Accessibility links

Нұртай Әбіқаев Қазақстандағы екінші тұлғаның бірінші тұлғаға айналуын заман көрсетеді дейді

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Бейсенбі күні Парламент Сенатына келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сенат төрағасы болған Нұртай Әбіқаевтың өзінің өтінішімен отставкаға кетуіне байланысты оның орнына Сыртқы істер министрі болған Қасымжомарт Тоқаевты Конституцияға сәйкес, сенат депутаттығына ұсынды. Ал сенат депутаттары Қасымжомарт Кемелұлыны бір ауыздан Сенат төрағасы етіп сайлады. Бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген Нұртай Әбіқаев өзіне қатысты өзгерістердің былтырғы Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты өзіне тағылған алып-қашпа әңгімелерге еш қатысы жоқ екендігін айтты.

Бейсенбі күні Парламент Сенатының жалпы отырысына келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев депутаттарға отбасылық жағдайына байланысты Сенат төрағасы болған Нұртай Әбіқаев қызметінен кету жөнінде өтініш бергенін мәлімдеді. Президент Әбіқаевтың өтінішін қабыл алып, оны өзінің тілегі бойынша дипломатиялық қызметке, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елші қызметіне тағайындағанын хабарлады. Ал Конституцияға сәйкес президент Нұртай Әбіқаевтың орнына осыған дейін Сыртқы істер министрі қызметін атқарған Қасымжомарт Тоқаевты сенат депутаттығына ұсынды. Президенттің ұсынысына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков қаулы шығарды.

Осыдан кейін Сенат депутаттары өздерінің орталарынан Анатолий Башмаковты Санақ комиссиясының төрағасы етіп сайлап, Сенат төрағалығына ұсынылған Қасымжомарт Кемелұлына жасырын дауыс берді. Дауыс берудің нәтижесін қорытындылаған Анатолий Башмаков 37 депутаттың түгелі Тоқаевтың кандидатурасын қолдап дауыс бергенін баян етті.

Сонымен Сенат төрағасы болып сайланған Қасымжомарт Тоқаев депутаттар алдында өзіне ұсынылып отырған жауапкершілікті ыждаһаттылықпен орындайтындығын мәлім етті:

– Мен үшін бұл үлкен құрмет, әрі жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Оның мәнін мен жақсы түсінемін және сіздің сеніміңізді ақтаймын деп ойлаймын. Қазір тарихи кезеңде жоғары палатаның алдында тұрған мақсаттар бір жағынан күрделі, сонымен бірге ерекше маңызға ие. Сондықтан барлық күш жігерімді осы мақсаттарға қол жеткізуге жұмсаймын.

Ал Ресейге Елші болып кетіп бара жатқан экс-спикер Нұртай Әбіқаев өзінің отставкаға кетуін отбасылық жағдайыма байланысты деп түсіндірді бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне.

Қазақстан Конституциясына сәйкес, Сенат төрағасы президенттен кейінгі екінші тұлға. Президент мерзімінен бұрын қызметінен кеткен жағдайда, ел басқару тізгіні Сенат төрағасына өтеді. Қазақстан билігінде екінші тұлға болып тұрып неге қызметінен кету жөнінде арыз бердіңіз деген журналистердің сұрағына Нұртай Әбіқаев төмендегідей жауап берді:

– Екінші адам, бірінші адам деген жәй сөз ғой. Бізде Конституциямызда солай жазылған. Бірақ екінші адам бірінші адам болады дегенді құдай біледі, біздің заманымыз біледі. Мен екінші адам екенмін деп жұмыс істеген жоқпын сенатта. Елімізде экономикалық, саяси, демократиялық реформалар жылдам жүріп жатыр. Солардың барлығын заңмен қамтамасыз ету керек. Заң болмаса ешқандай реформа жүрмейді. Өзім төрағалық еткен үш жылдың ішінде алдыма қойған мақсатымды орындадым деп санадым.

Экс-спикер өзінің отставкаға кетуін былтыр Қазақстанда орын алған қанды оқиға, белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімімен еш байланыстырмайды. Естеріңізде болса, өлімге тапсырыс беруші деп Сенат аппаратының басшысы болған Ержан Өтембаев тұтқындалған кезде, оның артында Сенат төрағасы Нұртай Әбіқаев тұр-мыс деген баспасөз беттерінде ақпарат тараған болатын. Нұртай Әбіқаев бұл алып-қашпа айыпты арандатушылық әрекет деп бағалап, шындықты өмір көрсетеді деді.

Ал Ресейге Елші болып бара жатқандығын Нұртай Әбіқаев Ресей мемлекеті біздің стратегиялық әріптесіміз, жаңа әлемдік даму алдында президенттің әлемдік масштабта тұрақтылық керек деген тапсырмасы бар деп түсіндірді.

Қазақстан билігінде орын алып жатқан өзгерістерді сенат депутаты Әбіш Кекілбай Қазақстанның демократиялық реформаға қадам басуы деп түсіндіреді:

– Соңғы екі-үш жыл Қазақстанда жүріп жатқан реформаның жаңа кезеңге келгендігін айғақтайтын жылдар болды деп есептейміз. Біздің елімізде белгілі реформаның қалыптасу кезеңі аяқталды. Ендігі реформа өзінің ішкі энергиясы бойынша, тарихи логикасы бойынша өрістейтін кезең келді. Осыған байланысты президенттің өткен жылғы Жолдауы бүгінгі болатын құбылыстарды қамтитын Жолдау еді. Сол үлкен шешімдердің нақты іске аса бастағанының старттық оқиғасы болып есептелетін жағдай.

Қасымжомарт Тоқаевтың Сенат төрағалығына келуін президенттің мұрагері деп есептеуге болады ма деген «Азаттық» радиосының сұрағына сенат депутаты Қуаныш Сұлтанов былай деп жауап берді:

– Сіз Конституцияға сүйеніп айтып тұрсыз ғой. Бірақ ол туралы ешқандай әңгіме жоқ. Біздің Қазақстан үшін ондай мәселе туып тұрған жоқ деп есептеймін.

Ал Қасымжомарт Тоқаевтың жеке басына былайша баға береді сенатор Қуаныш Сұлтанов:

– Өзіндік стилі бар, шығармашылық көзбенен қарайтын орнықты тұлға. Сенатқа дәл қазіргі уақытында келді деп есептеймін.
XS
SM
MD
LG