Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.06.2007 жыл

  • Рауза МҰҚАН

Сенбі күні жарық көрген баспасөз беттерінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесі сөз болады. Сондай-ақ, ресми басылымдарда мүлікті жария ету шарасының барысы мен маңызы туралы мақалалар жарық көрген.

Мемлекеттік тілді барлық қазақстандықтардың жетік меңгеруі бір күндік жұмыс емес, ол – уақытты талап етеді деп жазады «Егемен Қазақстан». Газеттің жазуынша, қазақ тіліне деген ынта-ықыласты бала бақшадан, мектептен қолға алып, жоғары оқу орындарында одан әрі жалғастырған жөн. Оған қоса ең маңыздысы – оқытушылардың білімі, тәжірибесі мол болуының мәні зор. Бұған қоса, көп адамдардың қалтасынан қомақты қаржы төлеп, тіл үйренуге мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан, республика көлеміндегі мемлекеттік тілді үйрететін курстардың ақысыз, тегін болуы тиіс деп қорытындылайды бұл мақаланы «Егемен Қазақстан».

Осы орайда, «Қазақ» газеті, мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде, нақты шарадан гөрі, сөз көп деп жазады. Басылымға сұхбат берген жазушы Ақылбек Шаяхметтің айтуынша, осыдан оншақты жыл бұрын, қазақ мектептері көбейіп, қазақ тіліне көптеп көңіл бөліне бастаған еді. Бірақ уақыт өте келе, қазақ тілі тағы да тасада қалды. Теледидар, радио, газеттердің барлығында басымдық орыс тілінде. Тіпті әу баста ана тілінде дүниеге келген төл теңгеміз де енді орыс тілінде сайрауда, - дейді Ақылбек Шаяхмет «Қазақ» газетіне берген сұхбатында.

Ал, «Алматы ақшамы» басылымында, Алматы қаласы, Жетісу ауданының әкімі Әмір Құлмаханов аудан бойынша «Тіл туралы» заңның орындалу барысы жайында айтады. Әкім аудан көлемінде қазақ тілін дамытуға байланысты бірқатар шаралар ұйымдастырылғанын, мәселен, 2006 жылы 27 қазанда қазақ тілінің аясын кеңейту, оны өмірдің барлық салаларында қолдану, іс қағаздарын қазақ тіліне көшіру туралы аудан, қала басшылары дөңгелек үстел басында пікір алмасу өткізгенін айтады.

«Егемен Қазақстан» басылымы, мүлікті заңдастыруға байланысты бір реттік шара бірден сәтті бастала қойған жоқ деп жазады. Тіпті, оған күмән-күдікпен қараушылар да болмай қалған жоқ. Өйткені, бастапқыда үгіт-насихат жұмыстары дұрыс жүргізілмеді. Ал, қазір халық ендігі шешім тек өз қолдарында екендігін заңсыз капиталды “көлеңкелі” айналымнан алып, тіркету мемлекет үшін де, мүлік иелері үшін де зор пайда әкелетінін анық сезініп, белсенді қимылдай бастады. 2006 жылдың 1 шілдесінен бастап, Солтүстік Қазақстан облысында 12 216 өтініш түсіп, оның 12088-і қанағаттандырылды. Небәрі 35 арыз ғана кейін қайтарылды», - деп жазады «Егемен Қазақстан».

«Казахстанская правда» газеті, «Мүлікті жария ету» Заңын қабылдаудағы басты мақсат – қарапайым азаматтардың, кәсіпкерлердің мүлкін, ақшасын, құнды қағаздарын, көлеңкелі айналымнан шығару деп жазады. Сондықтан да, құжатта әлеуметтік сипаттағы ынталандырушы шаралар қарастырылған. Мүлкін жария етушілер, табыс пен мүліктің құн салығын төлеуден босатылады. Осы шараның аясында мемлекет тұрғын үйге, жер теліміне жеңілдетілген жолмен құжат рәсімдеуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, шетелдердегі ақшаларды заңдастыруға көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, шетелдік банктерден ақшаны республика аумағына әкелу міндетті емес және заңдастырылған қаражатты елге әкелуге немесе сыртқа шығаруға ешқандай кедергі болмайды деп жазады «Казахстанская правда».
XS
SM
MD
LG