу арқылы мердігерлер елді мекендерде су өткіземіз деп орасан қаржыға кенелген, ал, шын мәнісінде олар ауылдардағы су құбырларына тиспеген. Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының аға көмекшісі Асқар Бектеновтың айтуыншада сумен қамтамасыз етуде кемшіліктер көп. Бірақ, жалпы жемқорлық бойынша заң бұзу биліктің барлық деңгейінде байқалады. Бұл әсіресе мемлекеттік сатып алуда, жер пайдалануда, салық органдарында және жол полициясы қызметінде байқалады, дейді ол.

Бас прокурордың орынбасары Ерғали Мырзадиновтың пікірінше, жемқорлықпен күресуге болады. Ол үшін халықаралық тәжірибені қолданып әсіресе Израилмен Голландияны зерттеу керек, дейді ол:

- Шенеуніктерге әлеуметтік жағдай мықты жасалады. Айлығы жақсы, тұрғын үйі жақсы, барлық жағынан кепілдік беріледі. Екінші жағынан ондай мемлекеттік шенеунік жаңағындай бір жағдай жасаса, жаңағының бәрінен ол айырылады. Сондықтан біздің зерттеуіміз бойынша Израилмен Голландияда төмеңгі жақтағы шенеуніктер арасында жемқорлық жағдайлары жоқ, дейді.

Ресми мәлімет бойынша жемқорлыққа қатысы барлардың қолға түскендер саны жыл сайын көбейіп келеді. Негізінен қызметте құжаттарды ауыстыру, қызмет бабын асыра пайдалану және пара алу анықталып келеді, дейді бас прокуратура өкілдері.
XS
SM
MD
LG