Accessibility links

Парламент депутаттары жаңа жылдан бастап министрлерге қатаң талап қоямыз деп отыр

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Парламент Мәжілісінің депутаттары жаңа жылдан бастап Конституциялық құқықтарын пайдаланып өздеріне ұнамайтын министрлерге сенім білдіру туралы мәселе қойып, қызметтерінен кетіреміз деп отыр. Өйткені депутаттардың пікірлеріне қарағанда министрлер өздері әзірлеген заңдарды толық білмейді.

Сәрсенбі күні өткен Парламент Мәжілісінің кезекті отырысында аяқ астынан депутаттар Үкімет мүшелеріне шүйлікті. Олардың айтуларына қарағанда Үкімет мүшелерінің дені өздері атқарып отырған қызметтерін жетік білмейді. Депутаттардың мұндай пікірге келулеріне Парламентте өтетін Үкімет сағаты себеп болып отыр. Онда Үкімет мүшелері өздері атқарып отырған қызметтері жайында не істеп, не бітіргендіктері туралы депутаттардың көтерген мәселелеріне жауап береді. Мәселен дүйсенбі күні Парламентке келген Қаржы министрі Наталья Коржова ханым биылғы жылдағы бюджеттің атқарылуы жөнінде есеп берген еді. Алайда «министр ханым Парламентке дайындалмай келген, өзінің саласын жетік білмейді»,– деп мәселе көтерді Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы. Ол өзінің наразылығын министрдің алдында да қойған болатын.

Мәжіліс депутаты Амангелді Айталының көтерген мәселесімен оның әріптесі Амангелді Таспихов толық келісетіндігін айтады:

– Біріншіден, келетін заңдардың сапасы өте төмен. Заң дегеніміз министрліктің негізгі жұмысы. Ол – мемлекеттің саясаты. Сол әзірлеген заңдардың не туралы екенін өздері білмейді. Қарған кезде адамның күлкісі келетін министрлер де бар. Сондай адамдардың биліктің тұтқасында отырғанына қарның ашады.

Ал өзінің жеке басына айтылған сын ескертпелерге байланысты Қаржы министрі Наталья Коржова «егер сын айтылса, онда оны дұрыс қабылдау керек, оған сыймен қарау керек»,– деп жауап берді бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне.

Қаржы министрі Наталья Коржова өзінің сөзінде «Құдайға шүкір бірінші рет министр болып тұрған жоқпын. Парламент мінберінде көптеген жылдар бойы сөйлеп жүрмін. Әрине ешнәрсеге көңілі томайтын депутаттар болады»,– деді.

Ал Мәжіліс депутаты Амангелді Таспихов жаңа жылдан бастап, Үкімет мүшелеріне қатаң талап қойып, қызметтеріне сай еместерді орындарынан алу керек дейді:

– Келесі жылдан бастап бұларға принципті түрден қарайық. Конституциялық өзіміздің құқығымызды толықтай пайдаланайық. Қажет болса, дүмше министрлерді отставкаға жіберуге ат салысайық. Ондай біздің құқығымыз бар.

Ал сарапшылардың айтулары бойынша, жаңа жылдан кейін Үкімет мүшелерінің отставкасы күтіп тұр.
XS
SM
MD
LG