Accessibility links

Парламентке ұлт өкілдеріне квота белгілеу жөніндегі мәселе қоғамда дау туғызып отыр

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Қазақстан Парламентіне түрлі ұлт өкілдерін квота арқылы енгізуге қарсы бірқатар ұлттық бағыттағы қоғамдық қозғалыстар егер қолдарынан келсе, алдағы уақытта бұл мәселені Қазақстан халықтар ассамблеясында талқыға салмақшы. Президенттің өзі осы халықтар ассамблеясының мінбесінен қолдаған бұл идея қазір көпшілік талқысында. Және кейбір Қазақстандық саясаткерлер бұл мәселенің қалай шешілуі, саяси тиімділік тұрғысынан тек президент әкімшілігінің құзырында ғана бола бермек деген пікір білдіреді.

«Қазақстан парламентіне түрлі ұлт өкілдерін квоат арқылы тағайындау керек» деген ойды, сол кездегі Қазақстан халықтар ассамблеясының төраға орынбасары Сергей Терещенко айтты да, орнынан сұранып босап басқа жұмысқа кетті. Айта кетерлігі, ол қазір де Қазақстандағы орыс, славян және казактар қоғамдық ұйымдары ассоциациясының төрағасы. Ал бұндай ұйым Қазақстанда екеу. Екіншісі «Орыс, славян және казактар қоғамдық ұйымдарының үйлестіруші кеңесі» деп аталады да, олар былайша айтқанда, Терещенконың ұйымын «билікке жақын» деп онша қолдамайды. Бірақ Терещенконың соңғы мәлімдемесі осы екі ұйымның да қызу қолдауына ие болды. Бұл мәсенің қазіргі уақытта көтеріле қалуының астарында не бар? Биліктің кезекті саяси ойыны ма, жоқ оған нақты негіз бар ма? «Ұлт тағдыры» Республикалық қозғалыс жетекшісі Дос Көшім мырзаның айтуынша:

- Бұны алғашқы көтеріп отырғандар белгілі бір Славян саяси топтарының мүшелері. Ал президентіміз таразының басын тең ұстаймын деп, біресе сол жағына бір жақсы сөз айтады, ертеңіне оң жағына қарап бір жақсы сөз айтады. Менімше бұл президенттің қателігі сияқты, себебі «ұлттық мемлекет құру деген - басқа ұлттардың кеудесінен итеру емес». Біз олай түсінбеуіміз керек және өзіміз осылай түсіндік деп ол мәселеде қысылмауымыз да керек. Президенттің «15 жылда аюды да қазақ тіліне үйретуге болады» деген сөзінен кейін, сол сөздің ішінде басқа ұлт өкілдеріне квота беру мүмкіндігін айтуы, менің ойымша «сол таразының басын теңестіремін» дегені. Бірақ бұл өте үлкен қауіп, себебі парламент – демократиялық мемлекеттегі ең үлкен халықтық мінбе. Егер сол жердің негізгі бір бөлігі, немес үштен бірі басқа ұлт өкілдерінен жасақталатын болса, ол сол мемлекеттің парламенті деген атына сай келмейтіні айдан анық.

Қазақстандық ұлттық бағыттағы бірқатар қоғамдық қозғалыс басшылары бұл мәселе «Қазақстан Конституциясына қарсы», «кез келген унитарлық мемлекетте ондай мәселе жоқ» деген уәж айтып отыр. Ал Орыс, Славян және казак ұйымдарының көсемдері «Қазақстанда жергілікті ұлт өкілдері басқа ұлтты парламенттік сайлауға түсіргенімен оған өткізбейді» деп, «сондықтан оны квота арқылы анықтау қажет» дегенді алға тартады. Дос Көшім мырза:

- Бізде ондай мәселе жоқ, себебі бүкіл парламентіміздің 70 пайызы ғана қазақтар да, 30 пайызы басқа үлт өкілдіері. Парламентіміз әлі күнге орысша заңдар қабылдап, орысша сөйлейді. Үкіметіміз де сондай. Мұндай жағдай ешбір елде жоқ! Оған риза болмаған кейбір шовинистік топтар осы мәселені қайта-қайта көтеріп отыр. Сондықтан біз осыны халыққа жеткізіп, осы мәселенің бетін ашып алғымыз келіп отыр. Біз шамамыз келсе, Ассамлеяның ішінде қазір осы мәселені талқыға салғымыз келіп отыр. Сондықтан олар – басқа диаспа өкілдері біздің көзімізге тіке қарап айтсын « Ия, қазақтар бізді өткізбей отыр, сондықтан бізге квота керек» деп. Бірақ олар солай деп айта алмайды, - дейді.

Ал Қазақстандағы Орыс, славян және казактар қоғамдық ұйымдары ассосациясының төраға орынбасары Анатолий Чеснаков болса:

- Мысалы, бірқатар Еуропа мемлекеттерін айтпағанда мынау көрші отырған Қытай да унитарлы мемлекет. Онда парламентте барлық ұлт өкілдері бар. Егер бізде де сондай болса, кешегі Шелектегі жағдайлар біздің елімізде орын алмаған болар ма еді. Ал Конституция ең алдымен адамға қызмет етуі керек. Ол да қатып қалған нәрсе емес» деп, қажет болса Конституцияға да өзгертулер енгізуге болады, - дегенге меңзеді.

Сонымен «бұл мәселе әлі айқындалмаған түрінде, тек пікір алмасу төңірегінде өрбіп жатыр» дейді тәуелсіз сарапшы Досым Сәтпаев.

- Менімше билік әзірше бұл мәселені қоғам қалай қабылдайды екен, қандай пікірлер айтар екен деп аңысын аңдып отырған сияқты. Есіңізде болса, осыған ұқсас «жастарға да парламентте квота болсын» деген идеяны Дариға Назарбаева да айтқан болатын. Бұлардың бәрі белгілі бір саяси қадамдардың мүддесінен туындайды ғой. Қазақстандағы ұлттық бағыттағы ұйымдар да көпшілік құлағына ілігіп, бұдан өз ұпайларын түгендеп қалғысы келіп отыр. Бірақ менімше парламентке жынысына, жасына, ұлтына қарап квота тағайындау – ол дұрыс деп есептемеймін. Сайлаушы ең біріншіден адамның ақыл парасаты мен іскерлігіне қарап таңдау керек, - дейді тәуелсіз сарапшы Досым Сәтпаев.
XS
SM
MD
LG