Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.05.2007 жыл

  • Рауза МҰҚАН

Жұма күні жарық көрген басылымдар, экономикадағы «голланд ауруының» Қазақстанға қатері бар ма деген мәселе көтеріпті. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде, Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылғанына 15 жыл толуына орай мақалалар жарияланған.

Ұлттық банк, Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі «голланд ауруы» Қазақстанда жоқ дегенімен, экономикалық көрсеткіштер бұл пікірді жоққа шығарып отыр деп жазады «Егемен Қазақстан». «Голланд ауруының» көріністері мыналар: шикізатты, әсіресе мұнай мен газды жаппай сыртқа шығарғанда экономикаға валюта ағыл-тегіл құйылып, рыноктағы баға өсіп, ұлттық валюта нығайып, экономика біртіндеп қымбаттай бастайды. Ұлттық валютаның қымбаттауы, экспорттық қабілеті бар шикізаттық емес басқа секторларға кері әсерін тигізуі мүмкін. Яғни, шикізат секторларындағы ірі жетістіктер өңдеу өнеркәсібін тұншықтырып отырады. Сондықтан, «Голланд ауруының» Қазақстанға қатері өңдеу өнеркәсібінің үлесі шикізат өнеркәсібінің үлесінен артқанда ғана сейіледі» деп жазады «Егемен Қазақстан».

Осы орайда, «Караван» басылымы, Қазақстандағы мұнайлы өлкелердің бірі Ақтөбе облысы, әлемдік нарықтағы мұнай бағасына емес, өндірістік өнеркәсіпті дамытуға баса назар аударатынын жазыпты. Газет дерегінше, 2006 жылы облыста 460 миллард теңгенің өнімі өндірілген, 13 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Кедейлер мен тұрмысы төмен отбасылар саны 33 пайызға төмендеген. Бірақ, сөйте тұра, баспанасыз қаңғыбастар саны өсіп барады. Сондай-ақ, «Караван» апталығының жазуынша, Ақтөбе облысында табыс көлемі жан басына шаққанда 164 мың теңге. Бірақ, үй сыпырушы, дәрігер, банк қызметкері мен мұнайшының айлығын қоса есептегенде, орташа жалақы, 40 мың теңгенің айналасында.

2006 жылы бәсекелестікке қабылетті 117 елдің арасында Қазақстан 61 орыннан 56 орынға көтерілді деп жазады «Казахстанская правда». 1990 жылы Қазақстан бұл тізімде 109 орында тұрған болатын. 15 миллионнан астам халқы бар, жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстанда табиғи ресустар өте көп. Бірақ, қазба байлықтары мол мемлекеттердің барлығы бірдей, әлемдік аренада табысқа жете бермеген. Кен орындарын игерудегі сауаттылық пен республика Президенті жүргізген білікті сыртқы саясаттың арқасында бүкіл әлем Қазақстанның табысына куә болды деп жазады «Казахстанская правда» газеті.

«Егемен Қазақстан» басылымы, Қытай - Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқы болып таныған мемлекеттердің бірі болғанын жазыпты. «1995 жылы Қытай Қазақстанға қарсы ядролық қаруды сөзсіз қолданбау жөнінде ресми түрде уәде берді. 1999 жылы Пекинде екі елдің мемлекет басшылары Қытай мен Қазақстан арасындағы шекаралық мәселелердің толық және түбегейлі шешілгендігі туралы біріккен мәлімдеме жасады. Соңғы жылдары екі ел аймақтық және халықаралық істерде тығыз ынтымақтастық жасауда. ШЫҰ, АӨСШК және өзге де халықаралық құрылымдар шеңберінде аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін Қытай мен Қазақстан бір-біріне қолдау білдіруде» деп жазады «Егемен Қазақстан».

Ал, Жапонияның жаңа үкімет басшысы Шинзо Абенің 2006 жылдың қазан айындағы Қытайға сапары, аспан асты елі үшін, өткен жылдың ең маңызды оқиғаларының бірі болды деп жазады «Караван». Өйткені, соңғы бес жылда тұңғыш рет Жапония премьер-министрі Қытайға келді. Сондықтан да, «Караван» газетінің жазуынша, бұл сапар қытай-жапон қатынастарындағы үлкен бір бетбұрыс болды.
XS
SM
MD
LG