Accessibility links

Саддам Хұсейнді адамзатқа қарсы қылмысы үшін дарға асты

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Желтоқсанның 30-ы, сенбі күні, жергілікті уақытпен таңғы сағат 6-ға жетер-жетпестен Ирақтың бұрынғы президенті Саддам Хұсейн адамзатқа қарсы қылмысы үшін деген айыппен дарға асылды. Садам Хұсейн АҚШ-тың 2003-жылғы басқыншылық соғысы кезінде тақтан алынған болатын. Ол кезде сол соғыс арқылы қантөгіс, диктатуралық қысымдар тоқтатылады делінгенімен, одан бері 3 жыл өтсе де, осы кезге дейін Ирақ халқы ұлттық дүрбелең, бүлікшілдік шабуылдар, қақтығыстардан құтыла алмай келеді. Өзара секталық шайқастардың арты азаматтық соғысқа ұласып кетүі мүмін деген қорқыныш та жоқ емес.

Биылғы қарашаның 5-інде Ирақтағы арнайы трибунал Саддам Хұсейнге өлім жазасын жариялаған кезде Хұсейн қасқайып тұрып:

– Халық жасасын, ұлт аман болсын! Агенттер, басқыншылардың көзі жойылсын! Аллауху Акбар! Алла Ұлы, Аллауху Акбар – Жаратқан Алла Ұлы! - деп өзінің соңғы сөзін айтқан болатын.

Міне енді бүгін сол үкім Бағдадтың Жасыл аймақ деген ауданында аса қатаң сақтық шаралары көмегімен жүзеге асырылды. Саддам қарашадағы үкім жарияланған кезде, «мен Ирақ елі үшін құрбан болуға дайынмын» деп Ирақ халқын өз дұшпандарына қарсы бірлесуге шақырған болатын.

Алпыс тоғыз жасында қаза тапқан Хұссейн 1979-жылдан бастап, 2003-жылы АҚШ бастаған күштер басып кіргенге дейін Ираққа жетекшілік етті. Саддам 1937-жылы Тикриттегі малшылықпен айналысатын отбасыда дүниеге келді. Өгей ата азабынан қашқан Саддам он жасында Бағдадтағы нағашысына келіп пана табады.

1957-жылы, 20 жасында Баас партиясына кіреді. Ол кездегі пан-арабшылдық көңіл-күйдегі Мысыр президенті Гамал абдел Насырдың идеялары Саддамға ерекше әсер еткен болатын.

Саддам 1959 жылы сол кездегі Ирақ бас министрі Абд ал-Карим Қассымға қарсы үкіметтік төңкеріс әрекетіне қатысқан. Бірақ ол қантөгісті саяси әрекет нәтижесіз аяқталды. Қасымның өзі 1958-жылы Ирақ падишасы Файзал-2-ні тақтан құлатып үкімет басына келген болатын.

Міне сол арада Саддам Қайырға қашып барып заңгерлікті меңгерді. Ираққа қайтқанда 3 жыл түрмеде отырды. Дегенмен, Баас партиясымен жалғасқан қайраткерлігінің арқасында 1979-жылы президентік таққа дейін көтеріледі. Бұл деңгейге Саддам елдегі әлеуметтік жағдайды жақсартып, әйел-қыздарға теңдік құқ беру арқасында жетті дейді талдаушылар.

Бірақ оның 24 жылдық жетекшілігі қатыгездік билікпен жалғасып, 1980-жылғы Иранмен болған 8 жылдық соғыста екі тараптан жүз мыңдаған адам құрбан болды.

Ал, Ирақтың 1990-жылғы Кувейтке басқыншылығымен Парсы шығанағы соғысы басталды. Оған АҚШ күштері кірісіп Ирақ жауынгерлерін кері қайтарған болатын.

1991-жылғы көтеріліс кезінде Саддам Хұсейн солтүстіктегі күрдтер және оңтүстіктегі шииттерді аяусыздықпен басып, он мыңдаған адам мерт болды.

2003-жылы түрмеде отырған Хұсейнге барған, Ирақтың қазіргі Ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Ал-Рубаи Хұссейннің дөрекілігі жөнінде:

– Мен онымен кездесуден өте ашулы қайтым. Ол Ирақ халқына жасаған қылмысы үшін титтей де өкінбейтіндігін көрсетті, - деген еді.

Ал, Батыс барлау қызметі Ирақта жаппай қырғын қарулары жасалуда деген мәлімет таратқан кезде БҰҰ ның инспекторымен Хұссейн арасында талай дау-дамайлар орын алды. БҰҰ бірқатар санкциялар жариялады.

Оның арты 2001-жылғы АҚШ-тағы террорлық шабуылдардан кейін президент Буштың Ирақтағы басқыншылық соғысымен жалғасты.

Дегенмен, АҚШ қаншама әрекеттенгенімен Ирақтағы жойқын қарулар және Ирақтың террорлық ұйымдармен байланысы жөнінде ешқандай дәлел табыла қоймады. Бірақ, соған қарамастан, президент Буштың бұйрығымен 2003-жылы наурыздың 19-күні, түн жарымда, АҚШ әскерлері Ираққа басып кірді.

Көктемнің сол бір күнінде Ирақтағы басқыншылық соғысын жариялай тұрып Буш былай деген еді:

- Осы сағаттарда американдық және одақтас күштер көмегімен Ирақты қарусыздандыру, халықты азат ету және әлемді қауіп-қатерден құтқару мақсатында әскери операцияға кірісіп отырмыз. Саддам Хұсейннің соғыстық әрекетіне қарсы менің бұйрығыммен Ирақтағы әскери маңызы үлкем нысандарға соққы беру басталды.

Одақтас күштердің ол шабуылына Ирақ әскерлері төтеп бере алмаған кезде Бағдадтан қашқан Хұссейн арада 9 ай өткенде бір жертөледен табылған еді.

Үш рет некелі болған Саддам Хұссейннің алты баласы дүниеге келген. Саддам Хұссейннің дарға асылған кезінің куәсі болған Ирақ ұлттық қауіпсіздік қызметінен Ал Рубаи:

– Бұл кек алу әрекеті емес, әділеттің іске асуы. Жүз мыңдаған құрбандарды, жаппай жинап көмілген зираттарды, күрдтерге қарсы қолданылған химбиологиялық қаруларды, Иран мен Кувейттегі басқыншылық соғыстарын еске алсақ та жеткілікті болар, - деді.
XS
SM
MD
LG