Accessibility links

Н.Әбіқаевтың Сенат спикері қызметінен босатылуы нені білдіреді?

  • Досан БАЙМОЛДА

2004 жылдан бері Қазақстан парламенті сенатының төрағасы қызметін істеп келген Нұртай Әбіқаев қаңтардың 11-і күнгі сенат отырысында қызметінен босатылды. Сенаттың жалпы отырысында сөз сөйлеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев төрт жылдан бері сенатты басқарып келген Н.Әбіқаевтың дипломатиялық қызметке кетуге ықылас танытқанын, оның өтініші қабылданып ол Ресейге Қазақстанның елшісі болып баратындығын таныстырған.

Қазақстан конституциясы бойынша Сенат төрағасы Қазақстандағы билікте президенттен кейінгі екінші жоғары лауазымды тұлға деп саналады. Н.Әбіқаевтың қәзіргі президент Н.Назарбаевтың ең жақын адамы екендігін көпшілік біле тұра осы жолғы оның елшілік дейгейіне дейін төмендеуін әркім әр саққа жүгіртті.

Мысалы, қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаев Н.Әбіқаевтың сенат төрағасы қызметінен босатылуынан қандай бір ши іздеудің қажеті жоқ деп санайды. Ол осы жоғары лауазымды қызметте өкінетіндей аз жыл істеген жоқ, енді президент тапсырмасымен Ресей секілді үлкен елде Қазақстанның атынан елші болу жауапты қызметін істесін, оған тәжіріибесі жетеді деген пікір білдірді ол.

Ал саясаттанушы «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім Қазақстанның билік рангісінде екінші тұлға саналған Н.Әбіқаевтың оп-оңай, теп-тез бұл лауазыммен қоштасып, жат елде елші болуға келіскені кімді де болсын таң қалдырарлық нәрсе дейді. Оның айтуынша, Н.Әбіқаевтың биліктен кетуіне екі түрлі нәрсе себеп болғандай.

«Біріншісі, ол қазіргі билікте ең жоғарғы билік мансабы үшін талас басталуға жақын, сондықтан ол осы екінші тұлға орнымен қоштасуға мәжбүр жағдайға барған болса, екіншісі, марқұм, белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты оның есімі көп айтылғандықтан оны әдейі алыстата тұру саясаты болуы да ықтимал болмақ. Қалайда бұл үлкен саяси ойынның бір түрі болды» дейді Дос Көшім.

Ал саясаткер «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының бас хатшысы Әміржан Қосановтың пікірінше, сенат төрағалығынан Н.Әбіқаевтың кетіп, оның орнына Қасымжомарт Тоқаевтың келуі - Қазақстан билігіндегі кландық топтар арасындағы шиеленістің басталғандығын білдіреді.

Бұған дейін Қазақстанның сыртқы істер министрі қызметін атқарып келген Қасымжомарт Тоқаевтың Сенат төрағасы болып сайлануын белгілі қоғам қайраткері Б.Тұрсымбаев дұрыс шешім болды деп атаса, саясаткер Ә.Қосанов бұны Қазақстандағы белгілі бір кландық топтың өкілі ретінде шығып отыр деген ой түйіндейді.

Ал Қазақстанның бұған дейін қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, президенттің көмекшісі қызметін атқарып келген Марат Тәжиннің Қазақстанның сыртқы істер министрі болып тағайындалуы да көп нәрсені аңғартады дейді Ә.Қосанов. Саясаттанушы Дос Көшім билік қазанында ауыс-түйіс жасау ойындарын жақсы меңгерген М.Тәжиннің сыртқы саясатқа қарай ойысуы, бұл Қазақстанның ОБСЕ секілді халықаралық ұйымдармен де алдағы уақытта белді шешпей, өз ұпайын бермей қатаң ойнауға көшетіндігін білдіреді деген пікір айтады.
XS
SM
MD
LG