Accessibility links

Алматыда «Валют-Транзит» банкінің салымшылары өз ақшасын қайтаруды талап етіп, наразылық пикетін өткізді


Қаңтардың 5-і күні Алматыдағы «Валют-Транзит» банкі ғимараты алдында 30-ға жуық Молдова республикасынан келген азаматтар пикет ұйымдастырды. Аталмыш банкке қаржыларын салымға салған бұл азаматтар: «Банк қаржымызды қайтарсын!» деген талап қойып отыр.

«Валют Транзит» банкі ғимаратының алдында пикетке шыққан бұл азаматтар жақсы өмір іздеп Молдовадан Қазақстанға келгендер. Олардың қазақстандық банкке салымға салған қаржыларының жалпы сомасы 20 мың АҚШ долларын құрайды екен.

«Барымыздан айырылып қалдық, қаржымыз қайтарылсын!» деп айқайға басып, банк ғимаратының есігіне ұмтылған олардың жан айқайларын ести қоятын ешкім болған жоқ. «Банк жұмыс істемейді» деген тілдей қағаз ілінген банк ғимаратының есігі жабық болып шықты. Тек оқиға орнына келіп жеткен полиция қызметкерлері ғана болды. Алайда, наразылық танытқан аз ғана топ өз талаптары орындалып қаржылары қайтарылмайтын болса, күнделікті банк ғимараты алдына пикетке шығуға дайын екендіктерін айтты.

«Егер банк біздің қаржымызды қайтармайтын болса қалалық әкімшілікке барамыз. Қалалық әкімшілік бізге көмек көрсетпесе, онда президент Назарбаевқа барамыз. Өйткені, біздің ішіп-жейтін түгіміз қалған жоқ. Балаларымызды қоспағанның өзінде ересек ерлі-зайыпты 80 адамбыз. Тамақтануымыз керек. Күнделікті дүкеннен 200 нан сатып аламыз», дейді аты-жөнін атаудан бас тартқан ер азамат.

Қазір қызметі заңмен тоқтатылған «Валют-Транзит» банкінің бұрынғы төрағасы Андрей Беляловқа қарсы Қазақстанның қаржы полициясы қылмыстық іс қозғаған болатын. Ресми мәлімет бойынша, ол банкпен байланысы бар компанияларға қаржы аударған деп айыпталған еді. Полиция мәліметінше күдіктелуші жалған кәсіпорындардың біріне 13 миллион долларға жуық қаржы аударған. Кейін бұл қаржы Беляловтың есеп-шотына түскен деп хабарланды. Қазақстанның қаржы полициясының департамент бастығы Василий Суранков:

«Валют-Транзит» банктың бұрынғы төрағасы Андрей Белялов банктың қазіргі жағдайына өзі кінәлі соған орай оған қарсы қылмыстық іс қозғалды. Одан ешкім банкті тартып алған жоқ», дейді.

Алайда бұл жағдайды «Валют-Транзит» банктың бұрынғы төрағасы Андрей Беляловтың өзі болса жемқорлықтың бір түрі - рейдерлік тәсіл арқылы өзінен банкті әдейі тартып алуға жасалынған әрекет деп бағалаған болатын.

Ал тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Тимур Назханов: «Қазіргі Қазақстан кәсіпкерлерінің кейбірінің айналасында қалыптастып отырған мұндай жағдайға біріншіден, Қазақстан заңнамаларының өзі жол беріп отыр. Өйткені, заң бізде мәселені тікелей шешпейді. Заңды әркім өзінің ыңғайына оп-оңай бұрып алуларына болады. Ал екіншіден, біздің зерттеуіміз бойынша, орта және шағын бизнестің 50 пайызы көлеңкеде істеп жатыр. Олар табыстарын ашық айтпай жасырады. Салықтарын дұрыс төлемейді. Бұл тексеру органдарына жақсы сылтау болып отыр. Осындай заң бұзғансын, салық төлемегенсің деп оларды жауып тастайды. Мемлекеттік органдар мен бұрынғы рэкетирлердің жақсы байланысы бар. Олар екі жақтан қысымға алып, үшінші біреудің бизнесін өздеріне қосып алуға, тартып алуға мүмкіндіктері зор болып тұр» дейді.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстандағы орташа банктерге жататын «Валют-Транзит» банктің активтері орта есеппен 83 миллиард теңгеге бағаланған.
XS
SM
MD
LG