Accessibility links

Қытайдағы жоғары әкімшілік жергілікті аймақтардағы әлеуметтік толқуларды басуға мүдделі болып отыр

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Қытайдағы сөзі өтімді, қатаң қолды жоғары деңгейлі ресмилердің бірі Луо Ганның елдегі әлеуметтік тұрақтылық жөніндегі алаңдаушылығында негіз жоқ емес. Оған eлдік қауіпсіздік жөніндегі министрлік жариялаған статистикалық дерек-мәліметтер куә.

Ресми деректердің көрсетуінше, 2004 жылы рұхсатсыз өткізілген наразылық шерулері 74 мың болса, 2005-жылы ондай ереуіл-шеру, жиналыс-митингілердің саны 87 мыңнан асқан. Бұл орайда Хон Коңдағы Сити университетінен Қытай орталығының зерттеушісі профессор Джозеф Чаңның тілшімізге айтуынша, жоғары ресмилер қытай халқының тұрмыстық жағдайы жөніндегі наразылығын жақсы біледі екен.

- Ел жетекшілері және ресми саясаткер сарапшылар арасындағы біршама түсіністікке орай бұл кездегі экономикалық деңгей төмендегідей. Орташа жалпы ішкі өнім деңгейі жан басына шаққанда 1 мың мен 3 мың доллар ғана аралығында. Сондықтан әлеуметтік қарама-қайшылықтар барынша күшейетін түрі бар. Мәлім болып қалғанындай, экономиканың дамуына орай бай мен кедейдің де арасы алшақтай бастайды, - дейді қытайлық профессор.

Жағдайды реттемесе Қытайда тұрақсыздық пайда болуы мүмкін бе деген сауалға профессор әбден мүмкін деп жауап қайтарады. Чаңның әңгіменің төркіні нарықтық экономиканың қалай енгізілгендігінде болып тұр екен. Қытайдағы реформалар бұл елді қысқа мерзімде әлемдегі экономикасы дамыған мемлекеттер қатарына қосты. Бірақ сонымен қатар, әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік кесірінен млн.-даған адам кедейшілік жағдайына тап болды. Оның үстіне өнеркәсіптік дамудан қоршаған ортаның ахуалы нашарлай түсті.

Гуандоң уалаятындағы жерлерге зауыт-фабрика салынуына қарсы болған ауыл иелері мен полиция арасында 2005-жылы желтоқсанда болған қақтығыстан кемінде 20 кісі қаза тапты. Бірқатар табыссыз өнеркәсіп орындарының жабылуынан 2000-жылдан бері 34 млн-дай адам жұмыссыз қалып отыр екен. Бұл орайда талдаушы профессор Чаңның ойы төмендегідей.

- Баланы оқытуға, дәрігерлік көмек алуға, баспанаға жетуге мүмкіндік азая бастады, күнделікті тұрмыс-тіршілік қиындай түсті дейтіндер көбейе бастады, - дейді профессор.

Осыдан бір жыл бұрын ғана қытайлық орталық үкімет әсіресе ауыл-аймақтағы экономиканы ырықтандыру туралы бірқатар әлеуметтік шаралар ұсынған болатын. Өзара үйлесімді қоғам үшін деген ол бағдарламада жерден дұрыс пайдалану, диқандарға, денсаулық, білім беру саласында көмек беру және салық көлемін азайту көрсетілген еді. Бірақ қытайлық жетекшілер дұрысырақ тұрмыс-тіршілік мүмкіндігін жасау жөнінде айтқанымен, демократия мәселесіне келгенде ресми басшылық ынта-жігер байқатпайды, дейді профессор Чаң.

Демократияның аулы алыстап, либералды экономика мен орталықтанған саяси басқару жүйесінің қарама-қайшылығы күшейе түсті. Ал Батыста көп жылдан бері Қытайдағы еркін нарық экономикасы арқасында саяси көзқарас пікір әралуандығы жүйесі қалыптасар деген үміт айтылған болатын. Бірақ ол болмады, дейді талдаушы. Қытай Компартиясы билік тізгінін бекем ұстап экономиканың дамуына жол бергенімен, оның салдары енді байқала бастапты.

Бұл дамыған заманауи өнеркәсіптік мемлекетте енді диқандар, өнеркәсіпшілер, жұмысшылар, бизнесмендер, орта тап және өзге де әлеуметтік топтар арасындағы теке-тірес, қақтығыстар көбейе бастады. Бірақ мұндай саяси күрестің демократиялық негізі байқалмайды.

Қытайдың беделді жетекшілерінің бірі Луо Ган сөзін өткізбек болған жергілікті ресмилердің өзі парақорлықтан алыс емес. Міне, осындай жағдайда төзімі таусылған қатардағы халық қазіргі тұрмыстары бойынша наразылық шеруіне, ереуілге шықса, ресми әкімшілік оларды бұзықтар деп атап, қара күйе жағады екен.
XS
SM
MD
LG