Accessibility links

Минск Мәскеумен арадағы жаңа келісімге соңғы минутта ғана қол қойды


Беларуссия мен Ресейдің “Газпром” компаниясы орыс газының транзиті мен Беларуссияға сатылатын газдың бағасы бойынша жаңа 5 жылдық келісімге келді. Келісім-шартқа өткен жылдың соңғы минуттарында ғана қол қойылды. Оған сәйкес, 2007-нші жылы Минск 1 мың текше метр газға 100 доллардан төлейтін болса, 2008-інші жылдан 2011-інші жылға қарай газдың бағасы бірте-бірте қымбаттап, Еуропа елдеріне сатылатын газдың бағасына дейін көтеріледі. Оның алдында “Газпром” егер тараптар жаңа келісімге келе алмаса, онда 1-інші қаңтардан бастап Беларуссияға газ беруді тоқтатынын ескерткен болса, өз жағынан ресми Минск, оған есе қайтарып, өз жері арқылы Батыс Еуропаға айдалатын Ресей газына бөгет қоятынын мәлімдеді. Екі жақ та бір-бірін “қорқытты”, “бопсалады” деп айыптап, Кремль мен Киевтің арасындағы осыдан 1 жыл бұрынғы “газ дауын” еске түсірді.

Ресей газының Беларусь арқылы өтетін транзитінің шарттары мен Беларуссияға сатылатын газдың бағасы бойынша Мәскеу мен Минскінің арасындағы жаңа 5 жылдық келісім-шартқа жаңа жылға санаулы минут қалғанда ғана қол қойылды. Жаңа келісім-шартқа сәйкес, 2007-нші жылы Минск 1 мың текше метр газ үшін “Газпром”-ға бұрынғы бағасынан 2 есе қымбат - 100 доллар төлейді. Ал “Газпром” компаниясы Беларуссиядан 1 мың текше метр көгілдір отынға 105 доллардан төлеуді талап етіп келді. Мәскеуде келісімге қол қойылған соң “Газпром” компаниясының Бас директоры Алексей Миллер былай деп хабарлады.

А.МИЛЛЕР: “Біз Ресей газын Беларуссияға сату туралы және Ресей газының Беларусь Республикасы арқылы өтетін транзитінің шарттары туралы келісімге қол қойдық”.

Жаңа келісім-шартқа қол қойылмаған күнде, бәлкім, Беларуссия мен оның 10 млн. халқы қыс маусымында жылу мен ең негізгі қуат көзінсіз қалуы мүмкін еді және Еуропа Одағы елдеріне экспортталатын Ресей газының тоқтап қалуы да әбден ықтимал болатын. Мәскеудегі қол қою рәсімінен кейін “Газпром” компаниясы өкілдерімен бірлесіп өткізген баспасөз-маслихатында Беларуссияның премьер-министрі Сьярхей Сидорский “Газпром”-ның талап-шартына Минскінің амалсыздан көнгенін мәлімдеді. Жыл сайын Беларуссия өзінің тұтынуына шамамен 21 млрд. т.м. газ сатып алатын. Ендігі жерде оның газға жұмсайтын шығыны жылына қазіргі 1 млрд. доллардан 2.1 млрд. долларға дейін өсуге тиіс. Сьярхей Сидорскийдің атап көрсетуінше, газ бағасының күрт қымбаттауы қарапайым беларусь халқына зор ауыртпалық түсіреді.

С.СИДОРСКИЙ: “Сіздер білесіздер: Беларуссияның 60 пайызы – Чернобыль апатынан жапа шеккендер. Осы жұртқа – “чернобыльдіктерге”, біздің зейнеткерлерімізге бұрылып Беларуссияға қажетті газдың бағасын күткендегіден 2 еседен де жоғары көтергенін айтып түсіндіреміз. Сіздер білесіздер: мың текше метр газдың бағасын 75 долларға дейін көтеру туралы әңгіме болды – біз оған келістік – жыл бойы осы жөнінде келіссөз жүргізіп келдік. Бізге: - Жоқ! –деді. Өзіміздің әріптестерімізді сыйлай отырып, біздің қарым-қатынасымызды құрметтей отырып, соңғы 2 апта бойы бізге қолқа салып келген Еуропалық әріптестерімізді сыйлай отырып, біз осындай бағамен келісуге мәжбүр болдық”.

“Газпром” компаниясының мәлімдеуінше, Беларуссияға арналған газ бағасының көтерілуі – оны көрші елдерге экспортталатын Ресей газының бағасымен теңестіру науқанының құрамдас бөлігі болды. Жаңа келісім-шартқа қол қойылған соң беларусь президенті А.Лукашенко енді Беларуссия “жаңа экономикалық болмысқа” қадам басты деп мәлімдеді.

Дегенмен де Минск “Газпром” компаниясының көгілдір отыны үшін, әзірше, әлі де болса өзге елдерден айтарлықтай аз төлейді. Жаңа жылда Украина 1 мың т.м. газға 135 доллардан төлейтін болса, Грузия – 235 доллар төлейді. Сонымен қатар “Газпром” газ бағасын көтеру туралы Молдовамен де, Армениямен де уағдаласып үлгерді.

Алайда Беларуссия үшін тек газдың бағасы ғана қымбаттап қоймайды. Жаңа келісімге сәйкес, “Газпром” сонымен қатар мемлекеттің меншігіне қарайтын “БелТрансГаз” құбырының 50 пайыздық үлесін өзінің меншігіне алады. “Газпром” компаниясы газ экспортына деген монополистік құқын нығайту үшін “БелТрансГаз” компаниясына көптен бері қолы жетпей келді. Беларусь президенті А.Лукашенко әлгі газ құбырының үлесін Ресейдің қадағалауына беруге келіспей жүрді де, бірақ газ бағасының тіпті 100 доллардан да қымбаттап кетпеуіне жол бермеу үшін оған да көнуге мәжбүр болса керек. Жаңа келісім-шартқа сәйкес, “БелТрансГаз” компаниясы акцияларының 50 пайыздық үлесін өз қолына алу үшін “Газпром” алдағы 4 жылда 2.5 млрд. доллар төлеуге тиіс. “БелТрансГаз” компаниясы Беларуссияның ішкі мұнай құбырларын қадағалайды. Қазірдің өзінде “Газпром” Беларуссияның транзиттік газ құбырларының барлығын қолында ұстап отыр және олар арқылы Еуропаға экспорттайтын газының шамамен 20 пайызын тасымалдайды, қалған 80 пайызы Украина арқылы экспортталады.

Батыс елдері Ресейді Батыспен жақындасқысы келген Грузия сынды кейбір көршісін “жазалау” үшін газды “саяси қару” ретінде пайдаланып отыр деп айыптайды. Бірақ Беларуссия “жазаға тартылған” ондай елдердің қатарына жатпайды. Өйткені, А.Лукашенко өзін авторитарлық билік орнатты және адамның құқын аяққа таптап отыр деп айыптайтын Батыс елдерімен арадағы қарым-қатынасын бұзып алды. Сол себепті де Минск Мәскеумен етене жақындасуға ұмтылады. Соған қарамастан қазіргі “газ дауы” Мәскеу мен Киевтің арасындағы осыдан 1 жыл бұрынғы “газ жанжалын” еріксіз еске түсірді. Сол жанжалдың салдарынан, қысқа уақытқа болса да, Еуропаға экспорталатын Ресей газының қысымы төмендеп, Ресейдің “сенімді әріптес” деген атына көлеңке түскен болатын.
XS
SM
MD
LG