Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.30.2006 жыл

  • Рауза МҰҚАН

Сенбі күні жарық көрген басылым беттерінде, 31 желтоқсан күні басталатын мұсылмандардың Құрбан айт мерекесіне байланысты мақалалар жарық көрген. Сондай-ақ, газет беттерінде сейсмолог-мамандардың Алматы қаласының сейсмикалық жағдайына байланысты алдағы жылға болжамдары жарияланыпты.

Мұсылмандардың Құрбан айт мерекесінің қарсаңында «Экспресс-К» басылымы, Қазақстан қоғамындағы діни мәселелер туралы жазады. Басылымыға сұхбат берген Қазақстанның Бас мұфтиі, Әбсаттар қажы Дербісәлінің айтуынша, Қазақстан қоғамында ислам дінімен қатысты проблемалар жоқ. Өйткені, қазақ халқы ежелден ақ осы дінмен тығыз байланыста болған. Қазіргі кезде, мұсылмандық дәстүрлерді осы заманғы білімдермен ұштастырудың мүмкіндіктері туып отыр. Қазіргі Қазақстан батыс және шығыс мәдениетін, құндылықтары мен дәстүрлерін бірге ұстап келеді. Қазақстандықтар батыстың жаңа технологиясын игеріп қана қоймай, әлеуметтік-мәдени және діни ерекшеліктерін де сақтап қалды, - дейді Әбсаттар қажы Дербісәлі «Экспресс-К» газетінде.

«Литер» газеті, мұсылмандардың Құрбан айт мерекесінің ерекшеліктері туралы жазыпты. Мұсылмандардың ұлы мейрамы болып саналатын бұл мереке Меккедегі қажылық рәсімдерімен бірге басталады. Ол мұсылмандық ай күнтізбесі бйынша 12 айдың 10-ыншы күнінде аталып өтіледі. Құрбан айт күні бүкіл мұсылман қауымы, бір-біріне деген өкпе-назы болса кешіріп, татуласып, қателіктері үшін бір-бірінен кешірім сұрауы тиіс,-деп жазады «Литер». Сондай-ақ, басылым дерегі бойынша, биыл қажылыққа Қазақстаннан екі жарым мың мұсылман аттанды.

2007 жылы Алматы мен Алматы облысында, күшті жер сілкінісі болмайды. Қазақстан сейсмология институтының бұл болжамын «Экспресс-К» басылымы жариялапты. Дегенмен, алдағы жылға арналған толық әрі, ресми болжам дайындау үшін институт басшылығы Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай сейсмикалық қызметтерінен соңғы мәліметтерді күтуде. Бұған қоса, сейсмологтар, жер сілкінісінің қашан және қай жерде болатынын дәлме-дәл, алдын-ала болжау мүмкін еместігін алға тартады. Бірақ, мамандар Алматы қаласының Төтенше жағдай қызметі, кез-келген төтенше жағдайлардың алдын алып, салдарын жоюға дайын екенін атап көрсетті деп жазады «Экспресс-К».

Ал, «Казахстанская правда» газетінің жазуынша, 26 желтоқсан күні Алматыда болған 3 жарым баллдық жер сілкінісі бұдан жарты жыл бұрын айтылған. Бұл болжамды Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры, ғылым докторы Виктор Инюшин жетекшілік ететін, биофизикалық болжау қызметі жасаған екен. «Профессор Инюшин анабиоз жағдайында тірі ағзаларды қолдану арқылы өзі ойлап тапқан құралының арқасында жер сілкінісін алдын ала, дәл біле алады. Инюшиннің болжамы бойынша, Алматыда қаңтар айының 2-сі, 3-і және 8-і, 9-ы күндері екі баллдық тербеліс болады. Сондай-ақ, осы айдың 14-і, 15-і, 20-ы, 23-і және 29-ы мен 31-і күндері 3 баллдық толқулар байқалуы мүмкін» деп жазады «Казахстанская правда» басылымы.
XS
SM
MD
LG