Accessibility links

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына 15 жыл толды

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

21 желтоқсанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылғанына 15 жыл толды. 1991 жылы тура осы күні Алматыға жиналған бұрынғы Кеңес Одағына кірген республикалардың басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын жариялаған болатын. Арада 15 жыл өткенде, қазақстандық саясаттанушылар ұйымның осы күнгі қызметіне баға беріп отыр.

«Альтернатива» өзекті мәселелерді зерттеу орталығының директоры Андрей Чеботарев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы бұрынғы одақтас республикалар арасындағы саяси, экономикалық байланыстарды сақтап қалу үшін құрылған деп есептейді. Алайда ол ТМД-ның бүгінде өз рөлін атқара алмай отыруы, посткеңестік кеңістікте Ұжымдық Қауіпсіздік Ұйымы, Еуразиялық Экономикалық Қоғамдастық сияқты ұйымдарды дүниеге келтіруде дейді.

- Қазір ТМД шартты түрде жұмыс істеп тұрған құрылым ғана. Онда дәурені өткен Кеңестер Одағының нышаны ғана қалып отыр деп ойлаймын. Пайдасын айтар болсак, Қазақстан ұйым аясында ең алдымен, Ресеймен қарым-қатынасын жақсартпақ. Қазақстанға ол басқа елдермен де достықты сақтап қалу үшін керек. Өйткені соңғы уақытта Достастық елдерінің қарым-қатынастары қатты нашарлап кетті. Ал Ресей бұл ұйымды Батыс елдері алдында посткеңестік кеңістікте өзінің үстемдігін көрсету мақсатында қажетсініп жүр. Ал кейбір елдер мұнда, екіжақты келіссөздерден шеше алмаған мәселелерін талқылауға мүмкіндік алады, - дейді Андрей Чеботарев.

Ал саясаттанушы Дос Көшім болса, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының халықтың емес, президенттердің қалауымен құрылғандығынан ыдырап бара жатқандығына мән береді. Сондай-ақ, ол алғашқы кездегідей емес, ұйымның қазірде мүше мемлекеттерді достастыруға қауқарсыз болып отырғандығын да айтады.

- Жыл өткен сайын ТМД табиғи түрде ыдырай бастады. Мәдени, әдеби байланыстар жайлап ыдырайды. Және ұйым аясындағы Грузияның, Украинаның жағдайын қарасақ, ТМД-ның күні қараң екендігін анық көрсетеді. Ол алғашқы кездегідей, «біздің барлығымыз бір шинельден шықтық» дегеннен артық барлығына беретіндей, мемлекетаралық одақ құратындай күші де, қайраты да жоқ, - дейді Дос Көшім.

Ал Әзімбай Ғали ТМД-ның ынтымақтастық күш-қуаты таусылып, оған Ресейдің өзі кедергі болып отыр деген ой айтады.

- ТМД-ның ішкі қайшылығы өсіп келеді. Айталық, Ресей мен Украина, Ресей мен Грузия, Ресей мен Молдова. Ресей газ, электроқуат, шарап тұтқаларын тым көп пайдалану арқылы өзінің көңілінен шықпайтын мемлекеттерге қоқан-лоққы көрсетіп келеді. Бұл саясат «қысқа қол саясатына» айналып, Ресейдің абырайын азайтып келеді, - дейді Әзімбай Ғали.

Ал Еуразиялық саяси зерттеулер орталығының директоры Рүстем Лебеков болса, бірнеше мемлекет кіретін ТМД-ның орнына құрамы жағынан аздау, әрі ұқсас саясат ұстанып отырған мемлекеттер одағын құру тиімді дейді.

- Мен ешқашан бұл ұйымның болашағына сенген емеспін. ТМД-ның кемшілігі оның мүшелері көп болды, және олардың көпшілгі әлсіз мемлекеттер болатын. Ұйымда мүшелер саны неғұрлым аз мүше болса, ол соғұрлым жемісті жұмыс істемек. Сонымен қатар, ТМД құрамына кіретін елдердің де, басшыларының да мақсаты әр түрлі болып отыр. Олардың арасында әлі күнге дейін өткен тарихқа, саясатқа да ренжу басым. Бір сөзбен айтқанда, олардың арасында ұқсастықтардан гөрі, ерекшеліктердің көп болуы ұйымның болашағын көмескілей түсуде, - дейді Рүстем Лебеков.

Естеріңізге сала кетейік, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына бүгінде Армения, Әзірбайжан, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина және Грузия елдері кіреді.
XS
SM
MD
LG