Accessibility links

Қазақстандық байкер мотоциклмен жер шарын айналып шықпақ


Желтоқсанның 26-нда қазақстандық байкер Дмитрий Петрухин жаңа байкерлік маусым басталысымен, жер шарын кезекті мәрте айналып өтпекке бел байлап отырғаны жайлы мәлімдеді. Өткен сапарына Дмитрий 2 жыл жұмсап, 52 мемлекеттің аумағын - 72 мың шақырымды жүріп өткен екен. «KZ Bike» деп аталатын республикалық байкерлер клубын басқаратын саяхатшы келесі сапарына мамыр айында әдеттегідей жалғыз аттанып, 2011 жылы Алматыда өтетін Азия ойындары қарсаңында аяқтаймын дейді.

Дмитрий Петрухин алғашқы сапарында Австралия, Жаңа Зеландия, Жапонияда болып, Ресейдің қиыр шығысынан бірақ шыққан көрінеді. Өзінің 50 жылдығын да жол үстінде, Австралияда атап өткен екен. Бар шығынымның көлемі 100 мың долларынан асып түсті дейді саяхатшы-байкер Петрухин.

- Кішкентайымнан үйімнен алыс жерге кетуді армандайтынмын. Әрине, жер шарын айналып өту жөнінде ойлаған да емеспін. Жеке бизнесімді қазір ер жеткен балаларыма тапсырып, алыс сапарға шығамын. 52 елдің аумағында болып қайтыппын. Еш жерде визалық қиындықтар туындаған жоқ. Әр елдің салты басқа дегенімізбен, мен сияқты саяхатшыларға барлық жерде қарым-қатынас бірдей, яғни жылы деп айтуға болады.

Алғашқы сапары кезінде, Дмитрий Солтүстік Америкадағы Катрина және Рита құйындарының үстінен түсіпті. Индонезияда барғанында, ол елде жер сілкінісі болып өткен екен. Бірақ, осындай алмағайып табиғи апаттардан аман қалған соң, алдағы уақытта да ешқандай апат қорқынышты емес дейді саяхатшы.

Келесі жылы, шілденің 10-13 аралығында Балқаш көлі маңында Қазақстанның байкерлер қауымдастығы халықаралық фестиваль өткізбек. Осы фестиваль кезінде Дмитрий кезекті сапарға аттанбақ.

- Жоспарым бойынша, осы сапарым кезінде Азия құрлығындағы барлық мемлекеттердің аумағында болып қайтамын деп ойлаймын. Шамамен, 40-50 мың шақырым жүріп өтуге тиіспін. 2011 жылы Алматыда өтетін Азия ойындары қарсаңында сапарым аяқталады.

Алматылық тағы бір байкер Владимир Примаков Кеңес одағы тұсында сапарларға шығып көрген екен. Ол кезде бүкіл әлем түгіл, жақын орналасқан еуропалық елдерге шығудың өзі мұң болатын дейді, бүгінде 51 жастан асқан Владимир.

- Байкерлік мәдениет бізге 70 жылдарда келді. Жаспыз, би кештеріне барамыз. Соңынан – міндетті түрде мотоцикл айдайтын дәстүріміз болатын. Кейін, үйлі-баранды болған соң да, бұл дәстүрімізді үзіп кеткен жоқпыз. Жұмыстан кейін, жиналып, 28 панфиловшы атындағы паркте жиналатынбыз. Ал ең алыс сапарым – Қырымға барып қайтқаным. Сол 1978 жылы, бүкіл одақтан байкерлер жиналып, сол жақта танысқан байкерлермен болатынбыз.

Байкерлік - қаншалықты қызық әрі еліктіретін ермек болғанымен, қиындығы мен қаупі де аз емес, сондықтан жастарды шамалы болса да сақтандырар едім дейді байкердің спорттық түрімен әуестенетін Дмитрий Дмитриев.

- Байкер болу әркімнің пешенесіне жазыла бермейтін, ерекше өнер деп айтсам артық емес. Өйткені, кішкене ғана детальді көзден таса етсең, арты қайғала жағадайға ұшыратады. Ержүрек болу керек. Жалпы, қазақстандық байкер-спортшылар әлемде жақсы бағаланады. Жыл сайын түрлі елдерде болып тұратын жарыстарда біздер алдыңғы орындардан табылып жатамыз. Жарақат алу саны төмен. Ал өлімжітім жағдайы жоқ десе де болады. Себебі, аса абайлықты сақтауды жасымыздан құлағымызға құяды. Бірақ, дегенмен де жарақаттанып, мертігетіндер – негізінен кәсіби емес, қарапайым сақтық ережелерін сақтамайтын, керек жарағы түгел емес адамдар.

Қазақстан туын таққан мотоциклші Дмитрий Петрухин мемлекеттің «Достық» орденімен марапатталды. Алайда, енді біз үшін де жер мәселесі туындайын деп тұр дейді ол. Байкерлер клубы орналасқан ғимарат бұзылғалы жатыр, ал қайда көшіп барарымызды білмейміз деп мұңын шағады әйгілі байкер.
XS
SM
MD
LG