Accessibility links

Саддам Хұсейн өліммен жазаланғаны әлемде түрлі пікір туғызып жатыр. Саддамның ісінде осымен нүкте қойыла ма екен?

Саддам Бағдадта сенбі күні таң атып келе жатқанда дарға асылды. Жергілікті уақыт бойынша бұл сағат алтыдан он минут кеткен мезгіл. Саддам басына қара дорба кигізбей қойды делінеді. Өлім жазасының іске асырылуы жайындағы видеожазба үзінділері араға бірнеше сағат салып СНН және ББС телекомпанияларында көрсетілді. Содан соң Саддамның бет жүзі жамылған, аққа оралған мәйіті де көрсетілді. Ирақ сотының төрешесі Мұнир Хаддад үкімін оқып, үкімді іске асыруды бұйырды. Ол оқиға жерінде Ирақ жағынан 14 ресми өкіл болды, АҚШ жағынан ешкім қатысқан жоқ дейді. Саддамның соңғы сәттерін радиомызға берген сұхбатында ол былай сүреттеді:

- Саддам қара түсті киім киіп, бағдад қалпағын киіп тұрды. Сақалы да орнында. Қолында атақты Құран кітәбін ұстап тұрды. Ол қорыққан жоқ, әдеттегі қалпында болды. Ол "Мен соғысып өттім, ажалдан қорықпаймын" - деді. Ол иманын екі рет айтты. Ол саясат туралы айтты. "Парсылар жайында ескертемін, Ираққа сабырлық тілеймін" - деді. Сосын иманын екі рет айтты да қолма-қол өліп кетті.

Саддамның ажалы Ирақтың өз басында түрлі пікір туғызды. Мәселен, Бағдадтың Садр сити ауданында тұрғындардың бір бөлігі көшеде думан құрып жіберді. Садр сити ауданының тұрғыны Иссам Абдұл Әмір радиомызға былай дейді:

- Ирақ халқын және ислам топтарын осы үлкен тоймен құттықтаймыз, себебі Құрбан мейрамы барша Ирақ халқына бірдей. Саддам Хұсейннің билігі кезінде өте қиын күндерді бастан кештік. Құдайға шүкір олар оны мына ұлы Құрбан мейрамында өліммен жазалады.

Саддамның адвокаттарының бірі Иссам Газави Амман қаласында Рейтерс агенттігіне былай деді:

- Бұл араб әлемінде және мұсылман әлемінде ең қаралы күндердің бірі. Себебі басқыншылар араб және мұсылман мемлекетінің басшысын өліммен әділетсіз жазалады, сот болған жоқ.

Австралия бас министрі Джон Хоуард сенбі күні Сидней қаласында журналистерге былай деді:

- Бұл азамат тиісті сот арқылы сотталды, тиісті процесс жасалды, үкім аппеляцияға берілген болатын, аппеляция арызы қанағатталған жоқ. Бұл азаматтың ісі Ирақ заңына сәйкес атқарылды. Мәселенің нақты маңызы осында.

Ауғанстан президенті Хамид Қарзай бұл Ирақтың өз шаруасы, Ауғанстанға әсер етпейді деді.
XS
SM
MD
LG