Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында балалардың ВИЧ індетіне шалдығу оқиғасына орай қозғалған қылмыстық іс облыстық сотқа жолданды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қатерлі дерттің таралу оқиғасына қатысты 28 қылмыстық іс қозғалып, ҚР қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша 21 адамға айып тағылды.

«Тергеу ВИЧ індетінің таралуына дәрігерлердің немқұрайдылығы себеп болған деген қорытындыға келген. Соған сәйкес 21 адамға айып тағылды. Олардың кейбіреуіне немқұрайдылықпен бірге, пара алу, алаяқтық деген секілді айыптар тағылуда» деп хабарлады Қазақстан бас прокуратурасының баспасөз қызметкері Сәулебек Жәмкенов сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына.

«Қылмыстық іс қозғалғандардың ішінде бір медбике мен бір дәрігер бар. Қалғандары облыстық денсаулық сақтау департаментінің басшы мен оның орынбасарлары, жұқтырудың негізгі көзі болған облыстық және қалалық балалар ауруханасының бас дәрігерлері сияқты лауазымды тұлғалар. Заң бойынша іс облыстық сотқа жолданған болатын. Кеше бізге Шымкент қаласындағы әл-Фараби аудандық сотқа түскендігі жөнінде хабарлама келді», - деді Сәулебек Жәмкенов.

Осы қозғалған қылмыстық іске қатысты тергеу жұмыстарына басшылық жасаған Бас прокурордың аға көмекшісі Төрехан Адайдың айтуынша, оқиғаға қатысты 28 қылмыстық іс қозғалып, соның 25-і бір өндіріске біріктірілген. Қозғалған қылмыстық іс қылмыстық кодекстің бірнеше баптарын қамтиды.

- ҚР Қылмыс кодексінің 316-бап бойынша - «өз ісінде салақтық жіберу», 311-бап – «пара алу», 177-бап – «алаяқтық», тағы басқа да баптар бойынша қылмыстық айып тағылып отыр. Тергеу барысында біз ауру ата-аналарды алдап қан немесе дәрі-дәрмек сату арқылы «алаяқтық» жасау фактілер анықталды, - деді Төрехан Адай.

Оңтүстік Қазақстан облысында балалардың жаппай ВИЧ індетіне шалдығу оқиғасынан кейін Бас прокуратура республиканың 321 денсаулық сақтау саласы нысандары мен 68 қан құю орталықтары қызметіне, 23 СПИД-пен күрес және 230 емдеу сауықтыру орталықтарына тексеру жүргізген. Нәтижесінде 15 түрлі қылмыстық іс қозғалып, 32 медицина қызметкері әкімшілік, 98-і тәртіптік жауапқа тартылған. Сондай-ақ, тексеру барысында қан құю орталықтарының талапқа сай келмеуі, құрал-жабдықтарының ескіруі, донорларды тегін тамақпен қамтуда бағаны төмендетіп жіберу деректері ашылған.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы мәлімет бойынша ВИЧ инфекциясы 84 бала мен олардың аналарының 12-сінде анықталған. Індет жұқтырған 8 бала түрлі сырқаттарынан қайтыс болған еді.

«Балаларды СПИД-тен қорғайық!» атты қайырымдылық қорының президенті, індет жұққан баланың атасы Сағдат Масауров: «Бұл істе шын кінәлілер жазадан құтылып кетпесе болғаны. Мен өз басым кінәлілерді кешіруге дайынмын. Себебі, олардыңда балалары бар. Бірақ заң бойынша бәрі де жазасын алулары керек. Өйткені, екі жағдайда қылмыс өседі. Бірінші - адам дұрыс жаза алмаған жағдайда, екінші – адам қылмыс жасап жазаланбаған жағдайда. Осыны көрген адамда мұндай бола береді екен ғой деген психология қалыптасады. Жазалау құқық қорғау органдарының жұмысы, дегенмен жазасын әркім алу керек», дейді.

«Бұл жерде жауапкершілік тек дәрігерлердің ғана мойнында емес. Әрине, мен оларды ақтамаймын. Ақ халат киіп Гиппократ антын бергеннен кейін өз міндетін адал орындау керек. Халықтың денсаулығы тікелей дәрігерлерге тәуелді екенін ескерсек, мемлекет оларға жағдай жасау керек еді. Ал оларды керісінше қаржыдан қысып қойды. Олар халықтың денсаулығын емес өздерінің қара бастарымен әуре болып кеткен жағдайда қайдағы дұрыс жұмыс болуы мүмкін. Профилактика, т.б. мәселелер далада қалды. Міне, осы тұрғыдан алған кезде биліктің кінәсі олардан мың есе артық. Жалпы мына режимді, билік жүйесін өзгерту керек. Онсыз болмайды. Қазіргі Оңтүстік Қазақстандағы жағдайды бізге апат жағдайын төндірген мынадай саясат тікелей бүгінгі биліктің халықққа тигізіп отырған зардабы», дейді дейді саясаткер Жасарал Қуанышәлі.

Мамандар бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысында қатерлі індетке шалдыққандар санының әлі де өсу мүмкіндігін алға тартқан болатын. Өйткені, ВИЧ індетін жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған 300-ден астам бала әлі күнге табылған жоқ.
XS
SM
MD
LG