Accessibility links

Украинаның энергия көздеріне сұранысын өтеу туралы жауабы оның көмір қабаттарындағы газ байлығында ма?


Украина сырттан келетін табиғи газды пайдалану көлемін азайтатын жоспарларын жариялаған болатын. Сөйтіп өзінде метан газының өте үлкен көлемдегі қорының барлығы бір емес бірнеше ұрпаққа жететін байлық екендігі де жан-жақты жарнамаланған-ды. Алайда аймақтық талдаушы Роман Купчинскийдің пікіріне қарағанда, мұндағы өзіндік бір мәселе ол метан қорларын қалай игеріп, пайдаланудың жолын табуда екен.

Украина өзін басты газбен қамтамасыз етуші Орталық Азия мемлекеттерінің бірі - Түркменстаннан гөрі жерасты газ қоры мол елдің бірімен деп ойлап, соған сенімді болып отыр. Украинаның көмір қабаттарындағы метан газы қазір 11-12 триллион текше метр деп бағаланады, бұл Түркменстанның табиғи газынан үш еседей, ал Ресейдің Штокман газ орнындағы қорынан төрт еседей мол деуге болады.

Міне енді Украина импортталатын, демек сырттан келетін табиғи газға деген тәуелділігін азайту мақсатындағы жоспарын жүзеге асырмақшы, ол үшін көмір қабаттарында түзілетін метан газын қолданысқа енгізу арқылы мұндай байлықтың игілігін көруге болар еді.

Ал бірақ Украинадағы бай метан қорының көп бөлігі босқа кетіп жатыр, ол атмосфеараға тарау арқылы экологиялық көптеген сауалдар туғызатыны да белгілі. Украина үкіметі жыл сайын 3 миллиард текше метрден астам метан газы құры босқа далаға кетіп, соның салдарынан әлемдегі метанға бай он елдің бірі болатын елдің бұл игілігі елге қызмет етпей жатыр деп есептейді. Сонымен қатар метанның ауаға бөлініп, тарап жатуын азайту арқылы ғаламдық жылыну процесіне де өзіндік әсер етуге болады деген сенім де жоқ емес.

Украинаның метан газының экологиялық және экономикалық осындай артықшылықтары бола тұра осыған дейін оны игеру бағытында көп ешнәрсе жасалған жоқ. Оған бастаманың жетіспеушілігі де, шетелдік инвестицияның тартылмауы да, қазіргі технологияның болмауы, сынақ-экспертизаның жасалмауы да себеп болып келді.

Міне енді Украина осы айтылғандардың барлығын да жеделдетіп қолға алып, түзетуге ниет етіп отыр. Өткен 2006 жылдың қазан айында Украина үкіметі Флоридада орналасқан Itera Energy компаниясының Донбасс көмірлі аймағындағы метан газын алу турасындағы тәжірибелік жобасына қатысуын, сөйтіп оны дамыту мүмкіндігін зерттей бастады.

Аталған Itera Energy компаниясы АҚШ-ғы көмір қабаттарындағы метан газын алу бағытында табысты жұмыстар атқарғандығы белгілі. Енді осы американдық компания Украина шахталарындағы метан газын қаншалықты алуға болады деген геологиялық зерттеу-тексерулер жүргізбекші.

Егер сынақ-зерттеулер табысты болып, өз жемісін берер болса, 2007 жылдың өзінде 600 миллион текше метр метан газын алып, оны Украина кәсіпорындарына әр бір мың текше метрін 135 доллардан сатуды жоспарлап отыр. Бұл «Газпромның» 2007 жылы Украинаға табиғи газ үшін ұсынған бағасымен бірдей.

Міне осылайша жергілікті жерде өндірілген метан газы өндірісті Донбас өлкесі үшін аса пайдалы болар еді. Ал жалпы Украина үшін мұндай ішкі қуат көзінің игерілуі пайдалы болған үстіне бола түсіп, мемлекеттің сырттан жеткізілетін газ үшін төлейтін миллиондаған доллар қаржысы да өзінде қалар еді.

Тағы бір айта кететін жайт, 1970 жылдарға дейін, демек Мәскеу газ өндірісінің инвестициясын Орта Азияға қарай бағыттағанға шейін, Украина Совет одағының құрамындағы ең үлкен табиғи газ өндіруші ел болған еді дейді талдаушы Роман Купчинский.
XS
SM
MD
LG