Accessibility links

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаңтардың 8-күні Үкімет басшысы Даниал Ахметовтің қызметтен босау туралы өтінішін қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев дүйсенбі күні өзі төрағалық ететін «Нұр-Отан» саяси партиясының өкілдерімен бірге үкіметті жаңадан жасақтау мәселесін талқылаған. Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, мемлекет басшысының премьер-министр портфелін кімге сеніп тапсыратындығы Парламент палаталарының қаңтардың 10-күнгі бірлескен отырысында анықталады.

Премьер-министрдің отставкаға кетуі Қазақстан қоғамында аса бір таңқалыс тудырған жоқ. Өйткені, Үкіметтің ауысатындығы туралы әңгіме соңғы бір жылдың көлемінде үздіксіз көтеріліп келген еді. Биліктегі осындай өзгеріс 2007 жылдың басында болатындығын көпшілік жұрт сезген болатын дейді «Еуразия әлемі» журналының бас редакторы, саясаттанушы Эдуард Полетаев.

- Қазақстанда биліктегі кадр мәселесі мемлекет басшысының ұсынысына сай шешіліп жататындығы жасырын емес. Сонымен бірге, республикада мұндай деңгейдегі ауыс-түйістер алдын-ала ұйымдастырылып барып жүйелі түрде жүзеге асып жатады. Соған байланысты, Даниал Ахметовтың жақын күндері отставкаға кететіндігін болжау қиын болған жоқ. Осындай ауыс-түйістерді ресми билік жаңа бастамаларды жүзеге асыру үшін қажетті қадам ретінде түсіндіретіндігі анық, - дейді Эдуард Полетаев.

Ал саясаттанушы Шәріпбек Әмірбектің пікірінше, үкіметтің ауысуына бірнеше маңызды жағдайлар әсер еткен болуы мүмкін.

- Соңғы жылдары жүргізілген әкімшілік реформалардың нәтижесінде Үкіметтің үйлестіруші орган ретіндегі функциясы біршама күшейді деуге болады. Соған қарамастан үкімет өзінің толық мүмкіншілігін жүзеге асырып отыр деп айта алмаймыз: жоғарғы білікті мамандар үкімет құрамында аз, жоспарланған нәрселердің толық жүзеге асуына мүмкіндік жасалмай отыр, үкіметтің халыққа жағдай жасаушылық функциясы кеңейтілу керек, - дейді Шәріпбек Әмірбек.

Ал саясаттанушы Эдуард Полетаев болса, премьер-министрдің отставкасына экономикалық жағдайлар әсер еткен деген пікірде.

- Әсіресе соңғы жылдары инфляция деңгейі өте жоғары болды. Сонымен бірге, экономика саласында «голланд ауруына» кезігу қаупі көп талқыланды. Әрине, бұл жағдайлар Президентті ойландырмай қоймасы анық. Тағы бір айта кетерлік жайт, Қазақстанда саяси процестерді президент әкімшілігі ойластырады, ал үкімет болса оның жүзеге асуын ғана қадағалайды. Мүмкін, жаңа өзгерістер бұл сценарийді ауыстыру мақсатында жасалып жатқан шығар?

Ал «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім биліктегі ауыс-түйістер айтарлықтай жаңалық әкелмейді деп санайды.

- Премьер-министрді ауыстырылуынан қандайда бір өзгеріс күтпеймін. Себебі, біздің заңдар бойынша, Үкімет басшысын Президент тағайындайды. Даниал Ахметовтың орнын басатын адам мемлекет басшысынан өзгеше бағытта жұмыс жасайтындығына сенім аз. Қазақстанда премьер-министр қызметіне қойылатын адам халыққа берілгендігінен емес, Президентке адалдығына байланысты тағайындалады, - дейді дейді Дос Көшім.

Сонымен бірге, қазақстандық сарапшылар премьер-министр ауысқанымен Үкіметтің қазіргі құрамында үлкен өзгеріс болмайды деп болжап отыр. Ал премьер-министр портфеліне үміткерлер ретінде Кәрім Мәсімов, Аслан Мусин, Әділбек Жақсыбеков, Зейнолла Кәкімжанов және басқа да саясатшылардың есімі аталып келеді.

Бүгінгі күнге дейін Үкіметті басқарып келген Даниал Ахметов бұл қызметке 2003 жылдың маусым айында тағайындалған болатын.
XS
SM
MD
LG