Accessibility links

Америка Құрама Штаттарының кейбір одақтастары президент Джордж Буштың Ираққа қатысты жаңа жоспарына қолдау танытып жатыр. Жоспар бойынша Ираққа 21 мың жарым сарбаз қосымша жолданбақ. Дегенмен, Британия мен Австралия өз тараптарынан қосымша әскер жолдағысы келмейтіндерін айтты. Кейбір сарапшылар президент Буштың жаңа жоспарына күмән келтіріп жатыр.

Жапония үкіметі Ирақта тұрақтылық орнатуға бағытталған жоспарды жоғары бағалады. Британия сыртқы істер министрі Маргарет Беккет жоспар АҚШ пен Ирақ үкіметтері қауіпсіздік мәселесін шешуге бел байлап отырғандарын көрсетеді деді. Мұндай пікірді Австралия бас министрі Джон Хоуард та айтты:

- Президент Буштың жариялаған нәрсесінен басқа нәрсені айтудан балама жолы қалмады. Не болмаса ол Батыс елдері Ирақта жеңіске жете алмайды деп тиісті шараларды бастауға мәжбүр болатын еді. Дегенмен мұның әскер шығарғанды жөн көрдік деп жасырын сипат алуы да мүмкін еді. Қазіргі жағдайда президент іс жүзінде жалғыз қалған жолды таңдады деп сенемін.

Президент Буштың жоспары бойынша Ираққа қосымша 21 мың жарым сарбаз жолданбақ, олардың басы осы айда аттандырылмақ. Конгресс қолдаса қосымша әскер жолдаудың шығындарына 5,6 миллиард доллар бөлінбек. Ираққа экономикалық көмек көрсетілмек. Ирақ үкіметі мұнай табыстарын Ирақ халқына тең жеткізсін деген де ұсыныс айтылды.

Президент Буш Ирақ үіметі іске асырса деген бірнеше ұсыныс айтты. Олардың арасында мұнай табыстарын барлық Ирақ азаматтарына тең жеткізу ойы бар. Бұл ұсыныстың мақсаты – сүннит азшылығын саяси процеске тарту. Ирақ жасақтары қауіпсіздікті бақылауды қараша айына таман өз жауапкершілігіне алсын делінеді. Міне Бағдад көшелерінде лебіз білдірген кейбір азаматтардың сөздері мынандай:

- Жаңа стратегия бойынша Ирақ үкіметі шешім қабылдап, жауапкершілікті алатын тарапқа айналса жөн. Үкімет америкалықтардан бұйрық күтпесе жөн. Ирақ жерлерін америкалық жасақтар кезіп жүр, Ирақ жасақтары бұл туралы түк білмейді. Бұйрықты Ирақ әскері, Ирақ қауіпсіздік күштері берсе жөн, олар Америка тарапынан көмек сұраса жөн, - дейді Әли Абдұл Раззақ деген азамат.

- Бұл жақсы шаруа. Олар мұны жақсы қабылдайды, қауіпсіздік қалпына келіп, жұрт өмірі бақытты болады деген үмітім бар, - дейді Хамид Салман деген азамат.

Кейбір сарапшылар Буштың жоспарына күмән келтіріп жатыр, қосымша әскер әкелу діни топтардың қақтығыстарын тоқтата қоймас, тіпті керісінше болып кетуі мүмкін дейді. Бағдадта алты миллион халық тұрады, қосымша 17 жарым мың сарбаз әкелудің пайдасы болар ма екен деп айтылып жатыр. Кейбір сарапшылар Бағдад көшелеріне көбірек әскер шығару амалы осы жазда жасалған, бұл амалдан түк шықпады деп айтады. Кейбір сарапшылар Ирақта діни топтардың, ұлттық топтардың қарым-қатынастарында үйлесімдік табу шииттер басқаратын үкіметтің қолынан қаншалықты келеді екен деп сауал тастап отыр.

Ал енді Ирақтан түсіп жатқан кейбір жаңалықты айтсам – АҚШ сарбаздары бүгін Әрбіл қаласында Иран консулының кеңсесіне кіріп, құжаттары мен компьютерлерін тәркіледі, дейді Иранның Ирна агенттігі. Иранның бес ресми өкілі қамауға алынды делінеді. Иранның Бағдадтағы елшілігі Ирақ сыртқы істер министрлігіне осыған орай наразылық нотасын табыс етті, дейді Иран ақпарат агенттігі.
XS
SM
MD
LG