Accessibility links

«Қазақмыс» кәсіпорнына қарасты кен орнында болған апатта бір адам қаза тапты


Қарағанды облысының Сәтпаев қаласында орналасқан «Қазақмыс» корпорациясының № 65 шахтасында қайғылы оқиға салдарынан 1 жұмысшы мерт болды. Қазіргі уақытта арнайы комиссия тергеу жұмыстарын жүргізуде. Корпорация басқармасы жанынан құрылған еңбек қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комитеттің мәліметтері бойынша, 2006 жылы кеніштерде 16 адам кәсіби жарақаттан көз жұмған екен. Бұл көрсеткіш өткен былтырғы жылмен салыстырғанда, 2 адамға артық көрінеді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің таратқан ақпараты бойынша, оқиға желтоқсанның сәрсенбі күні таңғы 3 тен 40 минут кеткенде болған.

- Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі № 65 шахтада 1957 туған ауысым шебері Кругляков дозатор құлап кетіп, алған жарақаттан оқиға орнында қайтыс болды. Алдын-ала деректер әлі жария етілген жоқ. Мүмкін, байқаусыздан болар, мүмкін басқа да жағдай шығар – оны арнайы комиссия анықтауда, - дейді, Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Наталья Ким.

«Қазақмыс» корпорациясы өндіріс ошақтарындағы жұмысшы өліміне әкелетін қайғалы жағдайлар саны жөнінен республикадағы алдыңғы орынды иеленіп отыр. Қайғылы жағдайлардың 60 пайызы – жұмысшының өз кінәсінен, қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан деп қорытындыланады.

Статистика мәліметтері бойынша, корпорацияның жұмыс істей бастаған алғашқы 1995 жылы 19 адам жұмыс орнында жарақат алып, қайтыс болса, жылдар өте, бұл көрсеткіш 2,5 есеге дейін артқан.

«Қазақмыс» корпорациясының еңбек қорғау департаментінің бастығы Владимир Зазерский сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұхбатында алдын-ала жасалған қортындылар бойынша, бұл жағдайда жұмысшы өліміне өзі кінәлі деп табылған көрінеді.

- Қайғылы оқиғаның куәлері жоқ. Бас және жамбас сүйектерінің жарақатына қарағанда, оның үстіне ауыр жүктің құлаған. Кругляков 27 жылдық тәжірибесі бар, білікті жұмысшы болатын. Абайсызда болған қайғылы оқиға. Оның отбасына барлық көмек көрсетіліп, 3 млн теңге көлеміндегі өтемақы төленеді. Балаларының оқуын төлеп, банктегі қандай да бір қарыздарын өтеуді корпорация өз мойнына алады.

Еңбек қорғау департаментінің басшысы қауіпсіздік шаралары қатаң сақталып отырғанына қарамастан, өндіріс орындарындағы жарақат алу, өлім-жітім жағдайлары азаймай отырғанын мойындайды. 2005 жылы Жезқазған кеніштерінде 31 адам қайтыс болса, биыл бұл көрсеткіш 40қа жуықтаған. Мәжіліс депутаты Амангелді Таспихов еңбек қатынастарына қатысты заңнамалар жеткілікті деңгейде жұмысшының құқығын қорғайды, бірақ жұмыс берушілердің әрекеттері қадағалана бермейді деп санайды.

- Заңды айтамыз, қабылдаймыз, бірақ жергілікті жерлерде мұндай жағдайлардың орын алып отырғаны заңмен қадағалана бермейді.

Қарағанды облысындағы Оңтүстік Жезқазған кенішінде бұл тіркеліп отырған 6 қайғылы жағдай. № 65 шахта басшылығы техникалық қамтамасыз етілуі жоғары деңгейде деп сендіреді. Былтыр осы шахтада 5 адам қайтыс болған еді.

«Қазақмыс» корпорациясы келтірген соңғы мәліметтер бойынша, мұнда барлығы 49 мың жұмысшы бар екен. Оның 42 пайызы – зиянды және қауіпті жағдайда жұмыс істесе, 10 мың адам – жерасты шахталарда еңбек етеді екен.

Корпорацияның Еңбек қорғау департаментінің басшысының айтуынша, шахталардағы ең төменгі жалақы – 50 мың теңге, ал аса ауыр және зиянды жғдайларда жүмыс істейтіндердің айлығы 100 мың теңгеден асады.
XS
SM
MD
LG