Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.12.2007 жыл


Жұма күні жарық көрген басылымдарда жаңа жыл қарсаңында Қазақстан үкіметі Қаражанбас мұнай кен орнын Қытайлық CITIC Group инвестициялық компаниясына сату жөніндегі келісім шартты мақұлдағаны жөнінде сөз болады. Сондай-ақ, газет беттерінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы биыл әрбір 30-40 жылда қайталанатын пандемия тұмауының қаупі бар екенін ескертетіні айтылады.

«Деловая неделя» басылымының жазуынша, «Қаражанбасмұнай» Акционерлік Қоғамын сатып алған Қытай Канадамен саудаласып болған соң, өзі сатып алған «тауарды» Қазақстанға сатуы мүмкін. Жалпы көптеген сарапшылардың пікірінше, шетелдерден қымбат кен орнын сатып алу арқылы Пекин бір оқпен екі қоянды атып отыр. Біріншіден, халықаралық саудадағы теңсіздік қысқарады, екіншіден Қытай өзінің мұнайға деген қажеттіліктерін қанағаттандырады. Бұған қоса, мұнай арнзандауы мүмкін деген болжамдарға қарамай, қара алтынның кен орнын сатып алған Қытай мұнайөндіруші елдердің мүддесін қорғап отыр. Бірақ, аспанасты елінің сұранысы мұнай құнының өсуіне немесе немесе келешекте қара алтын бағасының тұрақталуына мүмкіндік береді деп жазады «Деловая неделя»

Ал, «Новое поколение» апталығы «Қаражанбас» кен орнының Қытайға сатылуына алаңдаудың қажеті жоқ деп пайымдайды. Өйткені, бұл саудадан елдегі ең ірі «ҚазМұнайГаз» компаниясы ұтып отыр. Ұлттық компания Қаражанбастың саудаға шыққан активтерінің тең жартысына жуығын иемденбек. Яғни Қытайдың СІТІС компаниясы Қаражанбас кен орнын иеленгенімен, шарт бойынша, келешекте оның жартысын «ҚазМұнайГазға» қайта сататын болады. Дегенмен, басылымның жазуынша, елдегі мұнайөндіруші кен орындары үш ірі ойыншының қолында. Біріншісі Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы, екіншісі Қазақстанның Ұлттық компаниясы және үшіншісі «ЛУКОЙЛ» деп жазады «Новое пококление».

Ал, «Республика» басылымы, Ақтөбе облысындағы қытайлық инвесторлардың жөнсіздіктері жөнінде айтыпты. Газеттің дерегінше, қытайлықтардың иелегіндегі «Ақтөбемұнайгаз» компаниясына қарасты Кеңқияқ, Қандыағаш кен орындарында қазақстандық жұмысшылардың хұқығы бұзылуда. Бірақ, жергілікті жұмысшылар шағым жазуға қорқады. Өйткені, мұндай жағдайда олар жұмыстан қуылады. Ал, ауылдық жерде жұмыс табу өте қиын. Ешқандай шетелдік инвестор бөтен елдің өркендеуі үшін үлес қоспайды дей келе «Республика» апталығы, ең дұрыс шешім, «Ақтөбемұнайгаздың» мемлекеттік акциясын сатып алу қажет деген ұйғарым жасайды.

«Айқын» басылымы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, биыл әрбір 30-40 жылда қайталанатын пандемия тұмауының қаупі бар екенін жазыпты. Жүргізілген зерттеулерге қарағанда, Қазақстанда А типті вирус түрінің асқынуы мүмкін. Алматы қалалық денсаулық сақтау департаментінің директоры Зәуреш Аманжолованың айтуынша, биылғы тұмаудың бірнеше ерекшеліктері бар. Ең бірінші, ағзаның қатты улануына әкеп соғады. Әсіресе, жүректі әлсіретіп, жүйкені зақымдайды деп жазады «Айқын».

Ал, «Комсомольская правда» газеті тұмау өткен жылдың қазан айында басталғанын жазыпты. Ал, қаңтар айы басталғалы ресми дерек бойынша, Алматыда тек 53 адам тұмауға шалдыққан. Оның 70 пайыздайы 14 жасқа дейінгі балалар. Дегенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, Алматыда қаңтар айында тұмау індеті басталып, наурыз-сәуір айларына дейін жалғасады деп жазады «Комосмольская правда»

Ал, «Караван», тұмаудың алдын алуға бола ма деген сауалға жауап іздейді. Дәрігерлердің айтуынша, қазірдің өзінде тұмауға қарсы вакцина егуге әлі кеш емес. Ал адам ағзасының тұмауға қарсы тұру мүмкіндігін арттыру үшін дәрумендер әсіресе С витаминін қолданған жөн. Яғни, лимон, анар секілді жемістерді көбірек жеу қажет. Сондай-ақ дәрігерлер, қоғамдық орындардан мүмкіндігінше алыс болуға және таза ауада көбірек серуендеуге кеңес береді деп жазады «Караван» басылымы.

Дәрігерлер, жаппай тұмауға шалдығу науқаны әлі басталған жоқ десе де, Оңтүстік Астанада әрбір бесінші адам тұмауратып жүргенін байқауға болады деп жазады «Новое поколение» апталығы. Басылымның болжамынша, мамандар келуі мүмкін деп қауіптенген пандемия індеті басталып та кеткен секілді. Апталықтың дерегінше, кейбір мекемелердің тоқсан пайыз қызметкерлеріне тұмау тиген. Әсіресе Алматы мен Астанада жағдай қиын. Сондай ақ Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында да тұмауға шалдыққандар өте көп деп жазады «Новое поколение» газеті.
XS
SM
MD
LG