Accessibility links

Қазақстанда 5 жарым жыл бұрын құрылған ұлттық қор активтері 2007 жылдың 1 қаңтарына шаққандағы мәлімет бойынша 14 миллиард доллардан асты. Бұл туралы Астанада қаңтардың 11 күні Қазақстанның қаржы министрлігінің қазына комитетінің өкілі Гульсара Досқалиева хабарлады. Оның айтуынша бұл қаржының едәуір бөлігі шет елдік компаниялардың құнды қағаздарына салынады. Ал, жергілікті экономистердің кейбіреуі бұл қаржыға Қазақстанда жұмыс орындарын ашу керек деген пікірде.

Жергілікті экономистердің түсіндіреуінше Ұлттық қор дегеніміз ұлттық банкідегі үкіметтің есеп-шоттарындағы қаржы және мүлік активтері. Қазір ұлттық қорға мұнай саласындағы барлық кәсіпорын салықтары, тау-кен, өңдеу саласындағы кәсіпорындарды жекешелендіруден түсетін табыс және ауыл шаруашылық мақсаттағы жерді сатудан түскен ақша түседі. Бұрын қаржы аударып келген мұнай саласындағы кәсіпорындар 6 болса, қазір олар 55 болды деп хабарланып отыр. 2006 жылдың шілдесінен бастап мұнайдан түскен табыс бюджетке емес, ұлттық қорға түсетін болған. Бұл мемлекеттің өңдеу салаларына деген көңілін білдіреді, дейді қаржы министрлігінің өкілдері. Мақсат салық салынатын қорды кеңейту. Ресми ақпарат бойынша, ұлттық қордағы қаржының бір бөлігі ішкі нарықта. Ал, бір бөлігі шет елдік компаниялардың құнды қағаздарына салынған. Бұл қаржы саясатымен келіспей отырған, мамандығы экономист саясаткер Уалихан Қайсаровтың ойынша, Қазақстанның ұлттық қорындағы қаражат басқа елдің экономикаларын көтеріп жатыр.

- Қор қаржысы қазір Американың құнды қағаздарында екен. Оны Қазақстанның шағын не орта не ірі бизнесіне салса, қаншама жұмыс орындары болар еді.

Қазақстанның қаржы министрлігінің қазына комитетінің өкілі Гульсара Досқалиеваның айтуынша ұлттық қор қаржысын жергілікті экономикаға салған қауіпті:

- Тұрақты инструменттер болу керек. Егерде біздің Қазақстан экономикасындағы өзіміздің бағалы қағаздар ондай өтімді және төлемді болмаған жағдайда, біз шетелдік құнды қағаздарды таңдауға мәжбүр боламыз. Ұлттық қордың бір бөлігін шетелдік басқарушыларға беруге болады. Қазір санын айтсақ, 13 шет елдік басқарушы және ұлттық банк ұлттық қорды басқарып отыр.

Ал, саясаткер Дос Көшімнің айтуынша, мұнайдан түскен қаржыны ұлттық қорға мүлде салмаған жөн:

- Сырттан алатын тауарларды шектеу керек, осы байлықты пайдаланып. Бұл бір, екіншіден, осы ұлттық қорға күдікпен қарайтынымыз, ол мемлекеттік құпия сияқты. Ал, ұлттық қор бар басқа елдерде ол туралы ақпарат жарияланып тұрады.

Қазақстанның қаржы министрлігінің қазына комитетінің өкілі Гульсара Досқалиеваның айтуынша қазір ақпараттандыру саласындағы жағдай өзгерген:

- Қазіргі күнде біз бұл ақпаратты апта сайын жариялап отырамыз. Енді шет елдерде қандай күйде тез жарияланып тұғанын, оған дейін біз неге жиі жариялап тұрмадық, ол жөнінде мен ашып айта алмаймын. Бірақ, қазір сіз күн сайын қаржы министрлігінің ресми сайттарынан көрулеріңізге болады.

Ресми мәлімет бойынша Қазақстанда ұлттық қор жасалған кезде, Норвегияның тура осындай қаржы институты үлгіге алынған. Қазір, бұл екі қордың үлкен айырмашылығы бар. Норвегиялықтар табысты көп әкелетін бірақ қатері басым құралдарды қолданады. Олар, қаржысының едәуір бөлігін акцияларға салады. Ал, Қазақстан көбінесе облигациялармен жұмыс істейді, деп хабарланып отыр. Ұлттық банк мәліметінше, қазақстандық ұлттық қор қаражатының 75 пайызы облигацияларға салынған және тек 25 пайызы ғана акцияларда. Оның сыртында, ресми мәлімет бойынша Ұлттық қор қаржысын тек даму бағдарламаларына жұмсауға болады. Оның ішінде мектеп, аурухана, жол және су құбырларын салуға кететін қаржы бар. Шығындардың ішінде ұлттық қордың өз шығыны бар. 2006 жылы бұл көрсеткіш 919 миллион теңге болды, деп хабарланып отыр.
XS
SM
MD
LG